Кітапхана шаңырағында руханият пен әдебиеттің шырағын жаққан «Өлкенің сөз зергер қаламгері» атты әдеби-сазды кеш өтті. Қостанай өңірінің қалам тербеген майталмандары мен өскелең ұрпақты тоғыстырған бұл шара өлке тарихы мен әдебиетіне құрмет көрсетудің жарқын үлгісі болды.
Кешке №8 жалпы білім беретін мектептің 7-сынып оқушылары мен ұстаздары, сонымен қатар «Кездесу» клубының мүшелері – белгілі қаламгерлер Жаңбыршы Тұқатұлы, Сүндет Убайтұлы және Мүслима Нұрғалиқызы, Күлаш апайымыз қатысты.
Салтанатты кеш төрт маңызды бөлімнен құралып, әр бөлімі өзінше бір әлемге есік ашты.
Құтты мекен, кіндік қан тамған жер
Кештің шымылдығы туған жерге деген сүйіспеншілікпен ашылды. Бұл бөлімде Қостанай облысының мақтаныштары, қадірлі қонақтар таныстырылды. Сонымен қатар, ел өміріндегі елеулі саяси оқиға – 2026 жылғы 20 қаңтардағы Конституцияға енгізілген өзгерістер туралы сөз қозғалып, құқықтық сауаттылық пен жаңа Қазақстанның бағыт-бағдары айтылды. Қаламгерлермен жүргізілген алғашқы сұхбат барысында ақындар өздерінің жүрек жарды арнауларын оқып, тыңдарманды поэзия әлеміне жетеледі.
Сөз – тағдыр, қалам – мұрат
Екінші бөлімде сөз құдіреті паш етілді. Оқушылар өлке қаламгерлерінің жырларын мәнеріне келтіре оқып, ақындарға деген құрметтерін көрсетті. Кештің ажарын ашқан Шамшия Қайыркенова Қасымқайыр Қазыбайұлының сөзіне жазылған «Рудный» және Жаңбыршы Тұқатұлының сөзіне жазылған «Жан жарым» әндерін шырқап залдағы көрерменнің көңілін толқытып, сазды кештің шырайын кіргізді.
Жүректен жүрекке және Ашық микрофон
Бұл кезеңде қаламгерлердің замандастары ақ тілектерін арнап, жылы лебіздерін білдірді. Ал «Ашық микрофон» айдары оқушылар үшін нағыз еркіндік алаңына айналды. Балалардың қойған сауалдарына қаламгерлер ашық әрі тұщымды жауап берді. Әсіресе, «Жазу үстеліне отырғанда сіздер үшін ең қиыны не: бастау ма, әлде соңғы нүктені қою ма?» деген мазмұнды сауал қаламгерлерді де толғандырып, шығармашылықтың тылсым сырларына үңілдірді.
Ақ жол, ақ тілек
Қорытындылай келе кітапхана меңгерушісі Гұлбараш Құттықожақызы сөз алып, кеш қонақтарын құттықтап, естелік сыйлықтар табыс етті. Шара барысында Дүйсенбайтегі Қасымқайыр Қазыбайұлының «Қош бол, өмір» атты жаңа кітабы салтанатты түрде таныстырылып, көрмедегі өзге де қаламгерлердің туындыларына шолу жасалды.
Кеш соңында ардақты қаламгерлер өскелең ұрпаққа ақ баталарын беріп, оқушылардың болашағына сәттілік тіледі. Бұл кездесу оқушылардың санасына отансүйгіштік нәрін сеуіп, туған өлкенің әдебиетіне деген қызығушылығын оятқан ерекше оқиға ретінде есте қалды.
Айнагүл ШАЙМЕРДЕНОВА, «Рудныйдың ОКЖ» ММ Мемлекеттік тілдегі кітапхананың кітапханашысы