Қостанай облысында ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кейінгі жылдары аграрлық сала өңір экономикасының негізгі драйверлерінің біріне айналып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруда.
2025 жылы облыста ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 15,7 пайызға артты. Бұл нәтижеге мемлекеттік қолдау шаралары, инвестициялық жобаларды іске асыру, агротехнологияларды жаңарту және заманауи цифрлық шешімдерді енгізу арқылы қол жеткізілді. Өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталған субсидиялау тетіктері мен жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары да оң әсерін тигізуде.
Өңірде мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Соның ішінде сүт өндірісін арттыруға бағытталған ірі инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда облыста заманауи өнеркәсіптік үлгідегі сүт-тауар фермалары іске қосылып, жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізуде.
Өткен жылы облыста 7 заманауи өнеркәсіптік сүт-тауар фермасы пайдалануға берілді. Бұл фермалар озық еуропалық технологиялармен жабдықталған және өндірістік процестер толық автоматтандырылған. Мұндай кәсіпорындар еңбек өнімділігін арттырып, өндірілетін өнімнің өзіндік құнын төмендетуге және сүт сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар биыл тағы 5 сүт-тауар фермасын іске қосу жоспарланып отыр. Аталған жобалардың жүзеге асуы нәтижесінде ұйымдастырылған шаруашылықтардағы сүт өндірісі екі есеге жуық өсіп, 75 мың тоннадан 152 мың тоннаға дейін ұлғаяды деп болжануда. Бұл ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету үлесін арттыруға және импортқа тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.
Сүт өндірісінің артуы өңірдегі қайта өңдеу өнеркәсібінің дамуына да оң әсер етеді. Жергілікті сүт өңдеу кәсіпорындары сапалы шикізатпен тұрақты қамтамасыз етіліп, өндіріс көлемін ұлғайтуға және өнім түрлерін кеңейтуге мүмкіндік алады. Нәтижесінде қосылған құны жоғары өнім өндіру үлесі артады.
Сонымен қатар облыста азық-түлік өнеркәсібін дамытуға бағытталған ірі жобалардың бірі – «Кондитер астанасы» фабрикасының құрылысы аяқталу сатысына жетті. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін Қостанай облысы еліміздегі кондитерлік өнім өндіретін жетекші өңірлердің біріне айналады.
Кәсіпорынды іске қосу биылғы жылдың екінші тоқсанына жоспарланып отыр. Жаңа фабрика түрлі кондитерлік өнімдер шығарып, ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жоба өңірдегі шағын және орта бизнес субъектілерімен кооперацияны дамытып, жергілікті шикізат өндірушілерге жаңа өткізу нарықтарын ашады.
Жаңа өндірістерді дамыту барысында кадр мәселесіне де ерекше назар аударылуда. Өңірде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту, өндіріс орындарының нақты сұраныстарына сай мамандар даярлау және дуальды оқыту тетіктерін енгізу бойынша кешенді жұмыстар атқарылуда.
Қазіргі таңда жаңа кәсіпорындарда жұмыс істейтін қызметкерлердің 55–70 пайызы – өңірдің колледждері мен жоғары оқу орындарының жас түлектері. Бұл жастарды жұмыспен қамту деңгейін арттыруға, олардың кәсіби тәжірибе жинақтауына және өңірдегі кадрлық әлеуетті нығайтуға үлкен мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешенін дамыту ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға ықпал етуде. Жаңа өндірістердің ашылуы ауыл тұрғындары үшін тұрақты жұмыс орындарын құрып, ауыл инфрақұрылымын дамытуға серпін береді.
— Өткен жылы облыстың ауыл шаруашылығы кәсіпорындары 91 мың тоннадан астам картоп пен көкөніс өндірді. Өнімді дұрыс сақтау ұйымдастырылған жағдайда, бұл көлем келесі егін жиналғанға дейін облыс тұрғындарының сұранысын толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Соған қарамастан, тауар өндірушілер өнімдерін күз мезгілінде-ақ облыстан тыс жерлерге сатуда. Оның негізгі себебі – климаттық бақылау жүйесімен жабдықталған заманауи сақтау қоймаларының тапшылығы. Осындай қоймалар болған жағдайда өнімді көктемге, тіпті жаздың басына дейін сақтап, картоптың әр килограмын 50–100 теңге аралығындағы тиімді баға айырмасымен сатуға болар еді, – деп атап өтті өңір басшысы.
Осылайша, ауыл шаруашылығының қарқынды дамуы, қайта өңдеу саласының нығаюы, жаңа өндірістердің іске қосылуы және білікті мамандар даярлау Қостанай облысының экономикалық өсіміне, инвестициялық тартымдылығының артуына және өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына маңызды үлес қосып келеді.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды