Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов көктемгі су тасқыны кезеңі қарсаңында Қостанай қаласы көшелерін қардан уақытылы әрі сапалы тазарту жұмыстарының барысымен танысты.
Қыс мезгілінде қаладан 313 мың тонна қар шығарылды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 есе көп (95 мың тонна). Негізгі жүктеме 5 қар полигонына түсуде. Қазіргі уақытта олардың толу деңгейі 60%-дан 90%-ға дейін жетіп отыр.
Қостанай-2 ауданында су басуы ықтимал 44 тұрғын үй орналасқан. Аталған аумақтан 40 мың тоннадан астам қар шығарылып, қар шығару және су өткізу арналарының өткізу қабілетін арттыру жұмыстары жалғасуда.
«Қазіргі уақытта біздің басты міндетіміз – көшелерден, аулалардан, жол қиылыстарынан және еріген қар суы жиналу қаупі бар аумақтардан қарды шығаруды барынша жеделдету. Еріген судың еркін ағуы үшін суағарларды, арықтарды және су бұру арналарының тазалығына ерекше назар аудару қажет», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Еріген қар суын өткізу үшін жалпы ұзындығы 110 км суағар жүйесі жұмыс істейді, оның 4,9 шақырымы Қостанай-2 ауданында орналасқан. Сонымен қатар суды Тобыл өзеніне бағыттауды қамтамасыз ететін 5 гидротехникалық нысан бар. Мамандар су деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізіп, тәуекел аймақтарында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруда.

«Жұмыстар жүйелі түрде және күшейтілген режимде жүргізілуі тиіс. Барлық қажетті техниканы жұмылдыру, тәулік бойы бақылау ұйымдастыру және проблемалық учаскелерге жедел әрекет ету маңызды. Бұл жұмыстың тиімділігі тұрғындардың қауіпсіздігіне, қалалық инфрақұрылымның үздіксіз жұмысына және қаланың көктемгі кезеңге дайындығына тікелей әсер етеді. Біздің міндетіміз – қаланы көктемге толық дайын күйде қарсы алып, су басу қаупін болдырмау үшін барлық қажетті шараларды қабылдау», – деді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.
Қар шығару жұмыстары мердігер ұйымдар тарапынан күшейтілген режимде жүргізілуде. Атап айтқанда, «КапиталГруппСоюз» ЖШС тәулік бойы жұмыс істеуде. Жұмысқа 18 бірлік арнайы техника тартылған.
Сонымен қатар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі академиясының 80 курсанты, сондай-ақ Жастар ресурстық орталығының 50 еріктісі жұмылдырылды. Олар аулаларды қардан тазарту, қаптарға құм толтыру, су өткізу арналары мен арық жүйелерін ашу, сондай-ақ халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуге қатысуда.
Жалпы, көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында қала бойынша инертті материалдар қоры дайындалып, арнайы техника резерві жасақталды. Жауапты қызметтер тәулік бойы күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды