Тобыл қаласында тың жобалар

19 марта 2026 8:10 • 156 просмотров

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қостанай ауданына жұмыс сапарымен барды. Онда жүзеге асып жатқан шағын кәсіпкерлік нысандарын аралады. Тобыл қаласында тамақ өңдеу саласында тың жобалар бар.

Мемлекет Басшысының үш жыл ішінде агроөнеркәсіптік кешендегі қайта өңделген өнім үлесін 70%-ке дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасы облыста кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл бағытта өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, сақтау инфрақұрылымын дамыту және инвестициялық жобаларды іске қосу бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.

«2024 жылы «Костанай бекіресі» серіктестігі жүзеге асырған жоба аясында 15 тонна бекіре балығы өндірілді. Бұл облыс тұрғындарының аталған балық түріне деген сұранысының 35%-ін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Еліміздің солтүстік өңірлерінде баламасы жоқ бұл жоба азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және балық шаруашылығын дамытуға серпін береді», – деді облыс әкімі.

Қазіргі уақытта серіктестік форель өсіру фермасын, оны өңдеу цехын және өнімді сақтауға арналған заманауи тоңазытқыш қоймасын салу жобасын жүзеге асыруда. Жобаны іске қосу жаңа жұмыс орындарын ашуға, өңірдегі балық өнімдерінің түрлерін көбейтуге және импорт үлесін азайтуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы өз тапсырмаларында азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтаудың заманауи инфрақұрылымын құру қажеттілігін бірнеше рет атап өткен болатын.

Заречный ауылында «Халық Агро КСТ» ЖШС сыйымдылығы 5,2 мың тонналық, микроклимат және желдету жүйелерімен жабдықталатын көкөніс сақтау қоймасының құрылысын бастады. Жоба көкөніс өнімдерін жыл бойы сақтауға, маусымаралық кезеңде бағаның күрт өсуіне жол бермеуге және өңірдің азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар серіктестік өз қаражаты есебінен жеміс сақтау қоймасын, өнімді өңдеу, жуу және брендтеу цехын, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне арналған әлеуметтік қойма салуды жоспарлап отыр. Бұл жобалар жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға, өнімнің қосылған құнын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда облыс бойынша жалпы сыйымдылығы 87 мың тонна болатын қоймалар жұмыс істейді. Оның ішінде 46,5 мың тоннасы ғана климаттық бақылау жүйелерімен жабдықталған. Осыған байланысты өңірде заманауи көкөніс және жеміс сақтау инфрақұрылымын жаңғырту, қоймалардың сыйымдылығын арттыру және оларды автоматтандырылған температуралық бақылау жүйелерімен жабдықтау жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады.

Жалпы алғанда, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытындағы инвестициялық жобаларды іске асыру өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, импортқа тәуелділікті азайтуға, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға және өңір экономикасының өсуіне оң әсерін тигізеді.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды