Мемлекет Басшысы денсаулық сақтау саласы еліміздің жаңару сатысындағы негізгі бастамаларының бірі болып қалатынын атап өткен болатын. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Қостанай ауданының Заречный кентінде салынып жатқан емхана құрылысын тексерді.
Бұрын Қостанай аудандық емхана ескі, әрі дәрігерлер мен тұрғындар үшін жайсыз болды. Қазіргі таңда аудандық емхана бейімделген ғимараттарда орналасқан. Сол себепті, Заречный ауылында 250 адам қабылдауға арналған жаңа емхананың құрылысы аяқталуға жақын. Жаңа емхана бастапқы қабылдаудан бастап кешенді диагностикаға дейінгі амбулаториялық көмектің толық циклін қамтамасыз етеді.
Ағымдағы жылы облыстың денсаулық сақтау саласына 129,4 млрд теңге қаржы бөлінді, бұл 2022 жылға қарағанда 1,6 есеге жоғары.
Бүгінгі таңда облыста 440 медициналық ұйым жұмыс істейді. Маңызды мәселелердің бірі – ауылдық жерлерде сапалы медициналық қызмет көрсету. Облыс халқының 36%-ын немесе 296 мыңнан астам адамды ауыл тұрғындары құрайды.
Соңғы 3 жылда ауылдық жерлерде 34 бастапқы медициналық көмек нысаны салынды, оның ішінде 11 нысан сіздің ауданда орналасқан. Олар ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) аппараттарымен, зертханалармен, оңалту жабдықтарымен және физиотерапиялық аппараттармен жабдықталған. Бұрын мұндай мүмкіндіктер ауыл деңгейінде болмаған.
Қостанай аудандық ауруханасы 51 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді. Бір өкініштісі, аурухана мекемесі қазіргі орналасқан ғимаратты 1999 жылдан бері жалға алып келеді. Аталған қызметке жыл сайын бюджеттен 150 млн теңге кетеді. Жалға алынған нысанның іші тар. Бір кабинетте 3–4 дәрігер кезектесіп пациенттерді қабылдап, жайсыз жағдайда еңбек етуде. Ақ халаттылар бұдан былай аталған қолайсыздықпен қош айтысатын болды.

Бүгінде Қостанай ауданының Заречный ауылында 250 адам қабылдауға арналған емхананың құрылысы жүргізіліп жатыр. Жобаның құны – 3,3 млрд теңге.
Жалпы ауданы 4,7 мың шаршы метрді құрайтын үш қабатты емхана рентген аппаратымен, флюорографпен, маммографпен, ультрадыбыстық диагностика аппаратымен, ЛОР-комбайнмен, стоматологиялық қондырғымен, биохимиялық анализатормен жабдықталады.
«Медицина мекемесіне тиесілі нысанның болмауы дұрыс емес. Сондықтан үш жыл бұрын жаңа құрылыс жөнінде шешім қабылданды. Мінекей, құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Бір жарым айдың ішінде толығымен бітіп, жаңа емхананың ғимараты пайдалануға беріледі. Салынып жатқан емханада әр дәрігердің жеке кабинеті болады. Келушілерге ыңғайлы жағдай жасалады. Бұл қадам медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға әсер ететіні сөзсіз», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Жаңа емхана бастапқы қабылдаудан бастап кешенді диагностикаға дейінгі амбулаториялық көмектің толық циклін қамтамасыз етеді.
Мұнда кардиологтар, хирургтар, онкологтар, невропатологтар, эндокринологтар және басқа да бейінді мамандар кең ауқымда қабылдау жүргізеді, сонымен қатар балаларға ерекше көңіл бөлінеді.
Емхана келесі функционалдық бөлімдерге бөлінеді: келушілерге арналған жалпы орындар; жалпы дәрігерлік практика бөлімі; оңалту бөлімшесі бар күндізгі стационар;
консультациялық-диагностикалық көмек бөлімі; зертхана, биохимиялық бөлім; жалпы қызметтік бөлмелер; функционалдық диагностика; ультрадыбыстық зерттеу кабинеті; рентген-флюорографиялық және рентген-маммографиялық кабинеттер; орталық стерилизация бөлімі. Бұл мекемеде шамамен 300 адам жұмыс істейтін болады.
Айта кету керек, қазіргі уақытта емхана бейімделген ғимараттарда орналасуға мәжбүр. Жаңа емхананың пайдалануға берілуі халыққа медициналық қызметтерді қолжетімді етіп, облыс орталығына бару қажеттілігін азайтады.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды