Қостанай ауданында 50-ден аса отбасы баспаналы болды. Пәтер кілттері жаңадан салынып жатқан «Астана» шағын ауданынан берілді. Салтанатты рәсімге Қостанай облысы әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов қатысты.
Бұл шағын аудан жаңа дамып келе жатқан тұрғын үй кешендерінің бірі. Соңғы жылдары мұнда бірнеше көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеріп, инфрақұрылымы қарқынды. Осы ретте табысталған пәтерлер толық әрленген күйде берілді.
«Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында біздің облысымызда, Қостанай ауданының «Астана» шағын ауданында өте маңызды әрі қуанышты оқиға болып отыр. Мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асып жатқан тұрғын үй құрылысының жемісін көріп, жаңа пәтерге қол жеткізіп отырсыздар. Наурыз – жаңарудың, жаңа бастамалардың, бірлік пен берекенің мерекесі. Бүгінгі күні осы мерекемен қатар, ондаған отбасы үшін өмірдегі жаңа кезең басталып отыр. Көпбалалы аналар, мүгедектігі бар азаматтар, ұзақ жылдар баспана кезегінде тұрған отбасылар – енді өз шаңырақтарына қоныстанады. Бұл – мемлекеттің халыққа деген қамқорлығының, әлеуметтік әділеттіліктің нақты көрінісі», – деді облысы әкімінің орынбасары.
Баспана жеңілдетілген ипотекалық қарыздар арқылы берілуде. Аудандағы № 2, 6, 8 және 10-шы үйлерден пәтерлер табысталды. Көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар мен тұрғын үй жағдайын жақсартуды қажет ететін басқа да санаттағы тұрғындар алды. Мейрам күні қуанышы еселенген отбасының бірі – Тасбергеновтер отбасы.
«2023 жылдан бері үй кезегінде тұрып келген едік. Биыл сәті түсіп, төртінші қызымның арқасында үш бөлмелі пәтерге қол жеткізіп отырмыз. Яғни, кейінгі балам өмірге келген соң, көп балалы отбасы ретінде тіркелдік. Қуанышымызда шек жоқ. Жылдық мөлшерлемесі 2 пайызбен. Жеңілдікті сезіп жатырмыз. Бөлмелері кең, жарық. Өзім жиһаз істеумен айналысамын, сол себепті ол жағынан мәселе жоқ», – дейді пәтер иесі Медет Тасбергенов.
Бүгінгі уақытта шағын ауданның инфрақұрылым нысандары да салынып жатыр. Мәселен, шағын ауданда жаңа өрт сөндіру бөлімінің құрылысы басталып, қазіргі уақытта іргетасын құю жұмыстары жүргізілуде, нысанды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды