Наурыз мейрамы қарсаңында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Қазақстан Республикасы Президенті атынан ел өміріндегі қоғамдық жұмыстарға елеулі үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградалар тапсырды. Бұл – жерлестеріміздің еңбегіне берілген жоғары баға әрі қоғам алдындағы жауапкершіліктің айқын көрінісі.
— Бүгін біз ел өміріндегі осы маңызды науқанға үлес қосқан азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттаймыз. Бұл – сіздердің еңбектеріңізге берілген жоғары баға әрі қоғам алдындағы жауапкершіліктің белгісі. Республикалық референдум қорытындысы – еліміздің дамуындағы тарихи кезең болды. Жаңа Конституцияны қабылдауға 7,9 млн азамат дауыс берді. Дауыс беруге 9,1 млн адам, яғни азаматтардың 73,12%-ы қатысты. Рекордтық деңгейдегі жоғары қатысу көрсеткіші тіркелді. Осылайша, Қазақстан халқы шын мәнінде тарихи таңдау жасап, мемлекеттің одан әрі даму бағытын айқындап, оның болашағының берік негізін қалады. Мемлекет басшысы атап өткендей: «Қазақстан азаматтары бірліктің, ынтымақтың, патриотизмнің және Отан тағдырына деген жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетті. Көпшілік Прогресс, Әділеттілік, Заң және Тәртіп жолын таңдады». Соның ішінде, Қостанай облысы тұрғындарының белсенді ұстанымын ерекше атап өткен жөн: мұнда дауыс беруге қатысу деңгейі 81,08%-ды құрады, ал дауыс берушілердің 89,74%-ы ұсынылған өзгерістерді қолдады. Бұл өңір халқының жоғары азаматтық жауапкершілігін және ел тағдырына бейжай қарамайтынын көрсетеді, – деп атап өтті өз сөзінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Сонымен, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 16 наурыздағы Жарлығына сәйкес мына азаматтар марапатталды: Денисов ауданы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ирина Важничая, «Өңірлік коммуникациялар қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ержан Қожабеков, «М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университеті» жеке мекемесінің президенті Рихсибай Мамедов, «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамның проректоры Нұрлыхан Темірбеков, «Қостанай облысының «ГрИн» Азаматтық Альянсы» қоғамдық қорының басшысы Динара Өтебаева «Құрмет» орденімен марапатталды.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды