Қар суынан қатер жоқ

2 апреля 2026 8:36 • 164 просмотров

Су тасқыны кезеңінің басталуына байланысты Қостанай облысында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Қазіргі таңда өңірдегі гидрологиялық жағдай тұрақты және толық бақылауда. Бұл туралы аймақ басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

Мамандардың мәліметінше, сыйымдылығы 1,4 млрд текше метрді құрайтын екі ірі су қоймасының толу деңгейі шамамен 70%-ке жеткен. Бұл көктемгі еріген қар суын қауіпсіз өткізуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта облыс аумағында елді мекендерді су басу немесе аумақты су шаю фактілері тіркелген жоқ.

Аймақтағы ахуалды тұрақты бақылау мақсатында облыс басшылығы тәуекелі жоғары аудандарды аралап, дайындық жұмыстарын тексеруде. Соның ішінде Қарасу ауданында тасқын судың алдын алу үшін барлық қажетті шаралар қабылданған.

Су басу қаупі бар учаскелердің бірі – Қарамырза ауылында жағдай тұрақты. Өткен жылы көктемгі кезеңде 56 аулада қорғаныс бөгеттері орнатылған болатын. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, ауыл аумағы қосымша нығайтылды. Инженерлік қорғаныс шараларының нәтижесінде елді мекеннің қауіпсіздігі қамтамасыз етілуде.

Сонымен қатар, Тімтуір өзеніндегі бірінші және екінші деңгейдегі гидротехникалық құрылыстар тексеріліп, олардың техникалық жағдайына ерекше назар аударылды. Нөпір суды еркін өткізу және су басудың алдын алу мақсатында 2025 жылы аталған нысандарға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл өз кезегінде жақын маңдағы аумақтарды су тасқынынан қорғауға мүмкіндік берді.

Қазіргі уақытта өңірде барлық жауапты қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Арнайы техника, инертті материалдар қоры және эвакуациялау құралдары дайындалған. Төтенше жағдайлар қызметі, жергілікті атқарушы органдар және еріктілер тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, жағдайды жіті бақылауда ұстап отыр.

Мамандардың болжамынша, алдағы бірнеше күн ішінде су деңгейі біртіндеп төмендеп, жағдай толық тұрақтанады. Дегенмен, қауіпсіздік шаралары әлсіретілмей, барлық жұмыстар жоспарлы түрде жалғасады.

Жалпы алғанда, қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде Қостанай облысында көктемгі су тасқыны кезеңін қауіпсіз өткізуге барлық жағдай жасалып отыр. Басты мақсат – тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғау, сондай-ақ елді мекендердің қалыпты тіршілігін қамтамасыз ету.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды