ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен Қостанай облысына келді. Агроөнеркәсіп саласында атқарылған жұмыстармен, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалармен танысып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мәселелерін талқылады.
Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өңірдің агроөнеркәсіп кешеніндегі бірқатар негізгі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Олардың қатарында Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан «Надеждинка» ЖШС-нің 1000 басқа арналған сүт – тауарлы фермасы бар. Жобаның құны 4,2 млрд теңге. Нысан ағымдағы жылдың қыркүйек айында пайдаға берілмек. Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы жылына 7,5 мың тонна сүт өндіруге жетеді. Жобаны іске асыру шикі сүт өндірісін арттыруға, қайта өңдеу қуаттарын жүктеуді қамтамасыз етуге және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды нысан – «Баян Сұлу» кәсіпорны «Кондитерлік астана» кешені жобасын іске асыруды жалғастыруда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорынның өндіріс көлемі 42,2 мың тоннаны құрап, 47,1 млрд теңгеге жетті. Жаңа кешен өндірістік қуатты кеңейтуге, компанияның экспорттық әлеуетін нығайтуға бағытталған.
Одан әрі Айдарбек Сапаров «Милх» серіктестігінде ірімшік өндіру цехының жұмысымен танысты. 1997 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын өңірдегі сүтті қайта өңдеуші жетекші кәсіпорындардың бірі саналады. Өндірістік қуаттылығы жылына 40 мың тонна дайын өнімді құрайды. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 38 мың тонна сүт өнімдері өндірілді, 100-ден астам атау түрлерін қамтиды.
Сапар барысында аквамәдениетті дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. «Қостанай бекіресі» серіктестігі құны 978 млн теңге болатын балық өсіру шаруашылығын салу жобасын қолға алуда. Нысанды 2028 жылы пайдаға беру жоспарланған. Жылына 50 тоннаға дейін форель өсіру, 2 млн данаға дейін өсімдік қоректі балықтардың шабағын өндіру, тәулігіне 1 тоннаға дейін өнімді қайта өңдеу, сондай-ақ сыйымдылығы 500 тоннаға дейін мұздатқыш инфрақұрылымын құру көзделген.
Айдарбек Сапаров инвестициялық жобаларды іске асыру агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуын, оның технологиялық деңгейі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі көрсеткіші екенін атап өтті.
«Бүгінде тек ғана өндіріс көлемін арттыру емес, сонымен қатар қайта өңдеуді дамыту, қосылған құны жоғары өнім өндіру және тұрақты өндірістік тізбектер қалыптастыру маңызды. Мұндай жобаларды іске асыру ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің табысын арттыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді», – деді министр.
Жалпы алғанда, өңірдегі қолға алынып жатқан жобалар экономиканы әртараптандыруға, қайта өңдеу секторын дамытуға және Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Қостанай облысына жұмыс сапары аясында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесу өткізді.
Кездесу «Надеждинка» серіктестігінде базасында өтті. Онда министр аграршыларға қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары мен саладағы негізгі жаңашылдықтар туралы ақпарат берді.
Екінші жыл қатарынан фермерлер ауыл шаруашылығы саласының тұрақтылығы мен тиімділігін дәлелдей отырып, жоғары нәтижелер көрсетіп келе жатқаны айтылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 5,9%-ға өсіп, 9,8 трлн теңгені құрады.
Жүйелі шаралардың, оның ішінде заманауи агротехнологияларды кеңінен енгізу мен жеңілдетілген қаржыландыру көлемін арттырудың арқасында былтыр дәнді, майлы және бұршақты дақылдардан мол өнім жиналды. Бұл ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етіп, экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Мәселен, 2024–2025 ауыл шаруашылығы маусымында астық экспорты 15,3 млн тоннаға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 60%-ға артты. Бұл – соңғы 20 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
«Мемлекет басшысы айқындаған даму бағыты мен Үкіметтің қолдауының арқасында бүгін біз осындай нәтижелерге қол жеткіздік. Биыл егіс алқаптарын әртараптандыру жалғасады. Ел бойынша жалпы егіс көлемі шамамен 23,8 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық. Бидай алқаптарын кезең-кезеңімен 12,1 млн гектарға дейін қысқарта отырып, майлы және мал азықтық дақылдардың көлемін ұлғайту көзделген», – деді министр.
Биыл егіс алқабы 5,5 млн гектарға жетеді. Өңірде 3,4 млн гектарға бидай, 560 мың гектарға мал азықтық дақылдар, 890 мың гектарға майлы дақылдар, 15 мың гектарға дәндік жүгері және 1,4 мың гектарға көкөніс дақылдары егіледі.
Өткен жылы жеңілдетілген несиелеу көлемі 750 млрд теңгені құрап, 8 млн гектардан астам егіс алқабын қамтуға мүмкіндік берді. Биылғы көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына алдын ала қаржыландыру аясында да 750 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі таңда 317 млрд теңге сомасына 3 мыңнан астам ауыл шаруашылығы өндірушісі қаржыландырылды. Қостанай облысында 280 аграршыларға 26,4 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді.
Ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизинг арқылы алу бағдарламасы жалғасуда. 2025 жылы 226 млрд теңгеге 9 мың бірлік техника сатып алу қаржыландырылды. Оның ішінде Қостанай облысында 20,2 млрд теңгеге 416 техника алынды. 2026 жылы лизинг көлемі 350 млрд теңгеден асады.
Министр биыл ауыл шаруашылығы өндірісін 5,9%-ға, ал азық-түлік өндірісін 6%-ға арттыру жоспарланып отырғанын айтты. Бұл саланың жалпы өнім көлемін кезең-кезеңімен екі еселеу міндетін орындауға мүмкіндік береді.
«Биылғы жылы дамудың негізгі қозғаушы күші мал шаруашылығы болады. Осы мақсатта Үкімет тарапынан қаржыландыру көлемі 400 млрд теңгеден асатын кешенді жоспар бекітілді. Наурыз айынан бастап жылдық мөлшерлемесі 6%-дан аспайтын «Игілік» және «Береке» жеңілдетілген несие өнімдері іске қосылды. Олар асыл тұқымды мал сатып алуға бағытталған. Сонымен қатар жақын уақытта жайылымдық мал шаруашылығы мен жайылым инфрақұрылымын дамытуға арналған «Жайлау» бірыңғай бағдарламасы іске қосылады», – деді Айдарбек Сапаров.
Сондай-ақ мал шаруашылығы кәсіпорындары үшін айналым қаражатын толықтыруға арналған жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру бағдарламасын енгізу жоспарлануда.
Ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру бағдарламасы да жалғасуда. Бағдарлама іске асырылғалы бері ел бойынша жылына 381 мың тонна сүт өндіретін 69 сүт – тауарлы фермасы пайдалануға берілді. Биыл осы мақсаттарға 100 млрд теңге бөлініп, оның 9 млрд теңгесі Қостанай облысына бағытталады.
«Соңғы екі жылда аграрлық салада айтарлықтай өзгерістер байқалады. Бұл нәтижелерге тікелей әсер етуде, яғни өнімділік, өндіріс көлемі және экспорттық әлеует артып келеді. Жеңілдетілген қаржыландыру көлемі ұлғайып, қаржы құралдары кеңейіп жатыр. Бұл бізге дамуға қосымша мүмкіндік береді. Қабылданып жатқан шаралар аграрлық саланың тұрақтылығын арттыруға және өңірлердің әлеуетін ашуға бағытталғаны қуантады», – деді кездесуге қатысушылар.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды