Су қауіпі сейілді

9 апреля 2026 8:39 • 201 просмотров

Қостанай облысында су тасқыны кезеңі төтенше жағдайларсыз және тұрғын үйлердің су басуынсыз аяқталды. Бұған жүйелі дайындық пен барлық қызметтердің үйлесімді жұмысының арқасында қол жеткізілді. Бұл туралы өңір басшысы Құмар Ақсақалов мәлімдеді.

Қостанай облысының әкімнің айтуынша, өңірде алдын ала барлық қажетті шаралар қабылданып, елді мекендерді еріген қар суынан қорғауға және жағымсыз салдардың алдын алуға мүмкіндік берілді.

«Су тасқыны кезеңі аяқталды. Осы орайда барлық уәкілетті органдардың үйлесімді жұмысын ерекше атап өткім келеді. Уақытылы қабылданған шаралардың арқасында елді мекендер еріген қар суынан қорғалды. Бірде-бір тұрғын үйдің с басуына жол берілген жоқ. Барлық қажетті шаралар қабылданып, төтенше жағдайлар тіркелмеді», – деп атап өтті өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

Оның айтуынша, су тасқыны кезеңіне дайындық алдын ала жүргізілген. Облыста инженерлік және алдын алу шараларының кешені иске асырылды. Атап айтқанда, 92 елді мекенде жалпы ұзындығы 54 шақырымды құрайтын 32 қорғаныс бөгеті салынды және нығайтылды, 38 су өткізу құбыры орнатылды, 78 шақырым нөсер кәріз жүйесі тазартылды. Сонымен қатар, жер бедеріне байланысты жыл сайын басу қаупі бар 1600—ден астам жеке үйдің ауласы қардан тазартылды.

«Су тасқынына қарсы жұмыстарға 3600 адам және 500-ден астам техника жұмылдырылды. Өзендерде тәулік бойы бақылау жүргізілді: гидробекеттер су деңгейін тұрақты бақылауда ұстады, – деді Құмар Ақсақалов. – Осылайша, Қостанай облысында су тасқыны қаупіне байланысты кезең қалыпты режимде өтті. Мұның бәрі біздің бірлескен жұмысымыздың нәтижесі».

Өңір басшысы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысқан барлық азаматтарға – төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, еріктілерге және облыс тұрғындарына алғыс білдірді.

«Осы жұмысқа қатысқан барлық азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында біз адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тұрақты жағдайды сақтап қала алдық», – деп түйіндеді облыс әкімі.

Сондай-ақ, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өз парақшасында су тасқыны кезеңінің аяқталуына орай аймақ тұрғындарына үндеу жасаған болатын.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды