Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов халықаралық жарыстарда аймағымыз бен еліміздің намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылармен кездесті. Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында өткен Азия чемпионатында топ жарған Надежда Рябецті, Тайланд астанасы Бангкок қаласында болған пара пауэрлифтингтен Азия және Мұхит чемпионатында алтын алған Фархат Мутунов пен күміс жүлдегер Тұрсынай Қабылды және қысқы Параолимпиада ойындарының қатысушылары Нұрлан Алимов, Юрий Березин және Анна Грачованы қабылдады.
2026 жылдың басы Қостанай спорты үшін нәтижелі болды. Біздің спортшыларымыз халықаралық деңгейде жоғары дайындық пен бәсекеге қабілеттілікті көрсетіп, лайықты өнер көрсетуде. Атап айтқанда, 5 спортшымыз Қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына қатысты. Жерлестеріміз бокс, дзюдо, велоспорт, пара пауэрлифтинг бойынша Азия және Еуропа чемпионаттарында жеңістерге қол жеткізді.
Осы жыл боксшы Надежда Рябецтің есімі үлкен спорттық жетістіктің символына айналды. Ересектер арасындағы Азия чемпионатында 80 келі салмақ дәрежесінде ол алтын медаль жеңіп алды. Бұл – Қостанай облысына он жылдан кейін алғашқы жоғары, мәртебелі жүлде. Чемпиондық жолында Рябец жоғары дәрежелі турнир өткізді. Яғни, жартылай финалда үндістандық боксшыны жеңсе, финалда өзбекстандық спортшыны төрешілердің бірауызды шешімімен сенімді түрде ұтты.
Облыста кадрлық әлеует пен спорттық резервті дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. 2026 жылдың бірінші тоқсанында 1 спортшы ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, 9 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 29 спортшы ҚР спорт шебері, сондай-ақ 3 спортшы ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағын алды.
Дене шынықтыру мен спортты дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Өңірде 64 дене шынықтыру-сауықтыру кешені жұмыс істейді, оның 16-сы соңғы 3 жылда салынған. Атқарылған жұмыстардың барлығы спортшыларымызға жоғары белестерді бағындырып, халықаралық ірі жарыстарда еліміздің намысын лайықты қорғауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, спорттық оқиғалардың ізін шала Аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың қатысуымен бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру тақырыбында облыс әкімдігінің отырысы өтті.
Мемлекет басшысы салауатты өмір салтын насихаттауға және бұқаралық спортты дамытуға ерекше назар аударады. Қазіргі уақытта бұқаралық спортпен айналысатын азаматтардың ең көп үлесі жастар мен ересектерге тиесілі. Облыста спорттың 18 түрімен 69,5 мың бала мен жасөспірім айналысады.
Облыста жыл сайын жаңа спорт нысандарының саны артып келеді. Соңғы 3 жылда 30-дан астам нысан салынды: 16 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 8 спорт залы, 6 жабық хоккей корты, 2 стадион, ат манежі және бассейн. Облыс орталығында триатлон паркі ауданында көпфункционалды стадион салынуда. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу туралы келісімге қол жеткізілді. «Астана» шағын ауданында Спорт сарайының құрылысы басталады. Арқалық қаласында жабық хоккей корты салынады, ал «Самұрық-Қазына» қоры көпфункционалды дене шынықтыру-сауықтыру кешенін тұрғызады. Соңғы 3 жылда облыста 80-нен астам спорт алаңы салынды.
«Аудандық және қалалақ командалардың 17 жасқа дейінгі балалар арасындағы спорт түрлеріне аймақтық чемпионаттарға іріктеу жарыстарынсыз қатысатынын көптеген мысал растайды. Былтырғы олимпиадалық спорт түрлерінен аймақтық чемпионаттарға екі мыңнан астам адам қатысса, Жангелдин ауданынан тоғыз, Науырзым ауданынан он адам ғана жіберілген. Амангелді ауданы бұл чемпионаттарға мүлдем қатысқан жоқ. Қысқы олимпиадалық спорт түрлерінен чемпионаттарға облыстың он аймағы қатыспады. Осылайша ресми жарыстарға дайындық жергілікті жерлерде дұрыс жүргізілмейді», – деді басқарма басшысы.
Кейбір аудандар облыс біріншілігіне іріктеу жарыстарын өткізбей келген. Спортпен айналысу үшін құрал-жабдықтар сатып алу өзекті мәселе екені сөзсіз. Ал, Қарасу, Федоров аудандарында ол бағытқа қаражат былтыр жоспарланбаған.
«Қысқы жабдықтар сатып алу бойынша жұмыстар дұрыс жүргізілмей келеді. Биылғы шаңғы фестиваліне қатысу үшін жабдықты тек төрт аймақ – Рудный қаласы, Қамысты, Денисов, Ұзынкөл аудандары сатып алған. Алтынсарин, Жангелдин аудандарында іріктеу жарысы болған жоқ. Аудан әкімдіктеріне келесі іс-шараларды қарастыруыңызды ұсынамыз. Спорттық нысандар желісін дамыту жөнінде инвесторлар тарту кезек күттірмейді. Жыл соңына дейін спорт нысандарын түгендеп отыру қажет. Олардың тізіміне есеп жүргізіп, үй маңындағы спорттың сапасы қамтамасыз етілсе, құба-құп болар еді. Құрама командалардың облыстық чемпионаттарға қатысуын каматамасыз ету үшін жұмсалатын шығындар уақытылы қадағаланса екен», – деді дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дулат Советханұлы.
Облыстың 121 спортшысы қысқы спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командаларының құрамына енген. Біздің спортшыларымыз халықаралық дәрежеде облысымыздың намысын абыроймен қорғап, жоғары дайындық деңгейін дәлелдеп келеді. Облыстың бес спортшысы 2026 жылғы Қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына қатысты. Сонымен қатар, жерлестеріміз бокстан, велоспорттан және пара пауэрлифтингтен Азия чемпионаттарында жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
«Президент айтқандай: «Әрбір азаматтың жетістігі – бүкіл Қазақстанның жетістігі, әрбір спортшының абыройы – халқымыздың беделі». Егер біз айқын нәтижелерге қол жеткізіп, спортшыларымыздың спорттағы жоғары жетістіктері мен табысты өнер көрсетуін қаласақ, аудан мен қала деңгейінен бастап кешенді тәсіл мен жүйелі жұмыс қажет. Біз әр өңірдің спорттық дайындық деңгейін көтеру арқылы ғана болашақта облысымыз бен мемлекетіміздің беделін арттыра аламыз», – деді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды