Әңгіме қазіргі Қостанай облысы Аманкелді ауданындағы Жасбуын орта мектебінің алғашқы болып іргетасын қалаған, сол білім ордасының алғашқы директоры болған Ғабдол-Ғазиз Әмірхамзаұлы туралы өрбімек. 1936 жылы салынған ол мектеп сол кісінің жобасы негізінде, жергілікті халықтың жекеменшік күш көлігін пайдалану арқылы тұрғызылған.
…20–30 шы жылдары ауылдан оқу іздеп шығып, әуелі Қостанайдан мұғалімдік курсты, Іле Қызылордадағы педагогикалық техникумды тамамдаған ол «Қызыл мұғалім» атанып туған жеріне оралады, сол жерде еңбек жолын бастайды. 1942 жылдың 5ші мамырында өзі тіленіп, майданға аттанады. 1945 жылдың 12 ші қыркүйегіне дейін Ұлы Отан соғысының сұрапыл күндерін басынан өткереді. 1944 жылы ауыр жараланып, госпитальда емделеді, сауығып шыққан соң талай шешуші ұрыстарға қатысып, тамаша ерліктің үлгісін көрсетеді. Жеңіспен Берлинге жетіп, Бранденбург қақпасына аты-жөнін жазып қалдырады.
Бейбіт өмірге оралған Ағай ұстаздық жолын жалғастырды. Еңбек ете жүріп Қызылорда қаласының Гоголь атындағы университетін сырттай оқып алады.
Жерлестері оны омырауы орден, медальға толы майдангер ғана емес, сонымен қатар аудан, облыс, республикалық басылымдарда өлең-жырлары жиі жарық көретін ақын ретінде де құрметтеп, бағалайды. Оның қаламынан туған «Жеті мерген» « Тыныбай тоспасындағы айқас» « Өткенге мұра» « Торғай толғауы» « Ең ақырғы айқас» сияқты туындылары баспасөз бетінде жарияланған бәйгелерде жүлделі орындарға ие болып, көпшілік сүйіп оқитын шығармаларға айналды.

Табиғатынан тума талант Ғазез ағай айтыс ақыны ретінде де жақсы танылды. Торғайдың төкпе ақындары Сәт Есенбаев, Құтжан Қанжығалин, сөз зергерлері Нұрхан Ахметбеков, Омар Шипиндер оның ақындық өнерін, сөз саптаудағы шеберлігін жоғары бағалаған.
Үлкен ақын, терең білімді әдебиет зерттеуші, шежіреші ол орыс және шетел әдебиетін көп оқыған, эрудит болатын. Ол кісі жұмыс істеген жерінде ұстаз ғана емес, сол жердің халқын алда тұрған келелі істерді, міндеттерді орындауға жұмылдыруда шебер үйымдастырушы бола білді. Сол кездің тілімен айтқанда үгітші, насихатшы, саяси хабаршы болды. Өз заманынының озық ойлысы, оқығаны оны көңілге тоқып, көпшілікке жеткізе білетін, сол жолда бар жанын салатын адам болды. Ел аралап, жер аралып, жер-су аттарын, ру-тайпалардың шығу тарихын терең зерттеп, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, ғибрат боларлық шешен-билердің бұрынғы сөздерін жинастырып, баспаға беріп отыратын.
«Халыққа білім бері ісінің үздігі» деген атқа да алғашқылардың бірі болып ие болды.
Ғазез ағайдың көп жұмыс істеген жері Иманов селолық Советі еді. Ұстаздық қызмет атқара жүріп, талай шығармаларды дүниеге әкелді. Орыста «в ногу со временем» дейді ғой. Сол айтылғандай, дер кезінде уақыт талабына үлкен шабытпен үн қосып отыру бұл кісінің бұлжымас дағдысы болатын. Ауылдас еңбек озаттарын, шаруашылық жетістіктерін қағып алып, халыққа жеткізіп отырды.

«Халық ағарту ісінің озық қызметкері», майдангер-ақын, жан-жақты қалыптасқан әдебиетші 1968 жылы бір күнде қос құлағынан айырылып, ғаріп боп қалады. Мәскеу дәрігерлері «Соғыстан алған жарақат зардабы» деген диагноз қояды.
Әйтсе де, табиғатынан төзімді, сабырлы жан тағдырдың басына салғанына шыдап бақты жүнжіп кетпеді, әлсіздік танытпады. Сонда да қолынан қаламын түсірмеді. Өзара адамдармен қағазбен тілдеседі. «Қазір жазылды, бірақ 20 жылдан кейін құлағың сыр береді, одан тәуір бола алмайсың», – деп еді, айтқандары айдай келді. «Жолдасым-қағаз, қалам. Сосын газет-журнал. Әйтеуір, көзім сау. Соған да Аллаға шүкірлік қыламын. Осыған тәубә деймін». Бұл -қарт жауынгердің жүрек-жарды сыры. Осыдан кейін іс жүргізуші қызметіне ауысады. 1973 жылы зейнеткерлік демалысқа шығады.
Бір қуанарлығы- еліміздің тәуелсіздік алғанын және оның жемістерін татып, алғашқы қадамдарын көріп кетті-бірнеше өлеңдер жазды. «1999-дан көзі жұмылғанға дейінгі жылдары аралас-құралас бола жүріп ол кісінің қажыр-қайратына, рухани ерлік деуге тұратын еңбегіне тәнті болып, таң қалатынмын» дейді ол кісінің үзеңгілес жолдасы, белгілі журналист Іздей Мұхамеджанов. «Мен туған балаларымның сөзін естіген жоқпын. Ең қиыны осы екен. Ешкіммен ауызба -ауыз сөйлесе алмаймын. Қағаз арқылы әңгімелесемін. Ал қазір жұрттың көбі ондай әңгімеге зауқы жоқ», – дейді өзімен пікірлесе қалсаң. Оны нағыз қазақтың Корчагині деуге болады. Табиғатынан қайсар мінезді Ғазез ағай бір жырында:
Шарықта ой қиялым, көкті шарла,
Қартпын деп заманыңнан кейін қалма.
Орта жас 70 өлшем заман туды,
Кәрілік әлі де ерте сендей шалға – деп жазған еді.
Бұл- 55 жасында қос құлағынан айырылып, мүгедек боп қалса да он екі мүшесі сау адамдай алдағы күнге иек арта, үмітпен, арманды тілекпен үн қатқан майдангер ақынның дауысы еді.
Текті әулеттің тағылымды тәлім-тәрбиесін алган ұрпағы үлкен қажығырлық пен ерінбей еңбектенудің арқасында аяулы ардагер-аталарының шығармасын халқына жеткізді де. 600 беттен тұратын «Дүние шуылы жоқ неткен тынық» деп аталатын туындысы ардагер атаның есімін Мәңгілікке жаздырып, өзі қалтқысыз қызмет еткен халқына жол тартты.

Алыптардың арты едің, Ақындардың мәрті едің.
Торғайдай үлы өлкенің, Қазыналы қарты едің, – деп қазанама жазған өкшелес інісі айтқандай қай жағынан алсаң да біртуар азамат еді. Бір таңқаларлығы- Осыны танып білетін ел басқарған ер-азамат болса-шы! Өмірін, өмірлік дағды-мұратын ұрпаққа өнеге ғып таратса, кәне!?
Осынау кемеңгер адамның атында не бір көше, не бір өзі еңбек еткен, кезінде қолмен тұрғызған мектеп жоқ. Айта берсек, бұл дегенің -елге сын, елді басқарған ерге сын.
Бүгінгі күннің ертеңгі тарих екені қандай шындық болса, кешегі күнің де бүгінгінің бұлтартпас шындығы, тапжылтпас тарихы екені дау тудырмаса керек. Өз тарихымыздан өзіміз бас тартып, ұрпақ алдынды ұятқа қалмайық, Ағайын!
Г. Бердешқызы, Астана қаласы