Қостанай қаласында Тобыл өзенінің жағалауында кезекті экологиялық акция – плоггинг ұйымдастырылды. Іс-шараны Run in Joy жүгіру қауымдастығы өткізді. Қауымдастық жетекшілері – Дмитрий Каптёл мен Анна Блюм.
Плоггинг – жүгіру мен қоршаған ортаны тазартуды ұштастыратын заманауи экологиялық бастама. Акция Тобыл өзені бойында «Ақ Шаңырақ» мейрамханасынан Гагарин бөгетіне дейінгі аумақта өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау.
Шараға қатысушылар арнайы қолғап пен қаптар алып, белгіленген бағыт бойынша жүгіре отырып, жағалау бойындағы тұрмыстық қалдықтарды жинады. Сонымен қатар, кейбір белсенділер сапбордтарды пайдаланып, өзен ішіндегі қоқысты да тазартты. Қостанай қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан экоактивистерге екі трактор мен қажетті құрал-жабдықтар бөлінді.
Айта кету керек, плоггинг өткізілген аумақ кездейсоқ таңдалмаған. Бұл – қала тұрғындары жиі жаттығу жасайтын және спорттық іс-шаралар өтетін орындардың бірі. Аталған бағытта дәстүрлі «Самопревосхождение» трейл-марафоны ұйымдастырылады, оның бағыты Ыбырай Алтынсарин кесенесі маңынан бастау алады.
Бірнеше сағаттың ішінде акцияға қатысушылар 100-ден астам қап қоқыс жинады. Жалпы, экологиялық бастамаға 40-тан астам адам қатысты. Олардың қатарында студенттер, «морждар» қауымдастығының мүшелері, жүгіру клубтарының өкілдері және белсенді қала тұрғындары бар.
Қостанайда плоггинг акциялары 2019 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді және жыл сайын оған қатысушылар саны артып келеді.
Ал Рудный қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ерікті жастар арасында экологиялық ойлауды дамытуға және саналы тұтыну қағидаттарын насихаттауға бағытталған «Заттарға екінші өмір» атты шеберлік сабағын өткізді.
«Рудненский добряк» қалалық штабының еріктілері қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру және практикалық дағдыларды дамыту мақсатында пластикалық бөтелкелерден кашпо жасау бойынша экологиялық шеберлік сабағын ұйымдастырды. Шеберлік сабағына белсенді ұзақ өмір сүру клубының мүшелері мен мектеп оқушылары қатысты. Іс-шара 30 адамды қамтыды.
Іс-шара барысында қатысушылар қайта өңделетін материалдардан ерекше әрі функционалды кашпо жасауды үйренді. Ұйымдастырушылардың жетекшілігімен пластикалық бөтелкелер интерьер мен сыртқы кеңістіктерді көгалдандыруға пайдалануға болатын сәнді бұйымдарға айналды.
Практикалық бөлімге ерекше назар аударылды: кашпо дайындалғаннан кейін қатысушылар оларға өсімдік көшеттерін отырғызды. Бұл олардың алған білімдерін бекітіп қана қоймай, көгалдандыруға және қолайлы экологиялық орта қалыптастыруға өз үлестерін қосуға мүмкіндік берді.
Іс-шара достық әрі шығармашылық атмосферада өтіп, экологиялық бастамалар мен тұрақты дамуға қызығушылық танытқан жастарды біріктірді. Қатысушылар шеберлік сабағының практикалық маңызын атап өтіп, алған білімдерін күнделікті өмірде қолдануға дайын екендерін білдірді.
Қостанай облысының қалалары мен аудандарында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Таза аула» экологиялық акциясы кеңінен қолдау тапты.
Елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бұл бастама тұрғындар тарапынан зор қолдауға ие болды. Іс-шараларға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, кәсіпорын ұжымдары, шағын және орта бизнес өкілдері, сондай-ақ белсенді тұрғындар қатысты.
Акцияның негізгі мақсаты – аула аумақтары мен тұрғын үйлерге іргелес жерлерді ретке келтіру, сондай-ақ азаматтардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру. Мұндай іс-шаралар елді мекендердің көркін жақсартумен қатар, тұрғындар арасында тазалықты сақтау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Акция барысында қатысушылар санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізіп, тұрмыстық қалдықтар мен құрғақ жапырақтарды жинады, ортақ пайдаланылатын аумақтарды тазалады, сондай-ақ аулаларды абаттандыру жұмыстарын атқарды. Аула аумақтарын ретке келтіруге ерекше назар аударылды.
Нәтижесінде көптеген аулалар айтарлықтай таза, көрікті әрі жайлы бола түсті. «Таза аула» акциясы Қостанай облысы тұрғындарының азаматтық жауапкершілігінің жоғары деңгейін және қоршаған ортаны қорғау мен абаттандыру мәселелерін бірлесіп шешуге дайын екендігін тағы да көрсетті.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды