Әулиекөл ауданы Диев ауылының 2 мыңға жуық тұрғыны табиғи газға қосылды. Атаулы іс-шараға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов мұрындық болды.
Осылайша, аудандағы газдандыру деңгейі 51,8%-ке жетіп отыр. Қазіргі таңда Құсмұрын, Новонежин және Тимофеев ауылдарындағы газ тарату желілерінің құрылысы жобаларын іске асыру жұмыстары жүріп жатыр.
Аудан орталығындағы автоматтандырылған газ тарату станциясынан Диев ауылына дейінгі газ құбырын тарту жобасы 2024 жылдың тамыз айынан 2025 жылдың қазан айына дейін жүзеге асырылды.
«Бүгін Диев тұрғындары үшін маңызды күн. Біз үйлерге көгілдір отын беріп отырмыз. Бұл тек инфрақұрылымдық жоба ғана емес, адамдардың өмір сапасын жақсартуға жасалған үлкен қадам», – деді салтанатты рәсімде Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Құрылыс жұмыстарының жалпы сметалық құны жергілікті бюджет есебінен 2 млрд теңгені құрады. Жалпы ұзындығы 56,3 шақырым газ құбыры салынды.
Газ қысымын жоғары деңгейден төмен деңгейге түсіру үшін төрт блокты газ реттеу пункті орнатылды.
Елді мекенге көгілдір отын тарату аясында Диев ауылындағы газ тарату желілерін салу жобасы да жүзеге асырылып, ол 2025 жылдың қазан айында аяқталды.
Газ тарату желілерін салу жобасының жалпы сметалық құны 535,625 млн теңгені құрады. 17,4 шақырым газ құбыры тартылды.
«Ауыл ақсақалдары атынан және өз атымнан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, облыс басшылығына және осы ауқымды жобаны жүзеге асырған барлық мамандарға шынайы алғысымды білдіремін. Осындай қамқорлықтың нәтижесін көру – үлкен қуаныш. Табиғи газ келіп, әр шаңырақта жылу мен береке орнасын», – деді ауыл ақсақалы Қабыл Құсайынов.
Осылайша, аудандағы газдандыру деңгейі 51,8%-ға дейін өсіп отыр.
Қазіргі таңда ауданда тағы 3 жоба іске асырылу және әзірлеу сатысында. Олар: Құсмұрын (бірінші кезек), Новонежин және Тимофеев ауылдарындағы газ тарату желілерінің құрылысы.
Қостанай облысындағы 475 елді мекеннің 87-сі табиғи газбен қамтамасыз етілген.
Облыстағы газ құбырларының жалпы ұзындығы 5,1 мың шақырымды құрайды. Оның 4,3 мың шақырымы – тарату желілері, ал 819,7 шақырымы – магистральдық газ құбырлары.
Соңғы үш жылда шамамен 8 мың адам газ желісіне қосылу мүмкіндігіне ие болды. 2025 жылы облыстың газдандыру деңгейі 60,4%-ға жетті.
Диев ауылындағы жобаның жүзеге асуы тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізіп, тұрғын үй құрылысы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың дамуына ықпал етеді.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі және ауыл инфрақұрылымын дамыту аясында «Диевская Агрофирмасы» ЖШС елді мекендегі саябақты абаттандыру жобасына бастамашы болып отыр. Онда балалар ойын алаңдары мен демалыс аймағын жабдықтау жоспарланған. Бұдан бөлек, аумақты абаттандыру мен көшеге жарық бағаналарын орнату көзделген.
Ел Президенті өңірлерге инвестиция тарту, шикізатты терең өңдеу және жоғары қосылған құны бар өнім үлесін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударады.
Әулиекөл ауданында ағаш өңдеу зауытын салу бойынша инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жоба аясында энергия үнемдейтін технологияларды қолдана отырып, фанера, ағаш-жаңқалы плиталар, үгінді және өзге де өнім түрлерін шығару жоспарланған. Өндірістік қуаты жылына 1 млн текше метр өнімді құрайды.
Өңір басшысына салынып жатқан ангарлар, өндірістік цех және қосалқы нысандар таныстырылды. Жоспар бойынша зауыт биылғы жылдың қыркүйек айында іске қосылуы тиіс болғанымен, кәсіпорын өз жұмысын одан ертерек бастамақ.
— Бір айдан кейін біз ағаш-жоңқа плиталары мен ағаш көмірін өндіруді бастаймыз, – деді «Pure Wood» ЖШС директоры Дархан Кәрібаев. – Қазіргі уақытта осы өнім түрлерін шығаруға арналған жабдықтарды іске қосу және реттеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар фанера өндіретін өнеркәсіптік жабдықтарды жеткізу күтілуде. Ай сайын 85 мың текше метр күйген ағашты өңдеу жоспарланып отыр.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов ағашты терең өңдейтін жаңа зауыттың іске қосылуы өңірдің өнеркәсіп саласын дамытудағы маңызды қадам екенін атап өтті.
— Бұл – жаңа жұмыс орындарының ашылуы, импортқа тәуелділіктің төмендеуі және өндірістік мүмкіндіктердің кеңеюі арқылы экономикалық өсім мен тұрақтылыққа жол ашады, – деді өңір басшысы. – Ең маңыздысы – қайта өңдеу саласына және осындай кәсіпорындарды құруға салынған инвестициялар аудан мен облыстың экономикалық дамуын ынталандыруда үлкен рөл атқарады.
Жобаны жүзеге асыру мақсатында «Pure Wood» компаниясы қытайлық серіктестерімен бірлесіп, ағаш өңдеу зауытының құрылысына 5,9 млрд теңге инвестиция салуда. Нәтижесінде Қазақстан мен Қытай мамандары үшін 100 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды