ҚР Мемлекет қайраткері, Парламент Сенатының экс-депутаты, марқұм жерлесіміз Жеңіс Нұрғалиев туралы кітап жарық көрді. «Мен сені сүйемін, өмір» аталатын ғұмырнамалық еңбектің таныстырылымы Қостанайдағы «Жастар сарайы» ғимаратында өтті.
Амангелді ауданының тумасы Жеңіс Мирасұлы – еңбек жолын агроном болып бастап, мемлекеттік қызмет саласында бедел биігіне жеткен тұлға. Сарыкөл ауданының, кейін Қостанай қаласының әкімі, облыс әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. 2010 жылдан бастап ҚР Парламенті Сенатының депутаты, аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің мүшесі болып жемісті еңбек етті. Қажырлы қызметі үшін «Құрмет» орденімен және басқа да көптеген марапат иегері болған. 2024 жылы 62 жасында өмірден өтті.
Артына өшпес із қалдырған ардақты тұлға туралы кітап бастан-аяқ орыс тілінде жазылған. Онда қайраткердің өнегелі өмір жолы жайлы баян және замандас, қызметтес, көзкөрген өңір азаматтарының естеліктері топтастырылған. Кітаптың таныстырылымына жергілікті билік өкілдері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым мен Жеңіс Мирасұлының туыс-туғандары жиналды.
«Осы өңірге алғаш келген кезде осы құрметті кісінің батасын алған азаматтардың біріміз. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» демекші, жұмыс барысында ағамыздың ізін жалғаушы ұлдарымен, азаматтармен әріптес, үзеңгілес болып қызмет атқарып жатырмыз. Ал енді Жеңіс ағамыздың елге сіңірген ұшан-теңіз еңбегін бәріңіз жақсы білесіздер. Өмірді сүйген, қызметке адал болған, халқы үшін жан аямай еңбек еткен айтулы азамат. Ол жайлы облыс әкімі Құмар Іргебайұлынан бастап, көптеген алдыңғы толқын ағаларымыз, ел басқарып жүрген азаматтар тамаша естеліктер жазды. Осы ескерткіш кітабы арқылы өңірімізге ғана емес, елімізге игі ісі мен ізгі ізі таралып, ағамыздың аты мәңгілік тарихқа айналсын дегім келеді. Арамызда отырған ардақты ана Күлтәй әжемізге Алла қуат беріп, ұрпағының қызық-қуанышына бөлене берсін», – деп лебізін айтты облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.
Іс-шара тізгінін қоғам қайраткері, облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Бектұрғанов ұстады. Ол бұл кітаптың таяу болашақта мемлекеттік тілде де басылып шығатынын мәлімдеді. Одан ары жиылған қауым кезектесе сөз алып, естеліктер тиегін ағытып, кітаптың мән-мазмұнына тоқталды. Мұны бір әулет емес, бүкіл өңір үшін маңызы бар рухани оқиғаға балады.
«Жеңіс Мирасұлының бойында екінің бірінде кездесе бермейтін керемет адамгершілік қаитеттер болушы еді. Ол мейірімді жүрегімен адамды баурап алатын. Не істесе де жақсылықтан бастайтын. Бұл кісі мемлекет, қоғам қайраткері ғана емес, біздің өңірдің тарихи тұлғасы. Мынау кітапты оқып, біздің жастар, қостанайлықтар Жеңістің ғибратқа толы ғұмырынан үлкен үлгі алады деп ойлаймын. Бұл кісі мықты саясаткер екенін дәлелдей білді, біздің қазіргі Президентіміздің қасында жүрді, өте жақсы сыйласты. Бір ғана өкініш – ғұмыры қысқа болды. Бірақ елдің, мемлекеттің алдындағы азаматтық борышын артығымен орындады. Оның жарқын бейнесі, жақсы істері әрқашан жүрегімізде, ешқашан ұмытпаймыз!» – деді облыстық мәслихат төрағасы Сайлаубек Ещанов.
Лебіз-тілектер легін мемлекеттік қызмет және еңбек ардагерлері, жас күнінен тонның ішкі бауындай болып араласқан ағайын, сонымен қатар кітап басу ісіне үлес қосқан қаламгерлер мен баспагерлер жалғады. Жиын соңында сиясы кеппеген естелік кітап іс-шараға қатысқан барша қауымға үлестірілді.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды