Отан деп соққан жүрек

21 мая 2026 8:54 • 191 просмотров

Елорда төрінде Тобыл-Торғай өңірінің тумасы, айтулы ақын, журналист-публицист, драматург Ақылбек Шаяхметтің 75 жас мерейтойы қарсаңында «Отан деп соққан жыр-жүрек» атты шығармашылық кеші өтті.

Көрнекті қазақ ақыны, жазушы, драматург, көсемсөзші-журналист, Қазақстан Жазушылар одағының Бас­қарма мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ профессоры, Халықаралық шығармашылық академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Махмұт Қашқари атындағы түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін халықаралық сыйлықтың, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының, Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың және тәуелсіз «Алтын қалам» сыйлығының лауреаты Ақылбек Шаяхмет биыл 75 жасқа келеді.

Ақынның кешіне Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов арнайы қатысып, қаламгерді мерейлі жасымен құттықтады. Ол Ақылбек Шаяхметтің ұлттық әдебиетіміздің дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

«Ақылбек Қожаұлының шыншылдығы, ақиқатты ардың ісі деп тануы рухани ортасына тікелей байланысты. Қостанай жері кешегі Тәтіқара, Ақсұлу, Сейітжан, Нұржан, Омар Шипин, Ғафу, Сырбай бастаған ақын-жыраулардың мекені. Ақылбек ағамыз осындай рухани бай ортадан тәлім алды. Мерейтой иесінің қаламынан туған 70-тен астам кітап – қазақ әдебиетіне қосылған баға жетпес рухани қазына. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, ана тіліміздің өркен жаюына, зерттеуші ғалым ретінде өңірімізден шыққан тарихи тұлғаларды ұлықтау жұмысына да сіңірген еңбегі орасан», деді Құмар Іргебайұлы.

Іс-шара барысында Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің құттықтаулары оқылды.

Ақылбек Қожаұлының қазақ әдебиетінің қоржынына салған олжасы ортайған емес. Оған ақынның биыл жарыққа шыққан 14 томдық шығармалар жинағы дәлел. Томдықтарға қаламгердің бүгінге дейін жазған өлең-жырлары, прозалық шығармалары, пьесалары, аудармалары топтастырылған.

Ақындығымен қатар азаматтық қасиеті де Ақылбек Шаяхметті абырой биігіне көтерді. Қоғамдық үдерістерден тыс қалмай, өзі еңбек еткен басылымдарда небір өткір мақалалар жазып, азаматтық ұстанымын әрдайым ашық білдіріп отырды. Әсіресе Қостанай өңіріндегі ана тіліміздің ахуалын жақсартудағы еңбегі ұшан-теңіз.

Шығармашылық кеште ақынның көптеген өлеңдері оқылып, авторлық әндері орындалды. Сондай-ақ қаламгердің замандастары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері сөз алды. Қара шаңырақ – Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының сәлемін ала келген орынбасары Қасымхан Бегманов қаламгер қауым атынан шапан жауып, жылы лебізін білдірді.

Сонымен қатар кеште ақынның жерлесі, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ғалым Жайлыбай ақжарма тілектерін жеткізді.

Осылайша, «Өлең – менің бөбегім, іште жатқан шеменім, Тамырымнан алады тіршілікке керегін. Қызуымен дененің, жалынымен өлеңнің, Жаурап жүрген жұртымды жылытайын деп едім» деп ақынның өзі жырлағандай, жиылған көпшіліктің көңіл қылын қозғап, жүрегіне жылу берген өлең тойы жоғары деңгейде өтті.

«Бүгін мен үшін ерекше күн. Өйткені Астана төрінде алғаш рет шығармашылық кешім өтіп отыр. Бұған дейін Алматыда бірнеше рет кітаптарымның тұсаукесерін жасаған едім. Жалпы бұл маған ғана көрсетілген құрмет емес, өркені өсіп келе жатқан қазақ әдебиетіне деген жасалған ілтипат деп түсінемін. Оның үстіне, кітап көрмесіне жақында жарық көрген 14 томдығым қойылып отыр. Оған моральдық та, материалдық та қолдау жасаған және осынау кештің өтуіне жәрдем көрсеткен облыс әкімі Құмар Іргебайұлына шексіз ризашылығымды білдіремін!» – деді ағамыз.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды