Жаңа белестерге бастар жол

28 мая 2026 8:17 • 52 просмотров

Көршілес Ресей Федерациясының Челябі қаласында Челябі облысы мен Қазақстанның негізгі өңірлерінен келген жүзден астам кәсіпорынды біріктірген ауқымды бизнес-форум өтті. Аталмыш іс-шараға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.

Іс-шара Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің Қазақстан Республикасына сапары қарсаңында өңіраралық және сыртқы экономикалық байланыстарды нығайту мақсатында ұйымдастырылды. Талқылауға Челябі облысының губернаторы Алексей Текслер, Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев, сондай-ақ Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының әкімдері қатысты.

Алексей Текслер форум саяси келісімдерді нақты экономикалық жобалар мен жаңа жұмыс орындарына айналдыратын маңызды құрал екенін атап өтті.

«Челябі облысы мен Қазақстан – жай ғана көрші емес. Бізде толыққанды экономикалық экожүйе қалыптасты. Біздің кәсіпорындар ондаған жылдар бойы бірлескен кооперация аясында жұмыс істеп келеді, ал аграршыларымыз екі ел нарығында сұранысқа ие өнім жеткізуде. Біз сенімді серіктеспіз – бұған дейін де солай болған, қазір де солай және әрқашан солай болады. Челябі облысы мен Қазақстан Республикасы арасындағы тауар айналымы жыл сайын тұрақты түрде бір миллиард АҚШ долларынан асады. Алайда біз бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізе аламыз деп сенемін», – деді Алексей Текслер.

Дәурен Абаев Челябі облысының еуразиялық бағыттар тоғысындағы маңызды өңірлік торап ретіндегі рөлін атап өтті. Ол жаңа логистикалық тізбектер қалыптастыру үшін шекаралық инфрақұрылымды бірлесіп дамыту және өткізу бекеттерін жаңғырту қажеттігін айтты.

Сондай-ақ, алғашқылардың бірі болып Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов сөз сөйледі. Ол өңірлің әлеуметтік-экономикалық әлеуттері туралы баяндады.

— Қостанай және Челябі облыстары – жай ғана шекаралас өңірлер емес, тарихи, экономикалық және мәдени тұрғыдан өзара тығыз байланысқан аумақтар. Қостанай облысы – Қазақстанның солтүстік пен оңтүстікті, сондай-ақ батыс пен шығысты байланыстыратын негізгі логистикалық тораптарының бірі. Облыс Ресей тауарларын Қазақстан мен Орталық Азияға жеткізетін транзиттік дәліз қызметін атқарады. Осындай кездесулер мен форумдар байланыстарды нығайтып қана қоймай, жаңа ынтымақтастық бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді. Бір-бірімізді жетістіктерімізбен таныстырып, бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, қоғамдық және мәдени байланыстарды тереңдетеміз.

Мұның барлығы мемлекеттеріміздің басшылары қалыптастырған тату көршілік қарым-қатынастың арқасында жүзеге асуда. Бүгінде Қостанай облысы – еліміздің тұрақты дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. 2025 жылы облыс экономикасының өсімі 8,2%-ды құрады, ал республикалық көрсеткіш – 6,5%. Соңғы үш жылда облысқа 3,8 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды, оның ішінде 1,4 млрд АҚШ доллары – тікелей шетелдік инвестициялар. Бұған Мемлекет басшысы мен Үкімет қалыптастырған қолайлы инвестициялық ахуал ықпал етуде. Жаңа өндірістердің ашылуы, тұрақты сыртқы экономикалық және көлік-логистикалық байланыстар жалпы өңірлік өнімнің жыл сайынғы өсімін қамтамасыз етуде. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша да ЖӨӨ өсімі кемінде 6% болады деп болжап отырмыз, – деді Құмар Ақсақалов.

Қостанай облысы әлемнің 101 елімен сыртқы сауда жүргізеді. Бұл ретте Ресей Федерациясы біздің негізгі сауда серіктестеріміздің бірі болып табылады және облыстың жалпы тауар айналымының төрттен бір бөлігін қамтамасыз етеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірдің сыртқы сауда айналымы 5,2 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде Ресеймен арадағы тауар айналымы – 1,3 млрд доллар.

Облыс төрт негізгі стратегиялық бағытта жұмыс істейді: ол машина жасау, қара металлургия, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және көлік-логистикалық инфрақұрылым.

Қазіргі таңда облыс Қазақстандағы машина жасау орталығы болып табылады. Біз елдегі машина жасау саласы өндірісінің 25%-ын қамтамасыз етеміз және бұл үлес алдағы уақытта да арта береді. Өңірде темір рудасының мол қоры бар. Осыған байланысты біз қара металлургия орталықтарының біріміз. Ірі 8 тау-кен өндіру кәсіпорнында шамамен 18 мың адам еңбек етеді.

Ауыл шаруашылығының қайта өңделген өнімдерін экспорттау және азық-түлік өндіру бойынша көшбасшы өңірлердің қатарындам және бұл көлемдерді одан әрі ұлғайтып келеді.

Бұл үшін мемлекет көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу кезінде аграршыларға үлкен қолдау көрсетуде. Мысалы, 2025 жылғы көктемгі дала жұмыстарына қаражат 2024 жылдың күзінде-ақ бөлінді. Қаржыландыру жылдық 5%-бен беріледі, ал егер фермер қаржыны жарты жылға алса – 2,5%-бен ұсынылады.

Мал шаруашылығын дамытуға арналған несиелік ресурстар жылдық 6%-бен берілуде.

Қазақстандық облыстардың өкілдері өз өңірлерінің әлеуетін таныстырып, ынтымақтастық бағыттарын ұсынды. Ал «Челябі облысының халықаралық ынтымақтастық агенттігі» АНО директоры Валерий Денисенко Оңтүстік Оралдың экспорттық мүмкіндіктерін таныстырды.

Пленарлық отырыс барысында тараптар өнеркәсіптік кооперация, логистика, агроөнеркәсіптік кешен және инвестициялар мәселелерін талқылады. Бағдарламаның маңызды бөлігіне айналған B2B-келіссөздер барысында кәсіпкерлер машина жасау, техника өндірісі және білім беру қызметтері салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін қарастырды.

Форум қорытындысында 200-ден астам тікелей іскерлік байланыс орнатылып, олар өңірдің экспорттық әлеуетін нығайтуға және екіжақты экономикалық байланыстарды дамытуға негіз болмақ.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды