Индустриялық дамудың жаңа кезеңі

4 июня 2026 9:05 • 263 просмотров

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен Қостанай облысына келіп, өңірдегі бірқатар ірі өндірістік, көлік-логистикалық және әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмысымен танысты. Сапар барысында инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы қаралып, өңірдің экономикалық даму қарқынына баға берілді.

Өнеркәсіп – өңір экономикасының қозғаушы күші

Жұмыс сапары Қостанайдағы жаңа индустриялық жобаларды аралаудан басталды. Алғашқы нысандардың бірі – еліміздің автомобиль жасау саласындағы маңызды кәсіпорындардың бірі саналатын «KIA Qazaqstan» зауыты болды.

Бүгінде кәсіпорын жылына 70 мың автокөлік шығаруға қауқарлы. Мұнда 700-ден астам адам еңбек етеді. Өткен жылдың соңғы тоқсанында зауыт 40,2 млрд теңгенің өнімін өндірсе, биылғы жылдың алғашқы төрт айында бұл көрсеткіш 80,6 млрд теңгеге жетті.

Сонымен қатар делегация «KamLitKZ» шойын құю зауыты мен жетекші көпірлердің басты берілістерін шығаратын өндіріс орындарын аралады. Бұл кәсіпорындар ауыр жүк техникасына арналған автокомпоненттер өндіріп, өңірдегі машина жасау саласының әлеуетін күшейтіп отыр.

Ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін «АгромашХолдинг KZ» зауыты да сапар бағдарламасына енді. Кәсіпорын жыл сайын мыңдаған трактор мен комбайн шығарып, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін отандық техникамен қамтамасыз етуде.

Ал «СарыарқаАвтоПром» кәсіпорны өндірістік қуаты бойынша Қазақстандағы ең ірі автомобиль өндірушілерінің бірі саналады. Мұнда жылына 127 мыңнан астам автокөлік құрастырылады. Кәсіпорында 3,5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Қостанай халықаралық логистикалық хабқа айналмақ

Сапар барысында «Тобыл» көлік-логистикалық кешенінің құрылысы ерекше назарға алынды.

Құны 63,8 млрд теңге болатын жоба толық іске қосылған кезде жылына 400 мың контейнер өңдеп, 500 тұрақты жұмыс орнын ашады. Қазіргі уақытта теміржол инфрақұрылымының құрылысы жалғасуда.

Жоба өңірдің транзиттік әлеуетін арттырып қана қоймай, Қостанай облысын халықаралық жүк тасымалы жүйесіндегі маңызды логистикалық орталықтардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар өңірде газ-химия кешені мен Ақтөбе – Қостанай магистральдық газ құбыры секілді стратегиялық маңызы бар жобалар да іске асырылуда.

Жаңа өндірістер – жаңа мүмкіндіктер

Қостанайдағы ірі кәсіпорындардың бірі – «Баян Сұлу» акционерлік қоғамында салынып жатқан жаңа технологиялық өндірістік кешен де Үкімет делегациясының назарынан тыс қалмады.

Құны 14,3 млрд теңгені құрайтын «Кондитерлік астана» жобасы іске қосылғаннан кейін жылына 13 мың тонна өнім өндіріп, 260 жаңа жұмыс орнын құрады.

Кәсіпорында заманауи технологиялар енгізіліп, өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруға басымдық берілуде. Сонымен қатар өңірде астықты терең өңдеу және тұрақты авиациялық отын өндіру бағытындағы жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ.

Арқалық әуежайы қайта жаңғыруда

Жұмыс сапары барысында Нұрлыбек Нәлібаев Арқалық қаласындағы әуежайды қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты.

Жаңа терминалдың жалпы ауданы шамамен 3 мың шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары нысанның сапасына ерекше көңіл бөліп, мердігерлерге барлық жұмысты белгіленген мерзімде әрі жоғары деңгейде аяқтауды тапсырды.

— Бұл нысан Арқалық тұрғындары үшін аса маңызды. Әуежай заманауи талаптарға сай әрі өңірдің сәулеттік келбетіне үйлесуі тиіс, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Тұрғын үй құрылысы қарқын алды

Тобыл қаласындағы «Астана» шағын ауданында да ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Жоба аясында 23 көпқабатты тұрғын үй салынып, 1035 отбасы баспанамен қамтылады. Қазіргі уақытта оның 10 үйі пайдалануға берілген. Қалған тұрғын үйлерде құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда.

Шағын ауданда тұрғын үйлермен қатар инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандары да қатар дамытылуда.

ССКӨБ – өңірдің өндірістік алыбы

Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарын Рудный қаласында жалғастырып, Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігінің қызметімен танысты.

Бүгінде кәсіпорында 9 мыңнан астам адам еңбек етеді. Делегацияға темір рудасын өндіру және байыту технологиялары көрсетіліп, жаңа шекемтас өндіру фабрикасының жобасы таныстырылды.

Сонымен қатар өңірдің алдағы қысқы жылыту маусымына дайындығы қаралып, әлеуметтік нысандардың отын қорын уақытылы қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Экономикалық көрсеткіштер өсуде

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны тұрақты.

Биылғы жылдың алғашқы төрт айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трлн теңгеден асты. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 65,6 млрд теңгені құрады.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 162,8 млрд теңгеге жетті. Ал тұрғын үй құрылысы бойынша 156,5 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді.

Орташа айлық атаулы жалақы 394,9 мың теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайыздан астам өскен.

Өңірдің әлеуеті артып келеді

Жұмыс сапарының қорытындысында Нұрлыбек Нәлібаев Қостанай облысында жүзеге асырылып жатқан жобалардың ел экономикасын әртараптандырудағы рөлін ерекше атап өтті.

Өнеркәсіп, логистика, көлік инфрақұрылымы және әлеуметтік нысандарды дамытуға бағытталған бастамалар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Қостанай облысы бүгінде Қазақстанның индустриялық даму картасындағы жетекші өңірлердің біріне айналып, экономикалық өсімнің жаңа нүктелерін қалыптастыруда.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды