Өртке қарсы күрес пысықталды

4 июня 2026 8:51 • 233 просмотров

Өңірімізде «Өрт – 2026» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтті. Ауқымды шараға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.

Оқу-жаттығу Алтынсарин ауданындағы Арақарағай орман алқабында ұйымдастырылды. Бұл аумақ ерекше бақылауды және жоғары дайындықты қажет ететін қауіпті аумақтың бірі. Осында құрылған далалық лагерь инфрақұрылымы төтенше жағдай аймағында қызметтердің ұзақ уақыт автономды жұмыс істеуге дайын екенін көрсетеді.

Ірі орман өрті оқиғаларының алдын алу және болдырмау мақсатында облыс аумағында материалдық-техникалық базаны нығайту және жаңарту жұмыстары жүргізілуде. 51 өрт сөндіру автокөлігі, 86 трактор, 36 орман өртін сөндіру кешені, 26 патрульдік автокөлік, 16 тіркемелі жабдық және 2 тіркемелі өртке қарсы жабдық сатып алынды. Біз орман мекемелерін заманауи арнайы техникамен және байланыс құралдарымен жабдықтау жұмыстарын жалғастыра береміз.

Оқу-жаттығулар сценарийі бойынша Алтынсарин ауданының Красный Кордон ауылы маңындағы қылқан жапырақты орман алқабында өрт шығып, кейін ол жоғарғы жаққа өршіді. Қатты жел мен аптап ыстықтың әсерінен өрт кең ауқымда таралып, көршілес өңірлерге қауіп төндірді. Құлақтандыру сызбаларына сәйкес басқару органдары жиналып, күштер мен құралдар шартты төтенше жағдай аймағына жіберілді. Далалық жағдайда практикалық іс-қимылдарды пысықтау барысында республикалық жедел штаб орналастырылды. Оқу-жаттығуға өңірлік орман және табиғатты қорғау мекемелері, азаматтық қорғау қызметтері, құқық қорғау органдары, әскери ведомстволар, аумақтық қорғаныс күштері, өрт сөндіру пойызы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың «Ауыл құтқарушылары» өрт сөндіру бекеттері тартылды.

«Ірі табиғи өрттерді сөндіру бойынша пысықтау жұмыстары облыстың азаматтық қорғау қызметтерінің тактикалық даярлық деңгейін және кез келген күрделіліктегі төтенше жағдайларға ден қою мүмкіндігін айқындайды. 2022 жылғы ірі орман өрті оқиғасынан кейін облыста материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, 51 өрт сөндіру автокөлігі, 86 трактор, 36 шағын орман өртін сөндіру кешені, 26 патрульдік автокөлік, 16 тіркемелі жабдық және екі тіркемелі өртке қарсы жабдық сатып алынды. Бұл мақсаттарға жалпы көлемі 6,8 миллиард теңге қаржы жұмсалды. Облыс әкімдігі орман мекемелерін заманауи арнайы техникамен және байланыс құралдарымен қамтамасыз ету жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастырады. Оқу-жаттығулар барысында ауылдық жерлердегі өрт сөндіру қызметтерінің рөлі де көрсетіледі. Биыл «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында облыста 18 жаңа өрт сөндіру бекетін ашу және 12 бекетке жаңғырту жүргізу жоспарланған. Аталған жоспарды іске асыру нәтижесінде облыстың 34 мыңнан астам тұрғыны бар 75 елді мекені өрт қауіпсіздігімен қамтылады. Облыс әкімдігі ауылдық жерлердегі ерікті өртке қарсы құралымдарды нығайту және қолдау жұмыстарын жалғастыра береді. Оқу-жаттығулар ерте анықтау жүйесінің тиімділігін бағалауға, ғарыштық мониторинг пен орманды-дала аймақтарын патрульдеуді күшейтуге, сондай-ақ өрт ошақтарын алғашқы сағаттарда жоюға мүмкіндік береді. Оқу-жаттығулар барысында барлық мемлекеттік органдардың жеке құрамы жоғары кәсібилік, ұйымшылдық және жанқиярлық танытты. Орманның және азаматтарымыздың қауіпсіздігі – әрқайсымыздың қырағылығымыз бен жедел әрекетімізге байланысты», – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

Оқу-жаттығулар ерте анықтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, ғарыштық мониторинг пен орманды-дала аймақтарын патрульдеуді күшейтуге, сондай-ақ өрт ошақтарын алғашқы сағаттарда жою мүмкіндігін арттыруға ықпал етеді.

«Бүгінде табиғи орман өрттеріне қарсы әрекет етудің жеті кезеңнен тұратын бірлескен алгоритмі енгізілді. Ол күнделікті дайындық режимінен бастап, трансшекаралық аумақтарға таралу қаупі бар ірі орман өрттеріне дейінгі барлық жағдайларды қамтиды. Аталған алгоритм Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасына және орталық мемлекеттік органдарға таныстырылды. Оқу-жаттығулардың басты мақсаты – ақпарат алмасудың жеделдігін қамтамасыз ету, табиғи өрттердің бастапқы кезеңінде дер кезінде әрекет ету және өрттің ауқымды сипат алуына жол бермеу. Әсіресе, қылқан жапырақты орман алқаптарындағы өрттердің алдын алу, оларды қысқа мерзімде оқшаулап, жою – негізгі міндеттердің бірі. Қазіргі таңда өрт сөндіру техникаларының паркі шамамен 90 пайызға жаңартылды. Тракторлар мен минералданған жолақтар жасауға арналған арнайы жабдықтар сатып алынды. Орман шаруашылықтары заманауи дрондармен жабдықталуда. Өздеріңіз білетіндей, орман өрттерінің алдын алу және оларды сөндіру жұмыстары жергілікті атқарушы органдар мен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ортақ жауапкершілігіне жатады. Осыған байланысты ірі өрттерден кейін қабылданған кешенді жоспар аясында материалдық-техникалық жарақтандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді», – деді Вице-министр Рамиль Камалов.

Облысаралық өзара іс-қимыл жоспарларына сәйкес Қостанай облысы ТЖД-мен бірлесіп Ақмола және Ақтөбе облыстарының бөлімшелері жұмылдырылды. Табиғи өрт ошақтарын оқшаулау және жою, елді мекендер мен экономика объектілерін қорғау бойынша іс-шаралар жүргізілді. Сондай-ақ халық пен ауыл шаруашылығы жануарларын эвакуациялау, газ және электр энергиясын беру жүйелерін ажырату мәселелері пысықталды. Ресей Федерациясымен шекаралас және іргелес аумақтардағы өрттер туралы жедел ақпарат алмасу тәртібі, оның ішінде мемлекеттік шекарадан өту бойынша практикалық элементтер де пысықталды.

«Жаттығулар республикалық деңгейде еліміздің барлық өңірінде өткізілді. Биыл республикалық жедел штаб Қостанай облысында орналасқан. Ал практикалық бөлім тікелей осы далалық лагерь аумағында ұйымдастырылды. Іс-шараға Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары, генерал-майор Кәмал Ғалымұлы, облыс әкімі, Экология министрлігінің вице-министрі, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың басшылық құрамы қатысуда. Оқу-жаттығуларға су төгу құрылғыларымен жабдықталған бес әуе кемесі жұмылдырылды. Тікұшақтар су қоймаларынан су алып, әуеден өрт сөндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар түрлі мақсаттағы арнайы техникалар тартылған. Олардың қатарында байланыс көліктері, медицина қызметінің техникалары, өрт сөндіру автоцистерналары және жол талғамайтын арнайы көліктер бар. Барлық техника оқу-жаттығу жоспарына сәйкес толық көлемде пайдаланылды», – деді ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев.

Жалпы оқу-жаттығуға жеке құрамнан 287 қызметкер, 77 техника, 10 ұшқышсыз ұшу аппараты, сондай-ақ мемлекеттік және азаматтық авиацияның 5 әуе кемесі жұмылдырылды. Осындай іс-шаралар еліміздің барлық өңірлерінде өтті. Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының ТЖД оқу-жаттығулары халықаралық форматта ұйымдастырылып, оған Ресей Федерациясы ТЖМ Омбы, Қорған және Түмен облыстары бойынша бас басқармаларының, сондай-ақ Қырғыз Республикасы ТЖМ өкілдері қатысты.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды