Жазғы демалыс сапасы қаралды

4 июня 2026 9:03 • 256 просмотров

Аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен 2025–2026 оқу жылының аяқталуы және каникул кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру тақырыбына арналған облыс әкімдігінің отырысы өтті.

Оқушылардың жазғы демалысы мен еңбекпен қамтылуын ұйымдастыру – маңызды мәселе. Биыл сауықтыру, демалыс және еңбекпен қамту бағдарламасымен 103 мыңға жуық бала қамтылатын болады. Бұл мақсатқа 457 млн қарастырылған, бұл 2022 жылға қарағанда 1,8 есе артық.

«Мұндай өсімге қала сыртындағы екі лагерді ашудың арқасында қол жеткіздік, сондай-ақ балаларды жазғы демалыспен қамту 74%-тен 98,5%-ке дейін артты. Мектеп жанындағы лагерлердің 55%-ті тегін тамақпен қамтылады. Жазда 12 саяжай лагері мен 617 мектеп жанындағы лагерь жұмыс істейді. Ең алдымен, әлеуметтік осал санаттағы балаларды толыққанды және сапалы жазғы демалыспен қамту керек», – деді Құмар Ақсақалов.

Биыл әлеуметтік санаттағы балаларды, сондай-ақ дарынды балаларды сауықтыруға 300 млн теңге қарастырылған, бұл 2022 жылға қарағанда 33,3%-ке көп.

Биылғы жылы шамамен 103 мың бала сауықтыру және жазғы демалыспен қамтылады. Бұл мақсаттарға 457 млн теңге қарастырылған, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 1,8 есе көп.

«Менің тапсырмам бойынша қараусыз қалған лагерьлерді қалпына келтіру үшін инвесторларды тарту жұмыстары жүргізілуде. Биыл Меңдіқара ауданында «Аллюр» зауыты бұрынғы «Солнечный» лагерін қалпына келтіру жұмыстарын бастайды. Мұнда зауыт қызметкерлері отбасыларымен бірге демала алады. Кейіннен кәсіпорын балаларға арналған жыл бойы жұмыс істейтін коммерциялық лагерь ашуды жоспарлап отыр. Осындай жұмыстарды барлық қалалар мен аудандарда жүргізу қажет», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Жазғы демалыс нысандарының барлығы санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес болуы тиіс. Қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлердің бағдарламаларына спорттық, шығармашылық және дамытушы іс-шаралар енгізілуі қажет, олар мазмұнды әрі әртүрлі болуы керек.

«Біз форумдар мен түрлі іс-шаралар аясында Қостанай қаласындағы машина жасау зауыттарына өндірістік экскурсияларды сынақтан өткіздік. Қазіргі уақытта осы экскурсияларды туроператорларға беру мәселесі қарастырылуда. Жазғы демалыс жоспарларына бұл экскурсияларды енгізу қажет. Болашақта мұндай іс-шаралар балалардың кәсіби бағдар алуына және мамандық таңдауына көмектеседі. Балалардың жазғы демалысы тек қызықты ғана емес, сонымен қатар қауіпсіз болуы тиіс», – деді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.

Облысымызда мектеп оқушыларының саны артуда. Мысалы 2022 жылы 111 мың бала оқыса, биыл 113 мыңнан астам оқушы білім алды.Оқушылар саны артқан сайын, түлектердің саны да өсуде. Биыл 11-нші сыныпты 5 213 оқушы аяқтайды, бұл 2022 жылға қарағанда шамамен 900 оқушыға артық.

«Алтын белгіге» 231 түлек, ал үздік аттестат алуға 302 оқушы үміткер. 4 мыңнан астам оқушы Ұлттық тестті тапсыруды жоспарлап отыр, бұл өткен жылға қарағанда 10%-ке көп. Отандық жоғарғы оқу орындарында білім алғысы келетіндер санының өсіп жатқаны байқалады. Төрт жыл бұрын оқушылардың 52%-і елімізде білім алса, 2025 жылы – 63%. Жыл сайын мемлекеттік грант саны көбеюде. 2022 жылы 1 131 бала грантпен түссе, 2025 жылы 1 485 түлек грант ұтып алды, өсім 31,3%.

«Мемлекет Басшысы «Білім мен ғылым – әлемді өзгертуге қабілетті қозғаушы күш», – деп атап өткен болатын.Қазақстан Орталық Азияның академиялық хабына айналуда. Елімізде шетелдің үздік университеттердің 30-дан астам филиалы ашылды. Түлектерде елімізден кетпей, шетелдік білім алуға мүмкіндік бар. Әр жетістіктің артында оқушы мен ұстаздың еңбегі жатыр. Сондықтан біз балалардың еңбегін бағалап қана қоймай, оларға қолдау көрсетуіміз қажет.», – деді аймақ басшысы.

Биыл облысымыздың қоржынында 86 медаль бар, оның ішінде 17 халықаралық және 69 республикалық олимпиада медалі. Халықаралық олимпиадаларда дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернаты 8 медальмен көш бастады. «Озат» лицейі мен Жітіқара ауданының Абай атындағы мектеп-лицейі бір-бір медальдан иеленді. Халықаралық жобалар конкурстарында Ы. Алтынсарин атындағы гимназия, Қостанай қаласындағы «Озат» лицейі және Рудный қаласындағы № 10 гимназия жүлделі орындарға ие болды.

«Мектеп бітіру іс-шараларын өткізуге ерекше назар аудару қажет. Олар мектеп форматына сай ұйымдастырылуы тиіс. Түлектер кеші балалардың жадында жылы әрі есте қаларлық оқиға болып қалуы керек, артық шығындар мен қауіп-қатерге себеп болмауы тиіс. Ең бастысы, бітіру іс-шаралары балалар үшін ұйымдасқан, мәдениетті және ең маңыздысы – қауіпсіз түрде өтуі қажет», – деді Құмар Ақсақалов.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды