Науырзым ауданында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытында бірқатар инвестициялық жобалар қолға алынған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Мәди Ихтиляпов мәлімдеді.
2023–2026 жылдар аралығында ауданның агроөнеркәсіптік саласында жалпы құны 530 миллион теңгені құрайтын үш инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Аталған жобалар мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағыттарын қамтып, нәтижесінде жеті жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.
Инвестициялық бастамалардың бірі – Буревестник ауылында майлы дақылдарды өңдейтін цех ашу жобасы. Бұл бағыттағы жұмыстар «Кошкодан С.И.» шаруа қожалығымен бірлесіп жүргізілуде. Шаруашылық Науырзым және Жангелдин аудандарында жалпы көлемі 4 мың гектар жерге майлы дақылдар егеді. Оның 1,4 мың гектары Науырзым ауданының аумағында орналасқан. Жобаны іске асыру жергілікті жерде өндірілген өнімді өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Раздольное ауылында жүзеге асырылатын тағы бір жоба – ірі қара мен жылқы өсіруге арналған ферма құрылысы. Жобаның бастамашысы – «Ақжол-78» ЖШС. Инвестиция көлемі 150 миллион теңгені құрайды. Жоба аясында 300 бас жылқы мен 150 бас ірі қара малға арналған шаруашылық құрылып, бес жаңа жұмыс орны ашылады.
Қазіргі уақытта серіктестік тіркеуден өтіп, 6,3 мың гектар жайылымдық жермен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар бұрынғы «Ақжол» бөлімшесінің аумағындағы мал базалары мен қоймаларды сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Алғашқы кезеңде 100 бас жылқы, 50 бас ірі қара және 100 бас ұсақ мал сатып алу жоспарланған. Жобаны іске қосу 2026 жылдың қараша айына белгіленген.
Үшінші жоба Қарамеңді ауылында жүзеге аспақ. «Сырымжан» шаруа қожалығы ет бағытындағы ірі қара мал өсіру шаруашылығын дамытуды көздеп отыр. Құны 85 миллион теңге болатын жоба аясында 250 басқа дейін ірі қара мал өсіріліп, екі тұрақты жұмыс орны ашылады.
Қазіргі таңда шаруашылық алғашқы кезеңде 100 бас мал сатып алуды жоспарлап отыр. Жобаға қажетті 5,3 мың гектар жайылымдық жер бөлінген. Негізгі мақсат – экологиялық таза ет өнімдерін өндіріп, Қостанай облысы мен көршілес өңірлердің нарығына шығару.
Брифинг барысында аудан әкімі бұл жобалардың ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ететінін атап өтті.
— Инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы ауданның агроөнеркәсіптік әлеуеті артып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл өз кезегінде тұрғындардың әл-ауқатын жақсартып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді, – деді Мәди Ихтиляпов.
Мамандардың айтуынша, бүгінде Науырзым ауданында ауыл шаруашылығын әртараптандыруға, өнімді өңдеу көлемін арттыруға және жаңа өндірістер ашуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Ал қолға алынған жобалар өңір экономикасының дамуына тың серпін бермек.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды