Ақылбек ақынның 75 жасы атап өтілді

25 июня 2026 9:04 • 189 просмотров

Қостанайдағы Жастар сарайында қазақтың белгілі ақыны, қарымды қаламгер Ақылбек Шаяхметтің 75 жас мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Салтанатты кешке елдің әр өңірінен және шет мемлекеттерден құрметті меймандар арнайы келген. Солардың басында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, ақынның Астана мен Алматы, Ақтөбе қалаларынан, Әзірбайжан мен Қырғызстан елінен келген қаламдастары мен өңірдегі зиялы қауым өкілдері қатысты.

Бірінші болып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын тапсыру үшін Мәлік Отарбаев сахнаға шықты.

«Ардақты Ақылбек Қожаұлы, сізді айтулы белесіңіз 75 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Сіз туған жерден табан аудармай, қасиетті Қостанай өңірінде өнімді еңбек етіп, аймақтың ғана емес, тұтас еліміздің әдебиеті мен мәдениетін байытуға зор үлес қосып келесіз. Сіздің қазақ сөз өнеріне сіңірген өлшеусіз еңбегіңіздің айғағы ретінде ел-жұртыңыз бен әдеби орта жоғары бағалап, құрмет көрсетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ел болашағы үшін оқитын ұлт қалыптастырудың, оның ішінде отандық әдебиетті дамытудың маңызын үнемі алға қояды. Сіз осы стратегиялық бағытқа үн қосып жүрген қаламгерсіз. Руханият майданындағы шығармашылық шабытыңыз ешқашан сарқылмасын!» – деді Мәлік Отарбаев.

Ол Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы құттықтауы мен алғысын табыстап, «Алтын барыс» төсбелгісімен марапаттады. Облыс басшысы Құмар Ақсақалов да арқаның арқалы ақынын ыстық ықыласын жеткізіп, тамаша сый жасады.

«Ақылбек Қожаұлы – ұлттық әдебиетімізде өзіндік қолтаңба қалдырған көрнекті тұлға. Бала күнінен қасиетті қаламды жанына серік етіп келе жатыр. Бүгінгі күні ақиқат жырларымен үлкен қоғам қайраткеріне айналды. Ол – тек сыршыл ақын ғана емес, ұлтының жоғын жоқтаған нағыз қайраткер. Жерлесіміз халықаралық деңгейде мойындалған сан қырлы қаламгер. Бүгінде шығармалары түркі әлемінің ортақ рухани қазынасына айналды. Талай жырлары көрнекті ақын-жазушылар тарапынан зор баға алуы – осы сөзімнің айқын дәлелі. Бұл мерейтой бір ғана облыстың емес, барша қазаққа ортақ мереке!», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Кештің ең бір елеулі сәті өңір басшысының Ақылбек ағамызға «КІА Sportage» маркалы автокөлік тарту етуі болды.

«Халқымыз ежелден ақынын ардақтаған. Біз де салттан жығылмай, осы мерейлі сәтте мерейтой иесіне ерекше сый ретінде автокөлікті табыстауға рұқсат етіңіздер. Бұл тарту – сіздің ұлттық әдебиет пен мәдениетті дамыту жолындағы өлшеусіз еңбегіңізге көрсетілген құрмет пен халық қалауы, азаматтардың қолдауы деп білерсіздер», – деп ілтипат білдірді облыс әкімі.

Мерейтой иесіне Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың лебіз хаты да тапсырылды.

Кешке арнайы келген ҚР Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Ақылбек Шаяхмет шығармашылығы хақында ой толғады.

«Қостанайға қанша келіп жүрсем де, Ақылбекті қанша көріп жүрсем де, асау бір толқынға қарсы жүзген қайраткер қайсарлықты көремін. Ол жалғызбын деген жоқ. Артында қалың ел барына сенді. Кейде маған Ақылбек мұзжарғыш кеме сияқты көрінеді. Тоң мен мұзды бұзып-жарып артынан жол салып келеді. Ал енді ол жол ашылғаннан кейін ол жолмен жүру кейінгі толқынға да, ел-жұртқа да жеңіл емес пе? Ақынның әдебиеттегі, мәдениеттегі, ұлттық тілді орнықтырудағы, ұлттық мүдделерді қорғаудағы жанкешті еңбегі ерекше. Қайраткерлігіңіз үшін, қайтпайтын, қажымайтын, талмайтын қайсарлығыңыз үшін және осындай азаматты берген Қостанай топырағы үшін біз – бүкіл қаламгерлер қауымы қарыздармыз деп есептеймін. Ақылбектің кеше ғана балаларға арналған кішілеу-кішілеу 20 кітабы жарық көрді. Бұл аз дүние емес. Биыл балалар әдебиетінің жылы. Соған лайықты үлесін қосып отыр», деп тебірене сөйлеген Одақ басшысы ақынның кешін республикалық деңгейде өткізуге әркез атсалысуға дайын екенін жеткізді.

Құттықтаулар легі толастай бергенде мерейтой иесі ортаға шығып, әр кездері жазылған өлеңдерін оқыды. Ақын өлеңдеріне жазылған әндерді орындаған Алматы, Қостанай облыстық филармониясының әншілері шығармашылық кештің шырайын аша түсті.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды