Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Биыл облыстың денсаулық сақтау саласына 133,2 млрд теңге қаржы бөлінді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 1,6 есеге жоғары.
Қазіргі таңда облыста 438 медициналық ұйым жұмыс істейді. Оларда 13 мыңнан астам маман, соның ішінде 1,8 мыңға жуық дәрігер еңбек етуде. Соңғы 3 жылда 34 медициналық нысан бой көтерді: 2 емхана, 5 дәрігерлік амбулатория, 23 ФАП (фельдшерлік-акушерлік пункт) және 4 медпункт. Олар бұрын ауыл деңгейінде болмаған УДЗ (УЗИ) аппараттарымен, зертханалармен, оңалту жабдықтарымен және физиоаппараттармен жабдықталған.
«Жеке инвестициялар есебінен «LifeClinic» медициналық орталығы, Қостанай қаласының «Юбилейный» шағын ауданында және Қостанай ауданының Тобыл қаласында емханалар ашылды. Жақын арада Қостанай ауданының Заречный кентінде аудандық емхана өз есігін ашады. Жітіқара ауданындағы емхананы қайта құру жұмыстары аяқталды. Арқалық пен Жітіқарадағы аудандық ауруханалар қайта құрудан өткеннен кейін, ағымдағы жылы Арқалық медициналық колледжін қайта құру жұмыстары мен Амангелді және Жангелді аудандарында ФАП-тардың құрылысы басталады», – деді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.
Облыста 2 балалар орталығы ашылды. Оның бірі – республикадағы аутизммен ауыратын балаларға арналған ең ірі орталық, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығы.
Денсаулық сақтаудың 34 нысанында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыстың медициналық мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 13,4 млрд теңге қарастырылған, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 4 есе көп.
Онкологиялық ауруханаға алғаш рет сызықтық үдеткіш орнатылды. Жедел жәрдем қызметінің автопаркі 50 жаңа реанимобильмен толықты. Медициналық техникамен жабдықталу деңгейі 90%-ды құрады.
2025 жылдың өзінде облысқа 300-ден астам дәрігер келді. 120-дан астам маманға көтермеақы ретінде 446 млн теңге төленді, ал 100 медицина қызметкері тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында соңғы үш жылда 142 маманға тұрғын үй сатып алуға 1 млрд теңгеден астам сомада бюджеттік кредит берілді. Сондай-ақ 325 денсаулық сақтау қызметкеріне жалпы сомасы 119 млн теңгеден астам көтерме жәрдемақы төленді.
Сонымен қатар, жұмыс істеп жүрген дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Біздің дәрігерлер Қазақстанның жетекші медициналық орталықтарында ғана емес, шетелдерде де білімдерін жетілдіруде.
Соңғы үш жылда 50-ге жуық медицина қызметкері Израильде, Түркияда, Францияда, Ресейде және Беларусьте оқудан өтті. Онда олар пациенттерді диагностикалау, емдеу және оңалтудың заманауи технологияларын меңгеруде. Резидентурада оқу үшін 185 облыстық білім беру гранты бөлінді.
Костанай жоғары медициналық колледжі мен Арқалық медициналық колледжінің ұжымына ерекше алғысымды білдіремін. Дәл сіздер орта буын медицина қызметкерлерінің негізгі құрамын даярлап келесіздер.
Медицина – қоғамдағы ең құрметті әрі сұранысқа ие мамандықтардың бірі болып қала береді. Жыл сайын денсаулық сақтау саласымен өз болашағын байланыстыратын жастардың саны артып келеді.
Мәселен, облыстағы медициналық колледждердің түлектері саны 376-дан 620 адамға дейін өсті. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 1,6 есе көп.
Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде соңғы үш жылда дәрігер кадрларының тапшылығын 67%-ға қысқартуға қол жеткіздік: 312 маманнан 101 маманға дейін азайды.
Ақ халаттылардың еңбегінің арқасында соңғы 3 жылда өлім-жітім көрсеткіштері азайды. Халықтың өмір сүру ұзақтығы 72,67-ден 74,94 жасқа дейін артты.
— Бүгін азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауды өздерінің өмірлік мұратына айналдырған, кәсіби шеберлігі мен жанқияр еңбегі арқылы аса құрметке ие болған ардақты дәрігерлерімізге ерекше ризашылық білдіргім келеді. Хирург-дәрігер Әбілдин Қанат Мырзалимұлы, балалар хирургі Белобржицкий Игорь Всеволодович, онколог Дженджара Игорь Васильевич, акушер-гинеколог Аутенов Борис Балғабаевич және басқа да көптеген білікті мамандардың есімдерін ерекше атап өткен жөн. Олар ұзақ жылдар бойы мыңнан астам күрделі оталарды сәтті орындады. Әрбір отаның артында аман қалған адам өмірі, сақталған отбасы және болашаққа деген үміт тұр. Денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан, бүкіл ғұмырын адам өмірін сақтауға арнаған медицина саласы ардагерлеріне ерекше алғыс білдіремін! Якимов Валентин Борисович, Мальчубаева Купей Абдрахмановна, Янцен Иван Абрамович, Тұтқұшев Сұлтан Серікбайұлы және басқа да көптеген ардақты азаматтар – өңірдің денсаулық сақтау жүйесінің дамуына зор еңбек сіңірген тұлғалар. Олардың кәсіби тәжірибесі, адал еңбегі мен парасатты ұстанымдарының арқасында денсаулық сақтау жүйесі жұмыс істеп, дамып, халық игілігіне қызмет етіп келеді. Облыс тұрғындарының денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға қосқан үлестеріңіз шексіз. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке, мол бақыт, отбасыларыңыздың амандығы мен жақындарыңыздың қолдауын тілеймін. Ел игілігі жолындағы абыройлы қызметтеріңізге жаңа жетістіктер серік болсын!-деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды