Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің орман шаруашылығы мекемелеріне 25 өрт сөндіру техникасының кілтін тапсырды. Соңғы үш жылда орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға шамамен 8 млрд теңге бағытталды. Осы кезеңде 51 өрт сөндіру автокөлігі, 86 трактор, 36 шағын орман өртін сөндіру кешені және 78 патрульдік техника сатып алынған.
Мемлекет басшысы орман алқаптарын кеңейтуді және оларды қорғауды жалпыұлттық басымдықтардың бірі ретінде қарап, орман шаруашылықтарының техникамен және кәсіби мамандармен қамтылуына аса назар аударуды тапсырған болатын.
«Бүгінде орман күзеті қызметкерлерінің штаттық құрамы толық жасақталды. Қызметкерлер саны 825 адамнан 1 242 адамға дейін ұлғайып, 51%-ға артты. Орташа жалақы көлемі 150 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін өсті. Соңғы үш жылда орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға шамамен 8 млрд теңге бағытталды. Осы кезеңде 51 өрт сөндіру автокөлігі, 86 трактор, 36 шағын орман өртін сөндіру кешені және 78 патрульдік техника сатып алынды. Нәтижесінде орман шаруашылығы мекемелерінің техникамен қамтамасыз етілу деңгейі 76%-дан 90%-ға дейін өсті. Өрттің алдын алу және оны ерте кезеңде анықтау жұмыстары да ерекше маңызға ие. 2025 жылы, соңғы 30 жылда алғаш рет, Әулиекөл ауданында биіктігі 35 метрлік өртті бақылау мұнарасы салынды. Алдағы үш жылда тағы 20 мұнара саламыз. Соның нәтижесінде 2028 жылдың соңына дейін облыстың орман алқаптары 100 пайыз өртті бақылау мұнараларымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ өртті ерте анықтауға арналған бейнебақылау жүйесінің камераларының санын жыл сайын көбейтіп келеміз. Бұл жүйе өрт ошақтарын автоматты түрде анықтап, ақпаратты диспетчерлік пункттің мониторына жедел жеткізеді. Өткен жылдан бері 40 камера жұмыс істеп, орман қорының 70%-ын қамтып отыр, – деді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.
Ал 2022 жылы небәрі облыста 8 камера ғана болған. Яғни, олардың саны 5 есеге артты. Қабылданған шаралардың нәтижесінде бір орман өртінің орташа ауданы 11,4 гектардан 4,6 гектарға дейін, яғни 2,5 есеге азайды.
Бүгін – облыстың орман шаруашылығы мекемелері үшін айтулы күн. Біз 25 заманауи өрт сөндіру автокөлігінің кілтін табыстаймыз. Осылайша орман шаруашылығы мекемелерінің өрт сөндіру автокөліктерімен қамтамасыз етілу деңгейі 100 пайызға жетіп отыр.
Бұл өрт ошақтарына жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырып, орман қорын сенімді қорғауға және өрттен келетін экологиялық әрі экономикалық залалды барынша азайтуға мүмкіндік береді.
— Біздің міндетіміз – ормандарды қорғаудың заманауи, тиімді әрі технологиялық жүйесін қалыптастыру. Алайда ешбір техника адам еңбегін алмастыра алмайды. Өйткені орман саласының басты күші – сіздер, сіздердің кәсібиліктеріңіз бен өз ісіңізге деген адалдықтарыңыз. Мемлекет басшысы өрт сөндірушілер мен орман шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегін нағыз ерлікке тең еңбек деп бағалайды, – деді облыс әкіміҚұмар Ақсақалов.
Қабылданып жатқан шаралардың арқасында орман өрті 2,5 есеге азайды.
Сөз соңында облыс әкімі орман шаруашылығы қызметкелеріне адал еңбектері үшін алғыс айтты.
— Құрметті орман шаруашылығы қызметкерлері! Сіздерге жанқияр еңбектеріңіз бен таңдаған істеріңізге адалдықтарыңыз үшін алғыс білдіремін. Жаңа техника жауапты да қиын қызметтеріңізде сенімді көмекші болып, ұзақ жылдар бойы тиімді әрі үздіксіз жұмыс жасасын. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және өрт маусымының тыныш өтуін тілеймін. Қостанай облысының игілігіне атқаратын қызметтеріңізде жаңа табыстар мен жетістіктер көп болсын!-деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды