Қостанай облысында көлік инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы ауқымды жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның жарқын көрінісі – Әулиекөл ауданындағы Құсмұрын кентінде теміржол вокзалының күрделі жөндеуден өтіп, салтанатты түрде пайдалануға берілуі. Бұл – облыста жаңғырту жоспарланған алты теміржол вокзалының екіншісі. Жыл басында дәл осындай жаңартылған нысан Аманқарағай станциясында пайдалануға берілген болатын.
Теміржол вокзалы – кез келген елді мекеннің көлік қақпасы ғана емес, оның келбетін айқындайтын маңызды нысан. Сондықтан мұндай ғимараттардың заманауи талаптарға сай болуы тұрғындар мен жолаушылар үшін ерекше маңызға ие.
Құсмұрын вокзалының ғимараты 1949 жылы салынған. Ұзақ жылдар бойы теміржолшылар ғимаратты күтіп ұстап келгенімен, соңғы рет ағымдағы жөндеу жұмыстары шамамен 15 жыл бұрын ғана жүргізілген еді. Уақыт өте келе инженерлік жүйелердің тозуы, ғимараттың ескіруі және жолаушыларға қойылатын талаптардың өзгеруі кешенді жаңғырту жұмыстарын қажет етті.
Қайта жаңарту жұмыстарын «Қостанай Строй KST» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, барлық міндеттемелерді белгіленген мерзімде орындады.
Жоба барысында ғимараттың шатыры толық жөнделіп, барлық инженерлік желілер жаңартылды. Электрмен жабдықтау, жылыту, сумен қамтамасыз ету және кәріз жүйелері заманауи стандарттарға сәйкестендірілді.
Жолаушыларға арналған күту залдары жаңартылып, билет кассалары жаңа форматта жабдықталды. Санитарлық тораптар толық қайта жасақталып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы санитарлық бөлме мен пандус орнатылды. Бұл вокзалдың барлық санаттағы азаматтар үшін қолжетімді болуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жертөле мен барлық қызметтік кабинеттер жөнделіп, теміржол қызметкерлеріне арналған төрт душ бөлмесі жабдықталды. Соның нәтижесінде қызметкерлердің еңбек жағдайы да айтарлықтай жақсарды.
Жөндеу барысында гипсокартон қабырғалары алынып, ғимараттың ішкі кеңістігі тиімді пайдаланылды. Соның арқасында вокзалдың ішкі пайдалы аумағы 893 шаршы метрден 944 шаршы метрге дейін ұлғайды.
Қайта жаңғырту кезінде ғимараттың тарихи сәулеттік ерекшеліктерін сақтау мәселесіне ерекше назар аударылды.
Бұрыннан келе жатқан арка тәрізді терезелер, вокзалға тән кіреберіс композициясы мен сәулеттік элементтер өзгеріссіз сақталды. Ғимараттың сыртқы түсі де жаңартылып, бұрынғы ашық сары реңктің орнына қазіргі заманғы үйлесімді түстер қолданылды.
Ашылу салтанатына қатысқан Құсмұрын тұрғындары вокзалдың жаңа келбетіне оң бағасын беріп, тарихи бейнесінің жоғалмағанын ерекше атап өтті.
Жоба тек вокзал ғимаратымен ғана шектелген жоқ. Жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында екі теміржол платформасы қайта жаңартылды.
Аралдық платформаның ұзындығы 430 метрден 462 метрге дейін ұзартылса, жағалық платформа 491 метрден 540 метрге дейін кеңейтілді. Бұл қазіргі заманғы ұзын құрамды пойыздарды қабылдауға мүмкіндік береді.
Бүгінде Құсмұрын станциясы арқылы қала маңындағы пойыздарды қоса алғанда тәулігіне 12 пойыз қатынайды. Қазіргі уақытта барлық бағыттар Қазақстан аумағы ішінде жүзеге асырылады.
Вокзалдың ашылу рәсіміне қатысқан Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов көлік инфрақұрылымын жаңғырту өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін аса маңызды екенін атап өтті.
Өңір басшысының айтуынша, Құсмұрын кентінде жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар алдағы жылдары жүк тасымалы мен жолаушылар ағынын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
— Бұрын станция 17 вагондық құрамдарды ғана қабылдай алатын. Енді 21 вагондық пойыздарды қабылдау мүмкіндігі бар. Бұл – алдағы экономикалық өсімге дайындық. Экономика дамыған сайын өндіріс көлемі артып, өңіраралық байланыстар нығаяды. Соған сәйкес жүк тасымалы да, жолаушылар легі де көбейеді, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Мұндай өзгерістер тек теміржол саласының ғана емес, жалпы өңір экономикасының дамуына оң ықпал етеді. Вокзал ғимараты жаңартылғаннан кейін оның айналасын көркейту жұмыстары да жүргізілді.
Облыстық бюджеттен Әулиекөл ауданындағы екі станцияның вокзал маңындағы аумақтарын абаттандыруға 100 миллион теңге бөлінді.
Құсмұрында вокзал алды толық асфальтталып, жол белгілері мен таңбалары салынды. Серуендеуге арналған аймақтар жасалып, орындықтар орнатылды. Заманауи жарықтандыру жүйесі іске қосылып, сәндік аркалар қойылды. Аумаққа қарағай көшеттері отырғызылып, көгалдандыру жұмыстары басталды.
Сонымен бірге вокзал алдындағы үлкен саябақты толыққанды демалыс аймағына айналдыру жұмыстары алдағы уақытта жалғасады. Бұл жөнінде облыс және аудан басшылығы тұрғындармен кездесу барысында мәлімдеді.
Құсмұрын вокзалын қайта жаңғырту жобасының жалпы құны 962,3 миллион теңгені құрады. Жобаның тапсырыс берушісі – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ.
Соңғы жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Теміржол вокзалдарын жаңарту – тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған маңызды бастама.
Құсмұрын вокзалының жаңаруы – бір ғана ғимараттың жөнделуі емес. Бұл – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, көлік қатынасын дамытуға және өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған кешенді жұмыстың нәтижесі.
Жаңартылған вокзал енді мыңдаған жолаушыны заман талабына сай жағдайда қарсы алып, шығарып салатын болады. Алдағы жылдары өңірде жүзеге асатын жаңа инвестициялық жобалар мен өндірістердің дамуы теміржол инфрақұрылымының маңызын одан әрі арттыра түсетіні сөзсіз.
Құсмұрын вокзалының жаңғыруы – Қостанай облысында жүргізіліп жатқан жүйелі жаңғырту жұмыстарының нақты нәтижесі әрі ел игілігіне бағытталған маңызды жобалардың бірі.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды