Қостанай облысында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жалғасуда.
Өңірде өндірістік қуаттарды арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жобалар қолға алынған.
Соңғы жылдары облыстың агросекторына инвестиция тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жалпы құны 84 млрд теңгені құрайтын 144 инвестициялық жоба іске асырылып, нәтижесінде 980 жаңа жұмыс орны ашылды. 2025 жылдың өзінде 26,2 млрд теңге көлеміндегі 33 жоба пайдалануға берілді.
Іске қосылған жобалардың негізгі бағыттары – өнеркәсіптік сүт-тауар фермаларын салу, суармалы егіншілікті дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу. Әрбір ірі жобаның құны 1 млрд теңгеден асады.
Сүтті мал шаруашылығы саласында жалпы инвестиция көлемі 16,4 млрд теңгені құрайтын төрт жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде 3,3 мың басқа арналған заманауи мал шаруашылығы кешендері іске қосылып, шамамен 140 жұмыс орны құрылды. Жаңа кәсіпорындардың жылдық өндірістік қуаты 27,2 мың тонна сүтті құрайды. Бұл өңірдегі сүт өңдеу кәсіпорындарын тұрақты шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Суармалы егіншілікті дамыту бағытында да бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Жалпы құны 2,4 млрд теңге болатын екі жоба аясында 1,5 мың гектар жер суармалы алқапқа айналды. Бұл су үнемдеу технологияларын енгізуге және ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға жол ашты.
Сонымен қатар облыста ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуге бағытталған өндірістер дамуда. Инвестиция көлемі 1,1 млрд теңгені құрайтын ет-сүйек ұнын өндіру цехы іске қосылды. Бұл саладағы қосылған құны жоғары өнім өндірісін арттыруға мүмкіндік береді.
Қостанай облысында сүтті мал шаруашылығын дамыту негізгі бағыттардың бірі болып отыр. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында 49 млрд теңге қарастырылып, оның 37,8 млрд теңгесі жылына 80 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік беретін 13 сүт-тауар фермасын салуға бағытталды.
Қазіргі уақытта жылдық қуаты 46 мың тонна сүт өндіруге жететін жеті ферма іске қосылды. Бұл кешендерде 5,7 мың бас ірі қара мал өсірілуде. Жобалар кезең-кезеңімен толық қуатына шығарылады.
Бағдарлама аясында биыл тағы да бірқатар жобаларды қаржыландыру жоспарланған. Оның ішінде «Халық Агро KST» серіктестігінің 5,2 мың тоннаға арналған көкөніс сақтау қоймасын салу жобасы бар. Жобаның құны – 1,2 млрд теңге.
Сондай-ақ «Қостанай Осетр» серіктестігі форель өсіру және өңдеу цехын салу жобасын жүзеге асыруда. Кәсіпорын жылына 50 тонна өнім өндіруге мүмкіндік алады.
Алдағы жылдарға арналған инвестициялық жобалардың жол картасына сәйкес, 2026–2028 жылдары облыста жалпы құны 553 млрд теңге болатын 42 жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды