Халықаралық әріптестік нығаймақ

9 июля 2026 9:11 • 50 просмотров

Соңғы жылдары Қостанай университеттері халықаралық әріптестікті дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл оқу орындарының беделін арттырып қана қоймай, студенттерге әлемдік деңгейдегі білім алу мүмкіндігін береді.

Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті АҚШ-тағы Minnesota Morris университетімен бірлесіп қос дипломды білім беру бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама аясында бірнеше студент оқуын Америка Құрама Штаттарында жалғастыру мүмкіндігіне ие болды.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Оңтүстік Кореядағы Dong-Eui университетімен де қос дипломды білім беру жөнінде меморандумға қол қойылғанын аттап өтті.

«Мемлекет басшысы әрқашан жастарды қолдап, «Еліміздің жарқын болашағы – өскелең ұрпақтың қолында» деп айтып келеді. Әрбір жас азаматтың туған жерінде білім алып, еңбек етіп, болашағын құруына мүмкіндік жасау – мемлекеттік саясаттың басты міндеттерінің бірі. Бүгінде жастар облыс халқының шамамен төрттен бір бөлігін құрайды. Сондықтан олардың сапалы білім алуына, тұрақты жұмысқа орналасуына және кәсіби өсуіне қолайлы жағдай жасау маңызды», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Соңғы жылдары өңір жастарының өз облысындағы жоғары оқу орындарын таңдауы айтарлықтай артқан. Егер бірнеше жыл бұрын мектеп пен колледж түлектерінің жартысына жуығы ғана Қостанай университеттеріне түссе, бүгінде бұл көрсеткіш алпыс пайыздан асты.

«Бұл – өңірлік жоғары оқу орындарының білім сапасы мен беделі артып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш. Жастар туған өңірінде қалып, білім алып қана қоймай, болашақ мамандығын нақты өндіріс орындарымен байланыстырып оқуға мүмкіндік алып отыр. Бүгінде университеттер мен колледждер өндіріс орындарымен тығыз жұмыс жүргізуде. Машина жасау кәсіпорындары, ауыл шаруашылығы өндірістері мен цифрлық технология компаниялары оқу орындарының негізгі серіктестеріне айналған. Студенттер оқу барысында өндірістік тәжірибеден өтіп, жаңа технологияларды меңгереді. Көп жағдайда жұмыс берушілер жас мамандарды диплом алмай тұрып-ақ жұмысқа шақырады. Өңірдегі ірі кәсіпорындардың да кадр даярлауға қосып отырған үлесі зор. Қазіргі таңда Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігінің қаржысы есебінен екі жүзден астам студент жоғары білім алып жатыр. Сонымен қатар Allur, «Баян Сұлу», «Қазақстан алюминийі», «Қостанай Су», «Варваринское» және басқа да ірі кәсіпорындар жүзден астам студенттің оқу ақысын төлеп келеді», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды