Қазақстандық Allur автомобиль компаниясы мен қытайлық Li Auto өндірушісі Астанада стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Енді Қостанайдағы Allur зауытында Li Auto маркалы автокөліктер шығарылады.
Келісім аясында Қостанайдағы Allur зауытында Li Auto автомобильдерін сериялық өндіру, өндірісті жергіліктендіру және автокомпоненттердің өзіндік өндірістік базасын дамыту көзделген.
Li Auto компаниясының халықаралық бизнес жөніндегі басқарушы директоры Нестор Вудың айтуынша, компания өзінің алғашқы шетелдік серіктесін таңдауға ерекше жауапкершілікпен қараған.
— Қазақстан Li Auto автомобильдері Қытайдан тыс жерде шығарылатын алғашқы мемлекетке айналды. Ал Allur бренді өз өндірістік алаңында сериялық өндірісті жүзеге асыру сеніп тапсырылған әлемдегі алғашқы серіктес болды. Бұл – Li Auto компаниясының жаһандық дамуы мен автомобиль өнеркәсібіндегі халықаралық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі, – деді Li Auto компаниясының халықаралық бизнес жөніндегі басқарушы директоры Нестор Ву.
Li Auto өкілдерінің айтуынша, Allur компаниясының алғашқы шетелдік өндірістік серіктес ретінде таңдалуына кәсіпорынның заманауи өндірістік инфрақұрылымы, жоғары білікті мамандар ұжымы және халықаралық брендтерді жергіліктендіру бағытындағы тәжірибесі негіз болған.
Өз кезегінде Allur компаниясының президенті Оксана Холстинина бұл келісімнің маңыздылығына тоқталды.
— Біз үшін Li Auto компаниясының Қытайдан тыс жердегі алғашқы серіктесі атану – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Бұл – ортақ құндылықтар мен тұтынушыларға заманауи автомобильдер ұсынуға деген ұмтылысқа негізделген ұзақ мерзімді әріптестіктің бастауы, – деді Allur компаниясының президенті Оксана Холстинина.
Келісімге қол қою рәсімінде атап өтілгендей, Қостанайдағы Allur зауыты бүгінде автомобиль өндірісі саласында мол тәжірибеге және жоғары өндірістік құзыретке ие. Li Auto компаниясымен серіктестік кәсіпорынның дамуындағы келесі маңызды кезең болып, жоғары технологиялық, оның ішінде жасанды интеллектке негізделген автомобильдерді өндіру саласындағы жаңа құзыреттерді игеруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар кадрлық әлеуетті дамытуға ерекше назар аударылады. Li Auto қазақстандық инженерлерді даярлау ісіне қатысып, жаңа буын автомобильдерін шығаруға қажетті кәсіби құзыреттерді қалыптастыруға ықпал етеді.
Компания өкілдерінің мәліметінше, алғашқы кезеңде Қостанайдағы зауытта Li L6, Li L8 және Li L9 гибридті модельдерін шығару жоспарланған. Ал жыл соңына дейін жергілікті нарыққа бейімделген 2026 жылғы жаңартылған үлгілер өндіріске енгізіледі.
Сонымен қатар Allur компаниясы Li Auto дилерлік желісін кеңейту жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда брендтің дилерлік орталықтары Астана мен Алматы қалаларында жұмыс істейді. Алдағы уақытта оларды еліміздің басқа өңірлерінде де ашу жоспарланған. Ал жыл соңына қарай Қазақстан нарығына бейімделген 2026 жылғы жаңартылған үлгілердің өндірісі басталады.
Сонымен қатар Li Auto отандық инженерлерді даярлауға атсалысады. Компания жасанды интеллектке негізделген автокөлік мамандарының біліктілігін арттыруға қолдау көрсетеді.
Қостанай облысы бүгінде еліміздің жетекші индустриялық өңірлерінің бірі ретінде өз позициясын нығайтып келеді. Өңір экономикасының негізін өңдеу өнеркәсібі құрайды. Оның үлесіне жалпы өнеркәсіп өндірісінің 70 пайыздан астамы тиесілі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қостанай облысы өңдеу өнеркәсібі өнімдерін өндіру көлемі бойынша республикада төртінші орынға ие болды.
Өңір экономикасының негізгі қозғаушы күштері – машина жасау және металлургия салалары. Бүгінде машина жасау өндірісі облыстың өңдеу өнеркәсібінің жартысына жуығын құрайды. Қостанай облысы еліміздің автомобиль жасау орталығына айналып келеді. Қазақстанда шығарылатын барлық автокөліктің 55 пайыздан астамы дәл осы өңірде өндіріледі. Өткен жылы облыс кәсіпорындары 95 мыңға жуық автокөлік шығарса, биыл бұл көрсеткішті 116 мыңнан астам бірлікке жеткізу жоспарланып отыр.
Автомобиль жасау саласының көшбасшылары қатарында «СарыарқаАвтоПром» және «KIA Qazaqstan» зауыттары бар. Сонымен қатар облыста ауыл шаруашылығы машина жасау саласы да қарқынды дамуда. Өңірде әлемге танымал LOVOL, Deutz-Fahr, AMAZONE брендтерінің техникалары, сондай-ақ «Кировец» және «Белорус» тракторлары құрастырылуда. Маңызды жобалардың бірі – Қостанайдағы локализациялық орталық базасында John Deere техникасын өнеркәсіптік құрастыру жөніндегі келісімнің жасалуы.
Өңір экономикасына металлургия саласы да қомақты үлес қосуда. Қостанай облысында болат прокаты мен «Доре» қорытпасын өндіретін кәсіпорындар жұмыс істейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша металлургиялық өндіріс көлемі 416 млрд теңгеден асты.
Өнеркәсіптің тұрақты дамуы өндіріс көлемінің артуына, экспорттық әлеуеттің кеңеюіне және жаңа жұмыс орындарының құрылуына жол ашуда. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының тұрақтылығын арттырып, оның бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.
Соңғы жылдардағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірі – Мемлекет басшысының қатысуымен іске қосылған Қостанайдағы KIA Qazaqstan автозауыты. Жобаның жалпы құны 131,5 млрд теңгені құрады, оның 90 пайызы – тікелей шетелдік инвестициялар. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 70 мың автокөлік шығаруға мүмкіндік береді. Жоба аясында 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады.
Бүгінде зауыт төңірегінде автокомпоненттер өндірісінің тұтас кластері қалыптасуда. Соның бірі – құны 17,8 млрд теңгені құрайтын TEHNOPARK KZ жобасы. Жоба аясында 800 жаңа жұмыс орны құрылып, KIA автокөліктеріне арналған бамперлер, салон элементтері, орындықтар, электр сымдары және басқа да бөлшектер өндіріледі. Сонымен қатар технологиялық жабдықтарды дамытуға қосымша 49,4 млрд теңге инвестиция салу жоспарланған.
Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруда KamLit KZ компаниясының жобалары да ерекше орын алады. Өткен жылы жалпы құны 160,5 млрд теңгені құрайтын екі жаңа кәсіпорын іске қосылды. Нәтижесінде 650 жұмыс орны ашылды. Кәсіпорындар жетекші көпірлердің басты берілістерін өндіруге және жетекші көпір арқалықтарын локализациялауға маманданған.
Жалпы алғанда, 2025 жылы Қостанай облысында құны 322 млрд теңгені құрайтын жеті ірі индустриялық жоба іске асырылып, 3,3 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Ал 2026 жылы жалпы құны шамамен 100 млрд теңгені құрайтын тағы 13 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Өңірдің логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтуде Қостанай қаласында жүзеге асырылатын «Тобыл» көлік-логистикалық кешенінің маңызы зор. Жобаның инвестициялық көлемі 63,8 млрд теңгені құрайды. Кешен іске қосылғаннан кейін 500 жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 400 мың контейнерге дейін өңдеу мүмкіндігіне ие болады.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды