Тұрғындар қауіпсіздігі басты назарда

9 июля 2026 9:16 • 44 просмотров

Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Қостанай облысының Тобыл қаласында № 28 өрт сөндіру бөлімінің ашылу рәсіміне қатысты. Салтанатты іс-шараға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов та қатысты. Жаңа нысан Тобыл қаласының тарихындағы алғашқы кәсіби өрт сөндіру бөлімі әрі өңірдің азаматтық қорғау жүйесін дамытудағы маңызды қадам.

Заманауи өрт сөндіру депосы жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен салынды. Жаңа бөлімше 13 мыңға жуық тұрғыны бар 23 елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Өрт сөндіру бөлімінде тәулік бойы қызмет атқаруға және төтенше жағдайларға жедел ден қоюға қажетті барлық жағдай жасалған. Мұнда газ-түтіннен қорғау қызметінің бекеті, оқу сыныбы, диспетчерлік пункт, жеке құрамның демалуына және даярлығына арналған бөлмелер, сондай-ақ өрт-техникалық қару-жарақ пен жабдықтарды сақтау және қызмет көрсету аймақтары жабдықталған. Штат бойынша бөлімде 32 қызметкер жұмыс істейді және бес бірлік өрт сөндіру техникасымен жарақтандырылған.

«Мемлекет басшысы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өртке қарсы қызметті жаңғыртуға және оны заманауи материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп келеді. Облысымызда осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соңғы үш жылда аймақтағы төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. 20 өрт сөндіру автокөлігі, 1 командалық-штабтық автокөлік, жол талғамайтын 26 арнайы техника сатып алынды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ғимараты, қалалық және аудандық өрт сөндіру бөлімдері мен құтқару станциясына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл бұл салаға 1,4 млрд теңге қарастырылған, көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 4,2 есе жоғары», – деді облыс басшысы Құмар Ақсақалов.

default

Соңғы үш жылда орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 8 млрд теңге бағытталды. 51 өрт сөндіру автокөлігі сатып алынды. 86 трактор, 36 шағын орман өртін сөндіру кешені және 78 патрульдік техника алынды. Екі апта бұрын ғана 25 көлік тапсырылған болатын.

Бүгінде орман шаруашылығы мекемелерінің техникамен қамтамасыз етілу деңгейі 90%-ке жетті. Ал өрт сөндіру автокөліктерімен қамтамасыз етілу көрсеткіші 100%-ті құрайды.

Салтанатты рәсім барысында Шыңғыс Әрінов пен Құмар Ақсақалов Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелеріне берілетін жаңа арнайы техниканың кілттерін табыстады. Гарнизонның автопаркі жедел-қызметтік автокөліктермен, командалық-штабтық автокөлікпен, өрт сөндіру автоцистерналарымен және автосатылармен толықты. Жобаны іске асыруға және азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдардың өкілдері Төтенше жағдайлар министрлігінің және облыс әкімдігінің ведомстволық наградаларымен марапатталды.

Жаңа өрт сөндіру бөлімінің ашылуы Тобыл қаласы мен оған іргелес елді мекендердің өрт қауіпсіздігі деңгейін едәуір арттыруға, алғашқы бөлімшелердің оқиға орнына жету уақытын қысқартуға және төтенше жағдайларға жедел ден қоюды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нысанды дамыту жұмыстары жалғасады. Екінші кезеңде оқу мұнарасын, жеке құрамға арналған жатақхананы және спорт кешенін салу жоспарланған. Барлық кезең аяқталғаннан кейін өрт сөндіру бөлімі азаматтық қорғау жүйесінің талаптарына толық сәйкес келетін, жеке құрамды даярлау мен қызмет өткеруге арналған заманауи орталыққа айналады.

Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Қостанай облысына жұмыс сапары аясында Рудный қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының № 2 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне барды. 1960 жылы пайдалануға берілген ғимаратқа ұзақ жылдардан кейін алғаш рет кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Министрге жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жүзеге асырылған жұмыстардың нәтижесі таныстырылды. Өрт сөндіру бөлімшелерінің инфрақұрылымын жаңғырту азаматтық қорғау жүйесін дамытудың басым бағыттарының бірі.

Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі Рудный қаласы мен оған жақын орналасқан екі елді мекеннің, жалпы саны шамамен 124 мың тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Соңғы жылдары бөлімде терезе блоктары толық ауыстырылып, шатыр жөнделді, әкімшілік ғимарат пен резервтік гараждардың қасбеттері жаңартылды. Биыл диспетчерлік пунктте, асүйде, санитарлық торап пен душ бөлмелерінде жөндеу жұмыстары аяқталып, бұл жеке құрамның қызмет атқару жағдайын едәуір жақсартуға мүмкіндік берді.

Министр жаңартылған қызметтік және тұрмыстық үй-жайларды, сондай-ақ Batyr Team жаңа спорт залын аралап көрді. Заманауи жаттығу алаңы жеке құрамның дене дайындығын жоғары деңгейде ұстап тұруға және өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың кәсіби даярлығын арттыруға мүмкіндік береді.

Сапар қорытындысы бойынша Шыңғыс Әрінов қызметкерлердің сапалы қызмет атқаруына қолайлы жағдай жасау Төтенше жағдайлар министрлігінің негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Өрт сөндіру бөлімшелерін кезең-кезеңімен жаңғырту олардың материалдық-техникалық базасын нығайтып, жеке құрамның жауынгерлік әзірлігін арттыруға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиімді орындауға ықпал етеді.

Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Қостанай облысына жұмыс сапары аясында № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында орналасқан қайта жаңғыртылған «Батыр» спорт кешеніне барды. ТЖМ басшысына азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің оқу-жаттығу сабақтарын өткізуге, кәсіби даярлығын жетілдіруге және өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша жарыстар ұйымдастыруға арналған кешеннің мүмкіндіктері таныстырылды.

Министрге спорт кешенінің инфрақұрылымында жүргізілген жаңғырту жұмыстары таныстырылды. Жоба аясында оқу мұнарасы мен жаттығу корпусы заманауи талаптарға сай қайта жабдықталып, киім ауыстыратын және душ бөлмелері пайдалануға берілді, сондай-ақ жаңа спорттық құрал-жабдықтармен толықтырылды. Нәтижесінде жеке құрамның жыл бойы жаттығу өткізуі мен практикалық даярлығын жетілдіруге қолайлы жағдай жасалды.

Сапар барысында Шыңғыс Әрінов қоян-қолтық ұрыс, қазақ күресі және өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша балалар мен ересектер құрамаларының тәрбиеленушілерімен кездесті. Спортшылар көрсетілім қойылымдарын ұсынып, одан кейін министр жаттықтырушылармен және құрама мүшелерімен әңгімелесті.

ТЖМ басшысы Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығына атқарылған жұмыстар үшін алғыс білдіріп, заманауи спорттық инфрақұрылым азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің сапалы даярлығын қамтамасыз етуге және ведомстволық спортты дамытуға ықпал ететінін атап өтті.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды