Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Ұзынкөл ауданында болып, әлеуметтік, өндірістік және инфрақұрылымдық нысандардың жұмысымен танысты. Ұзынкөл ауданында жаңа жобалар жүзеге асырылуда.
Сапар Миролюбов ауылынан басталды. Мұнда өңір басшысы «Восход» өндірістік кооперативінің қаражаты есебінен салынып жатқан демалыс саябағының құрылыс барысын көрді. Құны 60 млн теңге болатын жоба аясында спорт алаңдары, балалар ойын аймағы, серуендеу жолдары мен демалыс орындары салынып жатыр. Нысанды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Облыс әкімі бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасының мақсаттарына толық сәйкес келетінін атап өтті.
— Бағдарлама басталғалы бері облыста 400-ден астам қоғамдық кеңістік абаттандырылып, 250-ден астам балалар және спорт алаңы орнатылды. 600-ге жуық заңсыз қоқыс үйіндісі жойылып, 1250-ден астам ескі ғимарат сүрілді. 277 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Биыл тағы 77,3 мың көшет егу жоспарланып отыр. Біздің басты мақсатымыз – барлық елді мекендерде тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, – деді Құмар Ақсақалов.
Бағдарлама жүзеге асырылған уақыттан бері облыста 400-ден астам қоғамдық кеңістік абаттандырылып, 250-ден астам балалар және спорт алаңы орнатылды. Сонымен қатар 600-ге жуық рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі жойылып, 1250-ден астам ескі және қараусыз қалған ғимарат сүрілді. Облыс аумағында 277 мыңнан астам ағаш пен көшет отырғызылды. Биыл облыстың елді мекендерінде 77,3 мың көшет отырғызу жоспарланған. Көктемгі көгалдандыру жұмыстары барысында 46 мыңнан астам ағаш және 6 200 бұта отырғызылды. Сондай-ақ 74 көппәтерлі тұрғын үйді жөндеу, 79 балалар алаңын орнату және 422-ден астам ескі әрі апатты тұрғын үйді бұзу көзделген. Біздің мақсатымыз – коммуналдық инфрақұрылым мен қоғамдық кеңістіктерді жақсарту арқылы барлық елді мекендерде тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ершов ауылындағы «Ершовское-2» ЖШС-нің егіс алқаптарын аралады. Биыл шаруашылықта 8,8 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Серіктестікте 80 адам еңбек етеді.
Сондай-ақ кәсіпорын өз қаражаты есебінен құны 110 млн теңге болатын әмбебап спорт залын салып жатыр. Нысан қыркүйек айында пайдалануға беріледі.
— Соңғы үш жылда облыста 30-дан астам спорт нысаны салынды. Қазіргі уақытта тағы жеті ірі спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Мұндай жобалар тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі.
Сапар барысында «Жалғызкөл» демалыс аймағының құрылысы таныстырылды. Құны 50 млн теңге болатын жоба аясында жаяу жүргіншілер көпірі, серуендеу аймақтары мен демалыс орындары салынып жатыр. Жоба өңірдегі туризмді дамытуға бағытталған.
Облыс әкімі сондай-ақ «Таза Қазақстан» бағдарламасының белсенді қатысушылары Горбатенковтар отбасына барып, олардың туған ауылдың тазалығы мен көркеюіне қосып жүрген үлесін жоғары бағалады.
«Тұрғын үй алаптары мен саябақтарда 80-нен астам спорт алаңы пайдалануға берілді. Соның арқасында тұрғындардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалып, бұқаралық спорттың қолжетімділігі артты. Қазіргі уақытта өңірде тағы жеті ірі спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, Триатлон саябағы ауданында Үстел теннисі орталығы мен көпфункционалды стадион, сондай-ақ еліміздегі ең ірі жабық «Осьминог» аквапаркі салынуда. Алдағы уақытта Қостанай қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен «Астана» шағын ауданында жаңа Спорт сарайының құрылысы басталады. Сонымен қатар Арқалық қаласында жабық хоккей корты және «Самұрық-Қазына» қорының қаржысы есебінен көпфункционалды дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеруде. Бұл нысандардың барлығы тек спорттық инфрақұрылым ғана емес, жастар мен жергілікті тұрғындардың бас қосып, уақытын тиімді өткізетін тартымды орталықтарына айналмақ. Осындай маңызды жобалардың бірі Ұзынкөл ауданының Ершов ауылында жүзеге асырылуда. Мұнда құны 110 миллион теңге болатын ангар үлгісіндегі спорт залының құрылысы жүргізілуде. Жоба «Ершовское-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меншікті қаражаты есебінен іске асырылуда. Бұл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің және ауданның спорт инфрақұрылымын дамытуға қосқан нақты үлесінің жарқын көрінісі», – деді Құмар Ақсақалов.
Сапардың келесі нысаны республикалық маңызы бар «Мамлютка – Қостанай» автомобиль жолының жөнделіп жатқан учаскесі болды. Биыл облыстың жол саласын дамытуға шамамен 40 млрд теңге бөлінді. Жыл соңына дейін 286,5 шақырым республикалық жол жөнделеді.
— Биыл облыстың жол саласын дамытуға шамамен 40 млрд теңге бағытталды. Оның ішінде 25,2 млрд теңге республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге бөлінген. Жыл соңына дейін жалпы ұзындығы 286,5 шақырым жол жөнделеді. Сонымен қатар 13 елді мекендегі ұзындығы 67,8 шақырымды құрайтын 83 көше орташа жөндеуден өтеді. «Республикалық маңызы бар «Қостанай – Мамлютка» автомобиль жолының жай-күйімен таныстым. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 5,6 млрд теңге. Жұмыстар жалпы ұзындығы 43 шақырым болатын екі учаскеде жүргізілуде. Оның ішінде Ұзынкөл кентінен Ершов ауылына дейінгі 17 шақырым және Нечаев кентінен Тобыл қаласына дейінгі 26 шақырым жол қамтылған. Бүгінгі күні жол жабынын фрезерлеу, ресайклинг жұмыстары орындалып, сондай-ақ ұзындығы 13,2 шақырым учаскеде жол төсемінің төменгі қабаты төселді. Бұл жалпы жұмыс көлемінің 31 пайызы. Жөндеу жұмыстарын ағымдағы жылдың қараша айында толық аяқтау жоспарланып отыр. Жоба тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы жол қозғалысын қамтамасыз етіп, елді мекендер арасындағы көлік қатынасының сапасын арттырады», – деді облыс әкімі.
Ұзынкөл аудандық ауруханасының ғимаратын қайта жаңғырту жобасы да таныстырылды. Жобаға 1,7 млрд теңге бөлініп, ғимараттың қасбеті, инженерлік желілері мен ішкі бөлмелері толық жаңартылады.
Облыс әкімі тұрғын үй құрылысының барысымен де танысты. Ұзынкөл ауылында екі екі пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Нысандар шілде айында пайдалануға беріледі.
Жұмыс сапарының қорытындысында Құмар Ақсақалов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін жобалардың маңызын атап өтіп, барлық жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Оның айтуынша, халықтың өмір сүру сапасын арттыру – өңірде жүзеге асырылып жатқан барлық бастамалардың басты мақсаты.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды