Қостанайда қонақ үй құрылысы басталды

16 июля 2026 8:26 • 227 просмотров

Қостанай облысында өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға және қолайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталған ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы мақсатта облыс әкімі Құмар Ақсақалов қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері және белсенді жастармен бірге Қостанай қаласында салынып жатқан бірқатар маңызды нысандардың құрылысымен танысып, жаңа экопарк құрылысының басталу рәсіміне қатысты.

Өңір басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті дамыту, сондай-ақ заманауи туристік және сервистік инфрақұрылымды қалыптастыру жөніндегі тапсырмалары өңірде жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі халықаралық Marriott қонақүй кешенінің құрылыс алаңында болды.

— Жаңа инвесторлардың келуі мен іскерлік белсенділіктің артуына байланысты заманауи қонақүй инфрақұрылымына сұраныс та өсіп келеді. Осы қажеттілікті ескере отырып, Қостанайда әлемге танымал Marriott, Novotel және Holiday Inn қонақүй кешендері салынады. Бұл жобалар өңірдің инвестициялық және туристік әлеуетін арттырып, халықаралық іскерлік байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді, – деді Құмар Ақсақалов.

Marriott қонақүй кешені толықтай жеке инвестиция есебінен салынуда. Жоба аясында жайлы қонақүй нөмірлерімен қатар мейрамханалар, конференц-залдар, келіссөздер бөлмелері, фитнес-орталық, бассейн және басқа да сервистік қызмет көрсету орындары қарастырылған. Нысан іске қосылғаннан кейін 140 жаңа жұмыс орны ашылады.

Айта кету керек, бұл – Қазақстанда Астана мен Атыраудан кейін салынып жатқан Marriott желісінің үшінші қонақүйі.

Облыс әкімі бұдан кейін «Астана» шағын ауданындағы құрылыс жұмыстарымен танысты.

Жалпы аумағы 200 гектарды құрайтын жаңа тұрғын ауданында 154 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 10 үйі пайдалануға берілсе, тағы 23 тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Оның ішінде 13 үйді биылғы жылы аяқтап, тұрғындардың игілігіне беру көзделген.

Сонымен қатар жаңа шағын ауданда инженерлік-коммуникациялық желілер, жолдар, әлеуметтік және қоғамдық инфрақұрылым нысандары қатар дамытылып келеді. Болашақта мұнда мектептер, балабақшалар, спорт және мәдениет нысандары бой көтереді.

Экопарк – табиғат пен тұрғындарға арналған жаңа кеңістік. Сапардың маңызды оқиғаларының бірі – Қостанай қаласы маңындағы жаңа экопарк құрылысының басталуы болды.

Бұл жоба Мемлекет басшысының ірі қалалар мен облыс орталықтарының маңында экосаябақтар құру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда.

Орман қоры аумағында орналасатын экопарктің жалпы көлемі 43,8 гектарды құрайды.

Жоба аясында жаяу серуендеу және жүгіру жолақтары, велосипед жолдары, спорт және балалар ойын алаңдары, демалыс орындары, автотұрақтар салынады. Сонымен бірге тұрғындардың қауіпсіз әрі ыңғайлы қатынауы үшін «Астана» шағын ауданына апаратын жерасты өткелі қарастырылған.

Өңір басшысы мұндай қоғамдық кеңістіктер тұрғындардың белсенді демалысына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға оң әсер ететінін атап өтті.

Құмар Ақсақалов облыста «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында кең көлемді жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

— Өңірде елді мекендерді абаттандыру және қоғамдық кеңістіктерді дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Саябақтар мен демалыс орындары салынып, спорт алаңдары көбейіп келеді. Көгалдандыру мен тұрғындарға жайлы қалалық орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл жұмыстардың барлығы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған, – деді облыс әкімі.

Биыл облыстың барлық елді мекенінде 77 мыңнан астам көшет отырғызу жоспарланған. Сонымен қатар тұрғын үйлердің қасбеттерін жөндеу, жаңа балалар ойын алаңдарын орнату және апатты тұрғын үйлерді бұзу жұмыстары жалғасады.

2024 жылдан бері өңірде 400-ден астам қоғамдық кеңістік абаттандырылып, жүздеген заңсыз қоқыс үйіндісі жойылды. Сондай-ақ мыңнан астам ескі әрі қараусыз қалған ғимарат сүрілді.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде облыста көшелерді жарықтандыру деңгейі 94 пайызға дейін жетті.

Бүгінде Қостанай облысында жүзеге асырылып жатқан әрбір жоба тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған.

Халықаралық қонақүй кешендерінің құрылысы, жаңа тұрғын аудандардың қалыптасуы, экопарктердің ашылуы мен қоғамдық кеңістіктердің көбеюі Қостанайдың заманауи, жайлы әрі тартымды өңір ретінде дамып келе жатқанын көрсетеді. Бұл бастамалардың барлығы өңір экономикасының тұрақты өсіміне серпін беріп, тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға қызмет етеді.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды