Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Федоров ауданына жұмыс сапарымен барды. Биылғы жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша Федоров ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері тұрақты оң өсімді көрсетіп келеді. Аймақ басшысы аудан халқымен кездесу өткізіп, өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады. Тұрғындардың сауалына жауап берді.
Бұған дейін Федоров аудандағы 44 елді мекеннің 5-еуі ғана табиғи газға қосылған еді. Енді Лесное және Березов ауылдарының тұрғындарына көгілдір отын берілді. Осылайша, ауданда газбен қамтылған ауылдар саны 7-ге жетіп, газдандыру деңгейі 36%-ті құрады.
«Федоров ауданы әкімдігі мен «Капитал Партнерс Астана» ЖШС арасында жасалған меморандум аясында кәсіпорын қаражаты есебінен Пешков және Владыкин ауылдарына газ құбырларын тарту жоспарланған. Тағы 18 ауылда магистральдық және газ тарату желілерінің жобалау жұмыстары қолға алынды», – деді облыс басшысы.
Бұдан бөлек, аудандағы барлық 44 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бұл көрсеткішке 2025 жылы Лесное, Березов және Новошумное ауылдарында су құбырының салынуы нәтижесінде қол жеткізілді.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов осы ауданға жасаған сапарында Лесное ауылындағы «Бек+» ЖШС-ның қызметкерлеріне салынып жатқан төрт пәтерлі тұрғын үйдің жобасымен танысты. «Бек+» ЖШС әлеуметтік жауапкершілік аясында 4 тұрғын үй салып, 2 пәтерлі және 4 пәтерлі баспананы қалпына келтірді. Биыл кәсіпорын балалар ойын алаңын орнатуда. Инвестиция көлемі – 17,3 млн теңге.
«Мемлекет басшысы «Қолжетімді баспана – бұл арман емес, біздің азаматтарымыздың алдындағы міндетіміз» екенін атап өтті. Біз жыл сайын облыс аумағында тұрғын үй салу көлемін жоспарланған көрсеткіштен асыра орындап келеміз. Нәтижесінде, соңғы 3 жылда ауылдық жерлерде 216 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 983 баспана пайдалануға берілді. Сондай-ақ ескірген ғимараттарды қайта жаңғыртып жатырмыз. Бұл бағытта Лесное ауылындағы «Бек+» ЖШС көшбасшылардың қатарында. Шаруашылық өз қаражаты есебінен ауданы 258 шаршы метрлік нысанды жаңартып, 4 пәтерлі үйге айналдыруда. Бизнес елді мекенмен бірге дамыған кезде, ол өз қызметкерлері үшін сенімді тірекке айналып, олардың сапалы өмір сүруіне лайықты жағдай жасайды», – деді Құмар Іргебайұлы.
«Бек+» ЖШС сүтті бағыттағы мал шаруашылымен және жем-шөп өндірісімен айналысады. Екі жүз адамды еңбекпен қамтып отыр. 8,5 мың гектар жерді өңдеп, төрт түлік азығын әзірлейді. Компанияның сүт-тауарлы фермасының жабдықтары толықтай автоматтандырылған.
«Жауапкершілігі шектеулі серіктестік 2005 жылы құрылды. 2013 жылы 1200 басқа арналған сүт-тауарлы фермасын салдық. Сол уақыттан бері отандық нарыққа «Село Лесное» брендімен табиғи сүт өнімдерін шығарудамыз. Жұмысшылар үшін бес үй салып, қосымша алты баспана сатып алдық. Былтыр «Меркурий» деген атаумен үлкен супермаркет аштық. Бәрі ел игілі үшін жасалуда. Біздің ферма табиғи таза, құнарлы сүтті зауытқа жедел жеткізеді. Зауытқа баратын 30 шақырымдық жол мемлекеттің қолдауымен жөнделді. Соның арқасында сүтті тасымалдау мерзімі қысқарды. Бұл жайлылық халықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік сыйлады», – деді «БЕК+» ЖШС атқарушы директоры Степан Тен.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында кәсіпорындардың қолдауымен аудан бойынша 3 хоккей корты мен 4 балалар ойын алаңы орнатылды, сондай-ақ саябақтар мен скверлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өлке тазалығына бір кісідей ат салысып жүрген белсенді балаларға 100 мың теңгелік сертификаттар табыстады.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды