Өңірдің жартыжылдықтағы негізгі нәтижелері мен ауылдық жерлерде жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы Денисов ауданының әкімі Руслан Қатпаев айтып берді.
2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 4 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,3 пайыздық өсімге қол жеткізді. Ауыл шаруашылығы аудан экономикасының басты қозғаушы күші болып қала береді.
Биылғы көктемгі егіс науқаны белгіленген мерзімде әрі ұйымдасқан түрде өткізілді. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың жалпы егіс көлемі 233 мың гектардан асты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 мың гектарға артық. Майлы дақылдарға 66,3 мың гектар, мал азығы дақылдарына 8 мың гектар бөлінді. Ал картоп пен көкөніс 436 гектар алқапқа орналастырылды.
Егіс жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізу мақсатында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 4,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді.
Аудан әкімі егіс жұмыстарының табысты өтуіне ауыл шаруашылығы техникасын жүйелі түрде жаңарту оң ықпал етіп отырғанын атап өтті.
— Бүгінде ауданның машина-трактор паркінде 1100-ден астам трактор, 500-ге жуық астық жинайтын комбайн және 85 заманауи егіс кешені бар. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмысты тоқтатуға болмайды. 2026 жылы ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері жаңа техника сатып алуға 2 млрд теңгеден астам инвестиция салды. Соның нәтижесінде техника паркі 2 пайыздан астамға жаңартылды, – деді Денисов ауданының әкімі Руслан Қатпаев.
Ауданда қысқы кезеңге мал азығын дайындау жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Маусым айынан бері 47 мың тоннадан астам шөп дайындалып, мал шаруашылығының қажеттілігі толық қамтамасыз етілді.
Мал шаруашылығы саласында да оң динамика байқалады. Аудандағы ірі қара мал саны 20,4 мың басқа дейін өсті. Ал сүт өндірісі 24,4 пайызға артып, 7,8 мың тоннаға жетті.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды