Жарты жылдың көрсеткіші жаман емес

30 июля 2026 8:50 • 189 просмотров

Әкімдік отырысында Қостанай облысының 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірлер алдына кемінде 6% экономикалық өсімді қамтамасыз ету міндеті қойылған. Соңғы екі жылда Қостанай облысы 8%-дан асатын өсімге қол жеткізді. Біздің мақсатымыз – осы қарқынды сақтап қалу.

Соңғы үш жылда облыс экономикасы 1,4 есеге өсіп, 6 триллион теңгеге жетті. Инвестиция көлемі 1,6 есеге артып, 802 миллиард теңгені құрады. Бүгінде Қостанай облысы Қазақстандағы машина жасау өнімінің жалпы көлемінің 25%-ын қамтамасыз етеді.

Аймақта ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ жаңа өндірістік нысандарды, тұрғын үйлер мен әлеуметтік инфрақұрылымды салу жұмыстары жалғасуда.

Басты мақсат – аймақтың тұрақты дамуын қамтамасыз ету және экономикалық өсу нәтижелерінің Қостанай облысы тұрғындарының өмір сүру сапасын одан әрі жақсартуға ықпал етуіне қол жеткізу.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қостанай облысы экономикалық өсімнің жоғары қарқынын сақтап, инвестиция көлемін ұлғайтып, ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жалғастыруда. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, өңір негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша тұрақты оң өсімді сақтап отыр. Құрылыс саласы – 26 пайызға, жеке инвестициялар көлемі – 12,7 пайызға, өңдеу өнеркәсібі – 6,4 пайызға, көлік саласы – 10,7 пайызға, ауыл шаруашылығы – 5,6 пайызға өсті.

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, Мемлекет басшысы алдыңғы жылдары экономиканың жыл сайынғы өсімін кемінде 6 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету міндетін қойған болатын.

– 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасы 8,2 пайызға, ал 2024 жылы 8,3 пайызға өсті. Алғашқы жартыжылдықтағы даму қарқынын ескерсек, Президенттің экономиканың кемінде 6 пайыздық өсімін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы биыл да орындалады, – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімінің айтуынша, Қостанай облысы қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты бойынша еліміздегі көшбасшы өңір мәртебесін сақтап отыр. Республика бойынша экспортталатын өңделген агроөнімнің шамамен үштен бірі Қостанай облысының үлесіне тиесілі.

Өңірде инвестиция тартуға ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы үш жылда жалпы құны 600 млрд теңгені құрайтын 37 инвестициялық жоба іске асырылып, нәтижесінде 6 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Осы кезеңде облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 2 трлн теңгеден асты, оның 80 пайызы жеке инвестициялар болды.

Биыл жалпы құны 136,3 млрд теңге болатын тағы 20 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, машина жасау саласы өңір экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі болып қала береді. Бүгінде республикадағы жалпы машина жасау өндірісінің 25 пайызы Қостанай облысының үлесіне тиесілі.

Сонымен қатар облыс орталығында халықаралық Marriott International қонақүйінің құрылысы жүргізілуде, Novotel қонақүйінің құрылысы басталып, Holiday Inn қонақүйінің жобасы әзірленуде.

Құмар Ақсақалов өңірдің энергетика саласы да қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

– 2022 жылы облыста қуаты 50 мегаватт болатын бір ғана жел электр станциясы жұмыс істесе, 2023 жылдан бастап бұл сала белсенді дами бастады. Арқалық қаласында тағы бір жел электр станциясы пайдалануға берілді. Ал 2025 жылдан бастап сегіз жаңа жоба жүзеге асырылуда, олардың бесеуі бүгінде іске қосылды, – деді облыс әкімі.

Қазіргі уақытта тағы үш энергетикалық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында облыстағы алғашқы 40 мегаваттық газ-поршеньді электр станциясының құрылысы бар.

Ең ірі жобалардың бірі – Рудный қаласында жалпы қуаты 1,2 гигаватт болатын 165 жел генераторын салу. Жобаның инвестициялық көлемі шамамен 468 млрд теңгені құрайды. Оның нәтижесінде өңірдегі «жасыл» энергия өндіру көлемі 32 еседен астам артып, 1,6 гигаватқа жетеді.

Әлеуметтік салада да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соңғы үш жылда облыста 100-ден астам әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде 10 мектеп, 15 балабақша, 35 денсаулық сақтау нысаны, 39 спорт нысаны және 12 мәдениет пен әлеуметтік қорғау мекемесі ашылды.

Биыл тағы 26 әлеуметтік маңызы бар нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

2023 жылдан бері жол инфрақұрылымын дамытуға 276,4 млрд теңге бөлініп, 3300 шақырымға жуық автомобиль жолы жөнделді.

Сондай-ақ Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Тамыз айында Арқалық – Астана, Арқалық – Алматы және Арқалық – Қостанай бағыттары бойынша әуе рейстерін іске қосу жоспарланған.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, инвестициялық, инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды іске асыру алдағы уақытта да Қостанай облысының экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етіп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және өңірдің еліміздегі жетекші өңірлердің бірі ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды