70 жылдыққа жаңа көзқарас
Арқалық қаласының 70 жылдығына орай қалада ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып, инженерлік желілер мен әлеуметтік нысандар жаңғыртылуда. Бұл туралы Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапары барысында мерейтой жылындағы басты міндет – мерекелік іс-шараларды өткізу емес, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес қаланы жаңғырту екенін атап өтті.
Оның айтуынша, ең ірі жобалардың бірі – Арқалық әуежайын қайта қалпына келтіру. Әуежай инфрақұрылымының негізгі нысандарының құрылысы аяқталып, әуеайлақ инфрақұрылымын қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта әуежай сертификаттау рәсімінен өтуде.
«Әуежайдың ашылуы Арқалық қаласы, Амангелді, Жангелдин және Жарқайың аудандарының 80 мыңнан астам тұрғыны үшін көлік қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар қызметтерге қолжетімділікті жақсартып, бизнесті дамытуға және инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасайды», – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.
1972 жылы салынған теміржол вокзалы да толық жаңғыртылды. Ғимараттың аумағы кеңейтіліп, инженерлік жүйелері жаңартылды, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалды. 3 тамыздан бастап «Нұрлы жол – Арқалық» бағытындағы жаңа пойыз қатынай бастайды.
Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, жалпы ұзындығы 889 шақырымды құрайтын Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз бағыты бойынша «Орталық – Батыс» автожолының құрылысы жалғасуда. Оның 401 шақырымы Қостанай облысының аумағы арқылы өтеді.
Сондай-ақ ұзындығы 1 166 шақырым болатын Жезқазған – Арқалық – Петропавл автожолы да маңызды жоба саналады. Оның 125 шақырымы Қостанай облысына тиесілі. Жолдарды қайта жаңарту нәтижесінде Қостанай қаласына дейінгі қашықтық 450 шақырымға, ал Астанаға дейінгі арақашықтық 600 шақырымға дейін қысқарды. Ведомствоның мәліметінше, бұл Арқалықтың шығыс – батыс және солтүстік – оңтүстік бағыттарының тоғысындағы еліміздің маңызды көлік-логистикалық торабы ретіндегі рөлін күшейтеді.
Сонымен қатар коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
«2023 жылдан бері 17,3 шақырым жылу желісі қайта жаңартылды. Нәтижесінде олардың тозу деңгейі 90 пайыздан 50 пайызға дейін төмендеді, ал жылу шығыны 32 пайыздан 22,1 пайызға дейін азайды. Жылу электр орталығының желілері мен жабдықтарын жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр», – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Соңғы үш жылда 65 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті жаңартылды. Биыл тағы 17 тұрғын үй жөнделеді. Қалада музыкалық жаяу жүргіншілер субұрқағы орнатылып, шамамен 10 мың шаршы метр аумаққа тас төсем төселді және 2 мың ағаш отырғызылды.
Бұдан бөлек, сумен жабдықтау бойынша төрт жоба іске асырылып, 62 шақырымнан астам су желісі қайта жаңартылды. Желілердің тозу деңгейі 86,4 пайыздан 40 пайызға дейін төмендеп, апаттар саны екі есеге азайды. Орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесімен халықтың 100 пайызы қамтылды. Кәріз желілерін қайта жаңарту жұмыстары да жалғасуда.
Әкімдік мәліметінше, соңғы үш жылда 30-дан астам әлеуметтік нысан жөнделіп, 43 спорт алаңы салынды. Пайдалануға спорт кешені, күрес залы бар спорт интернаты және Мәдениет сарайы берілді. «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен жабық хоккей корты мен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасуда. Қала өзінің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында облыстық жазғы спартакиаданы қабылдауға да дайындалуда.
Жұмыс сапарының қорытындысын шығарған Құмар Ақсақалов мерейтойдың негізгі мәні мерекелік іс-шараларда емес, инфрақұрылымды жаңғыртуда, экономиканы дамытуда және халықтың өмір сүру сапасын арттыруда екенін атап өтті.
«Арқалықтың 70 жылдығы – бұл тек мерекелік іс-шаралар, концерттер мен салтанатты жиындар ғана емес. Ең алдымен, бұл – қала дамуына жаңа серпін беріп, Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүзеге асыру мүмкіндігі. Бұл – инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту. Ең бастысы – Арқалық тұрғындарының қаланың болашағына деген сенімін нығайтып, оның қайтадан даму нүктесіне, инвестициялар, жастар мен жаңа мүмкіндіктер тартылатын орталыққа айналып келе жатқанына көз жеткізу», – деп түйіндеді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды