Қостанай қаласында Қостанай облысының 90 жылдығына орай Qostanai Invest Forum 2026 өтті. Форумға Қазақстанның ірі компанияларының басшылары, мемлекеттік органдардың, қаржы қауымдастығының, бизнес және инвестициялық ортаның өкілдері қатысып, өнеркәсіпті дамыту перспективалары мен жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Форум Қостанай қаласының индустриялық аймағында орналасқан «Технопарк KZ» ЖШС автокомпоненттер шығаратын зауытында өтті. Қатысушылар үшін заманауи ауыл шаруашылығы және арнайы техникалардың, отандық өндірістегі автокөліктердің көрмесі, сондай-ақ өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің даму тарихына арналған экспозиция ұйымдастырылды.
Форумның ашылуында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Мемлекет басшысы өз үндеуінде Қостанай облысының ел тарихындағы ерекше орнына, өңірдің қарқынды әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның тұрғындарының Қазақстанның өркендеуіне қосқан елеулі үлесіне тоқталды.
Сөзін жалғастырған өңір басшысы бүгінгі таңда облыстың инвестициялық қоржыны жалпы құны 7,4 триллион теңгені құрайтын 140 жобаны қамтитынын айтты. 2025 жылы өңір экономикасына 802 миллиард теңге инвестиция тартылып, жалпы құны 322 миллиард теңгені құрайтын жеті инвестициялық жоба іске асырылды. Соның нәтижесінде 3,3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз терең өңдеуге, заманауи технологияларға, машина жасауды дамытуға және инвестиция тартуға негізделген экономиканың жаңа моделін қалыптастырып жатырмыз. Қостанай облысы жаңа индустриялық мүмкіндіктердің аумағына және Қазақстанның экономикалық өсімінің негізгі орталықтарының біріне айналуда», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Өңір басшысының айтуынша, Қостанай облысы өңдеу өнеркәсібінің көлемі бойынша елімізде төртінші орында тұр. Мұнда Қазақстандағы машина жасау өнімдерінің төрттен бірі және елдегі әрбір екінші автокөлік өндіріледі. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, тау-кен өнеркәсібі, көлік-логистикалық инфрақұрылым және жаңартылатын энергетика салаларында ірі жобалар жүзеге асырылуда.
Форум спикерлері қатарында «Allur» компаниялар тобы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев, Freedom Holding Corp. компаниясының негізін қалаушы әрі бас атқарушы директоры Тимур Турлов, «Еуразиялық топ» ЖШС бас директоры Құдірет Шәмиев, «Астанагенплан» ҒЗЖИ» ЖШС бас директоры Руслан Жақыпов және қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов болды.
Форум барысында қатысушылар машина жасау кешенін дамыту, ірі инвестициялық жобаларды іске асыру, өнеркәсіптік кооперацияны нығайту және Қостанай облысының инвестициялық тартымдылығын одан әрі арттыру мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысында өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекет пен бизнес арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттары айқындалды.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды