Қостанай облысының 90 жылдығына арналған іс-шаралар легі мерекелік концертке ұласты. Орталық алаңда Қостанай жұрты дәстүрге айналған «Өнеріміз саған, Қазақстан!» облыстық фестивалінің куәсі болды.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өзінің құттықтауын да бұл өнер мерекесі Тобыл-Торғай өңірінің мәдени өмірін жандандырып, халықтық дәстүрлерімізді ұлықтайтын айтулы оқиғаға айналатынын айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысының құрылғанына 90 жыл толуына арналған салтанатты іс-шараға қатысушыларға құттықтау жолдап, өңірдің ел тарихындағы ерекше орны мен әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталды. Президент облыс тұрғындарына алғыс айтып, Тобыл-Торғай өңірінің одан әрі өркендей беруіне тілектестік білдірді.
Өңір басшысы Құмар Ақсақалов Ел Президентінің құттықтау хатын оқып берді.
«Қадірлі қауым! Сіздерді Қостанай облысының құрылғанына 90 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Қостанай – ырысы мол, ынтымағы жарасқан қастерлі өлке. Осы уақыт аралығында өңір өсіп-өркендеп, астықты аймаққа айналды. Береке мен бірліктің, келісім мен татулықтың алтын бесігі ретінде танылды. Облыстың төл тарихымыздағы орны ерекше. Бұл топырақтан Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Бейімбет Майлин және басқа да тұғырлы тұлғалар шықты. Олар халыққа қалтқысыз қызмет етіп, ұлт руханиятының көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты. Қазіргі таңда аймақ экономикасы қарқынды дамып жатыр. Азаматтардың қажырлы еңбегінің арқасында өңір өркендеу жолына түсіп, көптеген жетістікке қол жеткізуде. Қостанай жұрты әрдайым ауызбіршіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. Аймақ халқының наурыз айында өткен республикалық референдумға белсене қатысып, жаңа Конституцияны қолдап дауыс беруі – соның айқын көрінісі. Осы орайда, облысты көркейту үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздер алдағы уақытта да Заң мен Тәртіпті ту еткен Әділетті Қазақстанды құру жолында жасампаз бастамаларды жүзеге асыруға белсене атсалыса бересіздер деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Тобыл-Торғай өлкесі өркендей берсін!», делінген құттықтау хатта.
Қостанай облысының 90 жылдығына арналған салтанатты шарада өңір басшысы мәдениет пен өнердің дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлерге мемлекеттік наградалар, салалық марапаттар және облыс әкімінің Құрмет грамоталарын табыстады.
Салтанатты рәсім барысында бірқатар мәдениет қайраткерлеріне Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты берілді. Сондай-ақ мәдениет ұйымдарының қызметкерлері Қостанай облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Гала-концерттің қорытындысында «Өнеріміз саған, Қазақстан!» XXXVIII облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы байқау-фестивалінің жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Аудандар арасында ІІІ орынды Әулиекөл ауданы иеленіп, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Гүлмира Ошақбайқызы Қожеғалиеваға 2 миллион теңгенің сертификаты табысталды. ІІ орын Қостанай ауданына беріліп, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Гүлжан Бауыржанқызы Бисахалова 3 миллион теңге көлеміндегі жүлдені иеленді. Ал І орын Федоров ауданына бұйырып, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Айнұр Төлепбергенқызы Салпеноваға 5 миллион теңгенің сертификаты тапсырылды.
Қалалар арасында ІІІ орынды Лисаков қаласы жеңіп алып, қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Нүрия Рақымжанқызы Исмагулова 2 миллион теңгенің сертификатын алды. ІІ орын Арқалық қаласына беріліп, қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Жайнар Жақсылыққызы Әубәкіроваға 3 миллион теңге табысталды. І орын Рудный қаласына бұйырып, қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Гүлбарам Жұмағалиқызы Төлебаева 5 миллион теңгенің сертификатымен марапатталды.
Байқау-фестивальдің бас жүлдесі – Гран-при Қостанай қаласына берілді. Қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Сәуле Ерқанқызы Әзімжановаға бас жүлде ретінде автокөлік табысталды.
Қостанай облысын құттықтауға еліміздің белгілі әншілері Мирас Жүгінісов пен «Кешю» тобы және ТМД белгілі әнішісі «Ялла» тобының мүшесі Фаррух Закиров келді.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды