Биыл тоғыз мың пәтер тапсырылады

13 августа 2026 8:23 • 237 просмотров

Отбасы банкі процестерді цифрландыру есебінен кезекте тұрғандар үшін тұрғын үйді бөлу қарқынын үш есеге арттырды. Ұлттық даму институты мәртебесінде жұмыс істеген алғашқы жылы 23,5 мың отбасы пәтер кілтін алды. Бұл туралы Үкімет отырысында «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді.

«Жыл соңына дейін құны 130 млрд теңге болатын тағы 8812 кредиттік пәтерді бөлу жоспарлануда. Цифрландырудың арқасында біз жыл сайынғы тұрғын үйді бөлу қарқынын үш есеге арттырдық. Салыстыру үшін айтсам: бұрын әкімдіктер жылына 7 мыңға жуық пәтер бөлетін, ал бұл жұмыспен жалпы саны 700 қызметкер айналысатын еді. Отбасы банкінде мұны тек 20 маман ғана шешеді», – деді Ләззат Ибрагимова.

Барлығы 1,5 жыл ішінде Отбасы банкінің қолдауымен кезекте тұрған 40 мың отбасы тұрғын үй алды.

Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер шеңберінде Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді жүйелі түрде цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу жалғасуда. Бұл жұмысқа биыл жарияланған Цифрландыру мен жасанды интеллект жылы аясында ерекше мән беріліп отыр. Осы жылдың маусым айында «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы бекітілді, онда мемлекеттік қызметтерді цифрландыру негізгі бағыттардың бірі болып айқындалды.

«Мемлекет басшысы ел өмірінің әр саласына, бірінші кезекте, азаматтарға және бизнеске мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде озық технологиялар мен жасанды интеллектіні жаппай енгізу міндетін қойды. Жасанды интеллект құралдарын шешім қабылдау үдерістерімен ықпалдастырып қана қоймай, олардың көмегімен мемлекеттік қызметтер көрсетудің толыққанды цифрлық экожүйесі қалыптасуға тиіс. Бұл ретте мемлекет пен азаматтың өзара іс-қимыл моделі одан әрі де шешімдерді проактивті түрде қабылдау қағидатына негізделуі қажет», – деп атап өтті Премьер-министр Олжас Бектенов.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев баяндады. Оның айтуыша, мемлекеттік ақпараттық жүйелер QazTech бірыңғай платформасына көшірілмек, электрондық үкімет порталы eGov 3.0 деңгейіне дейін жаңғыртылмақ, ал оның шлюзінің өткізу қабілеті 2,5 есеге артады. eGov GPT цифрлық ассистенті арқылы бүгінде 50 мемлекеттік қызмет қолжетімді, бұл сервисті 150 мыңнан астам азамат пайдаланған. eGov Business жүйесін ай сайын 35 мыңға жуық кәсіпкер қолданады.

Жалпы алғанда, сұранысқа ие қызметтерді цифрландыру ХҚКО-ға түсетін өтініштер санын 30%-ға қысқартуға мүмкіндік берді.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды