Арқалық өзінің 70 жылдық мерейтойына ауқымды жаңғырту бағдарламасымен қадам басып отыр: қалада әуежай салынуда, жолдар мен инженерлік желілер жаңғыртылуда, ал тартылған инвестиция көлемі 110 миллиард теңгеден асты. Бұл туралы Қостанай облысының баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Торғай өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы Үкіметтің айрықша назарында болуы тиіс», – деп атап өткен болатын. Қаланың мерейтойы дамудың жаңа кезеңінің символына айналып отыр. Оның негізгі бағыттары – көлік инфрақұрылымын жаңғырту, инженерлік желілерді дамыту, инвестиция тарту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру, деп мәлімдеді облыс әкімдігі.
Өңір әкімдігінің мәліметінше, аталған тапсырмаларды іске асыру нақты нәтижелер беруде. Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасына сәйкес Арқалық әуежайының құрылысы аяқталды. Жоба Торғай өңірінің көлік қатынасын жақсартуға және оның одан әрі дамуына жағдай жасауға бағытталған. Әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 70 жолаушыға дейін жетеді.
«Әуежайдың ашылуы Торғай өңіріндегі 80 мыңнан астам тұрғынның көлік қатынасының қолжетімділігін арттырып, 136 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар инвестиция тартуға және өңір экономикасын дамытуға қосымша серпін береді», – деп атап өтті әкімдікте.
Көлемді қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін теміржол вокзалы да пайдалануға берілді. Ведомствоның мәліметінше, жолаушылар тасымалы қауіпсіздік, сенімділік және жайлылық бойынша заманауи халықаралық талаптарға сәйкес келетін отандық өндірістің жаңа вагондарымен жүзеге асырылады.
Арқалық теміржол вокзалы күрделі жөндеуден кейін есігін айқара ашты. Қала тұрғындары мен қонақтары Арқалықтың 70 жылдық мерейтойында теміржол вокзалының қайта жөндеуден өтіп, ел игілігіне беру рәсіміне куә болды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы еліміздің транзиттік әлеуетін нығайту үшін бірқатар ауқымды жобаларды қолға алғаны белгілі. Республика бойынша 125 теміржол вокзалы қайта жаңғыртылуда. Жаңғыртудан өткен Арқалық теміржол вокзалының маңайы да толық абаттандырылды.
Салтанатты шарада облыс әкімі Құмар Ақсақалов, ҚР Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, және теміржол саласының ардагері Төлеубай Сатмурзин халыққа ізгі лебіздерін білдіріп, құттықтады.
Лента қию рәсімі «Қостанай оңтүстік электр сервис» мекемесінің жас маманы Арман Таңатқанов пен Арқалық педагогикалық университетінің студенті, республикалық «Үздік студент – 2026» байқауының жеңімпазы Ақния Құлажановаға берілді.
Сондай-ақ Арқалықта Жезқазған – Арқалық – Петропавл автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстары жалғасуда, «Орталық – Батыс» стратегиялық автожолы салынуда.
Бұл жобалар көлік байланысын айтарлықтай жақсартып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда. Осылайша, өңір әкімдігінің пікірінше, Арқалық еліміздің оңтүстігін, батысын, орталығы мен солтүстігін байланыстыратын маңызды көлік торабына айналады.
«Ауқымды өзгерістер қалалық инфрақұрылымның барлық дерлік саласын қамтыды. Арқалық қаласы мен Северный кентінде сумен жабдықтау желілері жаңартылды, Молодёжный және Үштөбе ауылдарында жаңа су құбыры желілері салынды. Жылумен жабдықтау жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. 2023 жылдан бері 17,3 шақырым жылу желісі жаңартылды. Соның нәтижесінде олардың тозу деңгейі 90 пайыздан 50 пайызға дейін төмендеп, жылу шығыны 32 пайыздан 22,1 пайызға дейін азайды. Маңызды кезеңдердің бірі – Арқалық жылу электр орталығын қатты отынға ауыстыру болды. Бұл отын шығынын екі есеге қысқартуға және жыл сайын шамамен 2 миллиард теңге үнемдеуге мүмкіндік берді», – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Сонымен қатар қала ортасын дамыту жұмыстары да жүргізілуде. 22,2 мың шаршы метр тұрғын үй салынды, көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырлары жөнделіп, бұрын бос тұрған ғимараттар қалпына келтірілді.
Соңғы жылдары 63 аула абаттандырылып, 51 балалар және спорт алаңы орнатылды, 50-ден астам көше жөнделіп, көшелерді жарықтандыру жүйесі жаңғыртылды. Бұдан бөлек, облыс әкімдігінің мәліметінше, 15 ауылдық елді мекен сапалы интернетпен қамтамасыз етілді.
Биліктің мәліметінше, Арқалықта инвестиция тартуға ерекше көңіл бөлінуде. Инвестициялар экономикалық өсудің, жаңа жұмыс орындарын ашудың және перспективалы жобаларды іске асырудың негізгі тетігіне айналып отыр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Арқалыққа инвестиция тарту үшін қажетті жағдайларды жүйелі түрде қалыптастырып келеміз. Соңғы жылдары ғана қала экономикасына 110 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Оның шамамен 70 пайызын жеке инвестицияларды құрайды. Бүгінде Торғай өңірінің экономикасын дамытуға қосымша серпін беретін және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін агроөнеркәсіптік кешендегі ірі жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында жаңа құс қоралары мен құрамажем зауытын салу арқылы жергілікті құс фабрикасын жаңғыртудың екі кезеңді жобасы іске қосылуда. Сонымен қатар мал шаруашылығы саласы да жаңа нысандар есебінен нығайтылмақ. Атап айтқанда, 10 мың басқа арналған қой шаруашылығы кешені және 6 мың басқа арналған заманауи бордақылау алаңы салынады. Бұдан бөлек, тағы бірнеше ірі жоба қарастырылуда», – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Қостанай облысының әкімдігінде атап өткендей, Арқалықтың жүйелі дамуы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026–2028 жылдарға арналған Торғай өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуының Кешенді жоспарын бекітуінен кейін одан әрі жалғасын тапты.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген бұл құжат көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртудан бастап, инвестициялық жобаларды іске асыруға, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға дейінгі бірқатар іс-шараларды біріктіреді.
Кешенді жоспарды іске асыру Торғай өңірінің ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық өсімін қамтамасыз етуге бағытталған.
Арқалық қаласының мерейтойына арналған іс-шара «Жасампаз дәуірдегі жаңғырған қала» атты салтанатты жиналыстан басталды. Мәністі мәжіліске Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, мазмұнды баяндамасымен жиын шымылдығын ашып берді.
«Арқалық – Тұран даласының төрінде орналасқан, шежіресі бай, ерлік пен бірліктің куәсі болған ерекше қала. ХХ ғасыр ортасында өндірістің алып ошағы ретінде бой көтерген бұл шаһар өңірдің экономикалық және мәдени-зерделі орталығына айналды. Қаншама қиын кезеңді бастан кешірсе де еңсесін түсірмеген қайсар қала. Сондықтан 70 жылдық белес – алдымен осы қаланың өркендеуіне тер төккен ардақты азаматтар мен еңбек майталмандарының мерейтойы!» – деп қала тарихын тарқатты Құмар Іргебайұлы.
Осыдан соң өңір басшысы Арқалық аумағында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға кеңінен тоқталды.
«Бүгінде қаланың екінші демі ашылды. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен Арқалықты және жалпы Торғай өңірін дамыту шаралары іске асып жатыр. 4 жыл ішінде 91 млрд теңге бөлдік. Биылдың өзінде қалаға 36 млрд теңге бағытталды. Бұл инфрақұрылымды дамытып, өмір сапасын арттыруға жұмсалды», – деді облыс басшысы.
Кешеден бері хабардар етіп жатқанымыздай, шырайлы шаһарда ақжолтай жаңалық көп. Жақын арада әуежай ашылады. Темір жол вокзалы пайдалануға берілді. Ы. Алтынсарин атындағы педагогикалық институт университетке ұласты. Келешекте білім алушылар контингентін 5 мың студентке дейін ұлғайту жоспарда. Сондай-ақ «Жезқазған-Арқалық» және «Орталық-Батыс» автожолдарының құрылысы жүріп жатыр. Мұны да облыс әкімі егжей-тегжейлі баяндай өтті.
«Жолы бар елдің бағы бар» демекші, жол мен әуе қатынасының дамуы – бүкіл ел экономикасының серпінді өсуінің кепілі. Арқалықтың бұл тұрғыда дамуы аймақтың ғана емес, тұтас елдің логистикалық әлеуетін күшейтеді. Осы реформалар қаланы елдің экономика және көлік орталығына айналдырады деп сенемін», – деді Құмар Ақсақалов.
Кейінгі үш жылда 17 шақырым жылу беру желісі жөнделген. Нәтижесінде желілер тозығы 90-нан 50%-ке дейін төмендеген. 65 тұрғын үйдің қасбеті, 88 үйдің шатыры жаңарды. Елуден астам көше, отыз аула жөнделіп, 51 балалар және спорт алаңы салынған. Алға құрылып отырған жоспар да аз емес.
«Арқалық медицина колледжін жаңғыртуды көздейміз. Қазіргі қалпын білесіздер. Жобалық-құндық құжаты дайын. «Қамқорлық» оңалту орталығын ашамыз. «Қазақстан халқына» қоры есебінен жабдықталады. Облыс бойынша алғашқы «Келешек мектебі» осы Арқалықта ашылады. «Қазақстан» кинотеатры ғимараты спорт кешені болып қайта құрылып, спорт интернаты, күрес залы мен стадион жаңартылады», – деді өңір басшысы.
Қазір жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен хоккей кортының құрылысы жүріп жатыр. Кейінгі үш жылда қалаға 100 млрд инвестиция тартылған. Оның 70%-і – жеке инвестиция. Климаттық, географиялық және логистикалық ерекшеліктері ескеріліп, экономиканы дамытудың басым бағыты ретінде агроөнеркәсіп секторы белгіленіп отыр. Бұл салада ірі инвестжобалар іске асып, 1 мың жаңа жұмыс орны құрылмақ. Сондай-ақ мал шаруашылығын өрістетудің кешенді жоспары белсенді жүзеге асып жатыр.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды