Қостанай облысының ХХХІХ-шы жазғы спартакиадасы да өз мәресіне жетті. Қостанай қаласының командасы облыстық жазғы спартакиадасының жеңімпазы атанды. Жеңімпаздарды қала әкімі Әмірхан Асанов пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жәнібек Жұрқабаев құттықтап, жүлделерін табыс етті.
Спартакиаданың бас төрешісі Бауыржан Сабыржанұлы мәлімдегендей, қалалар арасында үшінші орын жүлдесін Рудный қаласы, екінші орынды Арқалық қаласы қанжығалады.
«Спартакиаданың жоғары деңгейде өткені үшін Арқалық қаласының әкіміне, тұрғындарына алғысымызды білдіреміз. Қостанай қаласы қатарынан 14-ші рет облыстық спартакиаданың чемпионы болып жатыр. Бәрі әділ, тура өтті деп есептейміз. Бізде облыс орталығы болғандықтан спортшыларға барлық мүмкіндіктер жасалған. Сол себепті, озбауға хақымыз да жоқ. Барлық спортшыларға сәттіліктер тілейміз. Еліміз көркейіп, дамыған үстіне дами берсін», – дейді Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Мәжит Шүленов қуанышын жасыра алмай.
Аудандар арасында үшінші орынды Әулиекөл ауданы, екінші орынды Меңдіқара ауданы, бірінші орынды Қостанай ауданы еншіледі.
Ұлттық ойындар да өз мәресіне жетті. Көкпар ойындарынан бірінші орынды Қостанай ауданы, екінші орынды Әулиекөл ауданы, үшінші орынды Арқалық қаласы, төртінші орынды Денисов ауданы, бесінші орынды Жангелдин ауданының командалары еншіледі. «Үздік ат» аталымында Әулиекөл ауданының Тұмар атты сәйгүлігі танылды. «Үздік шабандоз» номинациясында Қостанай ауданының шабандозы Елнұр Өтеген алдына жан салмады.
Бірінші орынға 2 миллион теңге, екінші орынға 1 миллион 500 мың теңге, үшінші орынға 1 миллион теңге, төртінші орынға 500 мың теңге, бесінші орынға 300 мың теңге жүлде берілді. Үздік аталым иелеріне 100 мың теңгеден сыйақы табысталды.
Аударыспақ ойындары бойынша командалық есепте бірінші орын Қостанай ауданы, екінші орын Арқалық қаласы, үшінші орынды Наурызым ауданы, төртінші орынды Лисаков қаласы, бесінші орынды Жангелдин ауданы қанжығалады.
Білекті жігіттер 6 салмақ дәрежесінде яғни 62,68,74,82,90 және 90 келіден жоғары салмақта күш сынасты.
Әр салмаққа бірінші орынға 70 мың теңге, екінші орынға 50 мың теңге, үшінші орынға 30 мың теңге жүлде тағайындалды.
Құнан бәйгеде Қостанай ауданының тұрғыны София Сотникованың Легенда атты байталы бас жүлдені қанжығалады. Бапкері – Ғанибек Қыпшақбаев, шабандозы – Алихан Ғанибек. Реттік нөмірі – 10.
Тоқ бәйгеде Қостанай ауданынан Ислам Шәкудың Айторы атты биесі арындап топ жарды. Бапкері – Алтынбек Жақыпов, шабандозы – Нұрали Жаңғали. Реттік нөмірі – 14.
Аламан бәйгеде 25 шақырымға сыр бермей келген Ақбақай атты арғымақ көш бастады.
Бапкері – Серік Қазыбеков, шабандозы – Айсұлтан Саматұлы. Реттік нөмірі – 1. Ат Алматы облысының тұрғыны Мұрат Қозыбевқа тиесілі.
«Аймағымызда ұлттық ат спорты ойындарын жоғары деңгейде өткізуге толық жағдай жасаған қала басшылығына алғысымызды білдіреміз», – дейді облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының ұлттық спорт түрлері балалар және жасөспірімдер мектебінің басшысы Серік Дәрменбаев.
Топтан озған барлық жүйріктер жүлдеге ие болды. Мұнан бұрын сүйіншілегеніміздей аламан бәйгенің бас жүлдесіне автокөліктің кілті табысталды.
Айта кетейік, келер жылғы облыстық спартакиаданың эстафетасы Меңдіқара ауданына тапсырылды.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды