Әлеуметтік нысандар ашылды

20 августа 2026 8:27 • 263 просмотров

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Қамысты ауданына барған жұмыс сапарында бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, аудан халқымен кездесті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өңір басшысы жұмыс сапарын аудан орталығынан бастап, алғашқы болып жаңа «Ардагерлер үйіне» барды. Сырт көзге шағын көрінетін бұл ғимараттың іші кең әрі заманауи жабдықталған. Мұнда жалпы жиналыстарға арналған залдан бөлек, үстел ойындарына арналған бөлмелер, жайлы демалыс орындары және спорт залы бар. Барлығына жеткілікті орын қарастырылған.

— Мемлекет басшысы халықты әлеуметтік қорғауға, әсіресе аға буын өкілдеріне лайықты жағдай жасауға ерекше көңіл бөледі,-деп атап өтті Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімі «Ардагерлер үйінің» тұрақты келушілерін қоныстануымен құттықтап, олардың мұнда бос уақыттарын қалай өткізетіндерін сұрады. Белгілі болғандай, мұнда скандинавиялық жүріс дамып келеді, шахматқа, тоғызқұмалаққа және басқа да ұлттық ойындарға көп көңіл бөлінеді.

Бұдан соң аймақ басшысы «Қамысты арена» дене шынықтыру-­сауықтыру кешенінің ашылуына қатысты.

— Жаңа дене шынықтыру-­сауықтыру орталығы жаңа спорттық рекордтарға жол ашып, болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге және жергілікті тұрғындардың денсаулығын нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін. Бүгінде облыста осы бағытта тағы жеті ірі спорт кешенінің құрылысы белсенді жүргізілуде, – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамыту мен спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз етудің маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

«Облыста жыл сайын жаңа спорт нысандарының саны артып келеді. Соңғы 3 жылда 30-дан астам спорт нысаны салынды. Оның ішінде міне бүгін 19-шы дене шынықтыру-­сауықтыру кешені ашылып отыр. 8 спорт залы, 6 жабық хоккей корты, 2 стадион, ат манежі және бассейн бар. Бүгінде бұл жұмыс жалғасуда. Қазіргі таңда тағы 7 ірі спорт нысаны бой көтеруде», – деді аймақ басшысы.

Нысан күніне шамамен 50 адамды қабылдай алады. 7 жаңа жұмыс орны ашылды. Кешенде волейбол, баскетбол, гандбол, шағын футбол және күрес бойынша жаттығулар өткізіледі.

Сонымен қатар, тұрғындардың дене шынықтырумен айналысуына мүмкіндік беретін фитнес залы да жұмыс істейтін болады.

Бұл нысан аудан тұрғындарының спортпен тұрақты айналысуына, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне және бұқаралық спортты дамытуға үлкен мүмкіндік береді.

Өңір басшысы Қамысты ауданында 5 отбасыға жаңа, әрқайсысының ауданы 80 шаршы метрлік пәтерлердің кілтін тапсырды. Қамыстыда қазір жалпы аумағы 2160 шаршы метр болатын 18 екі пәтерлі тұрғын үй бой көтеруде. Үйлер көрікті, жинақы әрі барлық қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етілген. Облыс әкімі жаңа баспаналарына қоныстануға мүмкіндік алған тұрғындарды құттықтап, пәтерлердің кілттерін табыстады.

— Ауданда соңғы үш жылда 120 отбасы баспаналы болды. Қазіргі уақытта мемлекеттік қолдауға мұқтаж отбасыларға арналып тағы 36 пәтер салынуда», – деді аймақ басшысы салтанатты шарада.

Айта кету керек, аудандағы бизнес субъектілері тұрғын үй құрылысын дамытуға айтарлықтай үлес қосуда. 2023 жылдан бастап жеке инвестициялар есебінен жалпы құны 840 млн теңге болатын 34 тұрғын үй салынды.

Жалпы, соңғы 3,5 жылда облысымызда шамамен 1,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 18 мыңнан астам отбасы өз жағдайын жақсартты.

Сондай-ақ, сапар барысында Құмар Ақсақалов жергілікті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерімен де кездесті. Кездесуде «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару жұмыстарының маңыздылығы сөз болды. Қамысты ауылында 50 млн теңге жеке инвестиция есебінен аумағы 10 га қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны ашылды.

Коммуналдық қызмет өкілдері өздерінің арнайы техникалар паркін көрсетіп, халықпен және мемлекеттік органдармен қатты тұрмыстық қалдықтарды, соның ішінде бағдарламалық акциялар барысында жиналған қалдықтарды шығару бағытындағы ынтымақтастық туралы айтып берді.

Қамысты, Алтынсарин, Адаев, Бестөбе және Қарабатыр ауылдарында 5 ветеринариялық пункт бой көтереді. Бүгін Қамысты ауылында барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген жаңа ветеринариялық пункт ашылды.

Ауданда егіс алқаптарын құрылымдық әртараптандыруға және заманауи агротехнологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлінуде.

Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі Қамысты ауданының тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстар туралы баяндады және жергілікті тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды