Меңдіқарада ақын, аудармашы Қасым Тоғызақовты еске алуға арналған кеш өтті. Іс-шараға өңірдің зиялы қауым өкілдері, ақынның ұлы, белгілі актер Ерболат Тоғызақов қатысып, қаламгердің өмір-тағдыры, шығармашылығы туралы естелік айтты.
Әдеби-танымдық мазмұны ерек кеште ақын Серікбай Оспанов Қасым Тоғызақовтың «Сібір Омар» дастанында кезінде жазықсыздан-жазықсыз итжеккенге айдалып кеткен автордың Сібір ормандарында жүріп басынан кешірген, көзімен көрген оқиғалар суреттелгенін, сондықтан кейін замандас, қаламдас орта Қасымды «Сібір Омар» деп атап кеткенін айтты. Ал ақын Ақылбек Шаяхмет ақын шығармашылығы хақындағы ойын «Сібір Омар» – өлеңмен жазылған роман деп түйіндеді. Тарих ғылымдарының докторы Аманжол Күзембайұлы Қостанайда аталған дастанның бас кейіпкері, революционер Омар Досжанов атында көше бар екенін, «енді сол көше Қасым Тоғызақовтың атымен аталғаны дұрыс» деді.
Аудандық мәдениет үйінде ашылған көрмеде ақынның фотосуреттері, жеке құжаттары, шығармалары қойылды. Көпшілік назарына тұңғыш рет ұсынылып отырған қаламгердің өз қолымен толтырылған өмірбаяны мен кадрлар есебіне тіркеу парақшасы өз заманынан көп теперіш көрген ақынның өміріне қатысты біраз жайттың ұшығын аңғартады.
Өмірдеректе ақынның 1910 жылы қазіргі Меңдіқара ауданында туғаны, Қорған облысының Үст-Үй стансасында жетіжылдық орыс мектебін бітіргені, 1926 жылы Қостанай педагогика техникумына оқуға түскені жазылған. Қасым Тоғызақов осы техникумда оқып жүріп, 1929 жылы округтік «Ауыл» газетіне әдеби қызметкер болып орналасады. Ал келесі жылдың көктемінен сол кезде Қарабалық ауданында шығып тұрған «Жаппай коллектив» газетінің редакторы қызметін атқарады. Осы жылдары «Ауыл» газетінде ақынның көптеген мақала, фельетон, өлеңдері жарияланады.
Ұжымдастыру науқанын насихаттауға белсенді атсалысқан қаламгер 1930 жылы А. И. Герцен атындағы Ленинград педагогика институтының әдебиет бөліміне қабылданған. Алайда 1933 жылы республика басшылығын сынаған бір топ студентпен бірге оқудан шығуға мәжбүр болады. «Алматыға оралдым. Қазақстан орталық атқару комитетінде хаттама жүргіздім. «Ауыл мұғалімі» журналында әдеби қызметші міндетін атқардым. 1933 жылы тағы қамауға алынып, қылмысым дәлелденбегендіктен, көп ұзамай қайта босап шықтым. 1934 жылдың сәуірінде Қазақстан Жазушылар одағының аудармашылар бөліміне меңгеруші болдым. Осы жылдары Қасым Тоғызақов Лермонтовтың «Демон», «Бастұнжы ауылы», Шуховтың «Өшпенділік», Бальзактың «Шегірен былғарысының» қысқартылған нұсқасын, бұдан өзге де шығармаларды қазақ тіліне тәржімаладым. 1934 жылы Қазақстан Жазушылар одағына мүше болып қабылдандым», дейді ақын өмірінің бұдан кейінгі шығармашылық кезеңі жөнінде.
1934 жылы қаламгер Мәскеу кинематография институтының режиссура факультетіне түседі. Осында оқи жүріп, «Союзмультфильм» киностудиясында кеңесші болып жұмыс істейді. 1938–1939 жылдары «Амангелді» кинофильмінің түсірілімінде кеңесші әрі мәтін аударушы болады. Осы жылдары жыр алыбы Жамбылдың жеке хатшысы болып бекітіледі. 1941 жылдың тамыз айында Алматыға қайтып оралған ақын әскер қатарына алынып, запастағы полктің бірінде взвод командирінің көмекшісі қызметін атқарады.
1941 жылы қазан айында кеңес одағына қарсы үгіт-насихат жүргізді, ұлтшыл ұйымдармен байланыс орнатты деген айыппен НКВД қаламгерді тағы да қамауға алады.
Заман құқайын көп көрген ақын өз өмірбаянында бұл жөнінде «НКВД жанындағы ерекше кеңестің үкімімен 5 жылға бас бостандығымнан айырылдым. Өкіметке қарсы қандай үгіт-насихат жүргізіп, қай ұлтшыл ұйымға мүше болғанымды өз басым әлі түсіне алмай келемін», деп жазыпты.
Нақақ жазаның төрт жарым жылын өтеп бостандыққа шыққан ақын Алматыға оралған соң, үзіліп қалған шығармашылық жұмысын қайта жалғастырады. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера театрының әдеби-репертуарлық бөліміне меңгерушілік ете жүріп, 1947–1948 жылдар аралығында Пушкиннің «Борис Годуновы», Чеховтің «Шағаласы», Толстойдың «Алтын кілті» сияқты 14 драмалық пьесаны, «Алтыншаш», «Фигароның үйленуі» операларына арналған 4 либреттоны, 33 романсты аударады.
Қасым Тоғызақов 1948 жылы ұлтшылдық бабымен тағы да қамауға алынып, МҚК ерекше комиссиясының үкімімен Қарағанды облысына, кейін Краснояр өлкесіне жер аударылады. 1954 жылы елге оралады.
Қаламгер 1955 жылдан бастап «Қазақ әдебиеті» газетінде әдеби қызметкер міндетін атқарады. 1956 жылы «Ара» журналына қызметке кіреді. Осы жылы 10 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы соты қаламгерге қатысты қылмыстық істі қайта қарап, НКВД-ның Ерекше кеңесі 1942 жылдың 31 наурызында, 1949 жылдың 2 сәуірінде шығарған үкімнің күшін жойып, ақынды біржола ақтап алады.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды