Қостанай вокзалы қайта ашылды

3 сентября 2026 8:06 • 259 просмотров

Қостанайда ауқымды реконструкциядан кейін теміржол вокзалы қайта ашылды. 50 жылдан астам уақыт бұрын салынған ғимарат толық жаңартылды. Бұл туралы Қостанай облысының әкімдігі хабарлады.

«Қостанай облысы Мемлекет басшысының еліміз бойынша теміржол вокзалдарын ауқымды жаңғырту жөніндегі тапсырмасын толық орындады. Жыл басынан бері облыста Аманқарағай, Құсмұрын, Железорудная, Арқалық және Тобыл станцияларындағы вокзалдар күрделі жөндеуден кейін жұмысын қайта бастады. Ал соңғы кезең ретінде Қостанай қаласындағы басты теміржол вокзалы жаңғыртылды», – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Өңір билігінің мәліметінше, Қостанай теміржол вокзалы қаланың көлік инфрақұрылымындағы негізгі нысандардың бірі болып табылады. Оның тәуліктік орташа жолаушылар ағыны 1,2 мың адамнан 2 мың адамға дейін артқан. Вокзал облыс орталығын өңірдің басқа аудандарымен, сондай-ақ еліміздің солтүстік, орталық, оңтүстік және батыс бағыттарымен байланыстырады.

Қостанайдағы теміржол қатынасының тарихы 100 жылдан астам уақытты қамтиды. Қазіргі үш қабатты вокзал ғимараты 1974 жылы салынған. Арада жарты ғасырдан астам уақыт өткен соң вокзал қауіпсіздік, жайлылық және жолаушылар инфрақұрылымының қолжетімділігіне қойылатын заманауи талаптарды ескере отырып, толық жаңартылды.

Реконструкция барысында ғимараттың жалпы ауданы 7,3 мың шаршы метрден 8,5 мың шаршы метрге жуықтап, 1 100 шаршы метрден астамға ұлғайтылды. Жоба аясында инженерлік жүйелер толық жаңғыртылып, заманауи жолаушылар эскалаторлары мен лифтілер орнатылды.

Қазақстанның көлік вице-министрі Жәнібек Тайжановтың айтуынша, Қостанай облысы республика бойынша аяқталып, пайдалануға берілген теміржол вокзалдарының саны жөнінен үздік үш өңірдің қатарына кірді.

«Сонымен қатар жаңа теміржол желілері салынып, желінің өткізу қабілеті арттырылуда, жолаушылар жылжымалы құрамы жаңартылып, заманауи цифрлық технологиялар енгізілуде. Бұл жобалардың барлығы теміржол көлігін азаматтар үшін бұдан да қауіпсіз, жайлы және қолжетімді етуге бағытталған», – деді Қазақстанның көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов.

Вокзал маңындағы аумақты абаттандыруға да ерекше көңіл бөлінді. Әкімдік мәліметінше, облыстық бюджет қаражаты есебінен вокзал алдындағы алаң жөнделіп, абаттандырылды. Жұмыстар барысында заманауи құрылыс материалдары, технологиялар мен жабдықтар пайдаланылды. Олардың едәуір бөлігі Қазақстанда өндірілген.

Жобаны іске асыру Қостанай облысы әкімдігі мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның, сондай-ақ жобалаушылардың, құрылысшылардың және техникалық мамандардың бірлескен жұмысының нәтижесі болды.

Облыс әкімдігінде атап өткендей, вокзал мен оған іргелес аумақты қамтитын жаңартылған кешен Қостанай қаласының маңызды көлік тораптарының бірі ретіндегі қызметін жалғастырып, жолаушыларға барынша жайлы, қауіпсіз әрі қолжетімді қызмет көрсету жағдайларын қамтамасыз етеді.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды