Ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр

17 сентября 2026 8:58 • 226 просмотров

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Лисаковқа барған жұмыс сапарында қалада жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың барысымен танысты. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасына қатысушылармен кездесті.

Лисаков қаласында Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібін дамытуға жаңа серпін беру жөнінде міндеттері жүйелі түрде жүзеге асып жатыр. Бұл жобаларды өңір әкімі Құмар Ақсақалов тексеріп келді.

Осы тұрғыда Лисаков қаласының Октябрь кентінде полимерлі пленка өндіретін зауыттың инвестициялық жобасы іске асырылып жатыр. 20 жаңа жұмыс орны құрылады. Инвестиция тарту арқылы бос тұрған коммуналдық нысандардың жаңа тынысы ашылуда.

Сондай-ақ, қалада металлургиялық зауытты қайта жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Кәсіпорында титан шлагы, рутил және циркон концентраттары өндірілетін болады.

Ел Президентінің үш жыл ішінде агроөнеркәсіптік кешендегі қайта өңделген өнімнің үлесін 70%-ке ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Лисаковта жылына 350 мың тонна шикізатты қайта өңдеу қуаттылығы бар май экстракциялау зауытының құрылысы жүргізілуде. Инвестиция көлемі 39,1 млрд теңге. 200 жұмыс орны құрылады.

Бұдан бөлек, облыс әкімі іске қосылған минералды ұнтақ өндіру кәсіп орнында болды. Бұған дейін аймақтың жол ұйымдары асфальт-бетон қоспасының маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын минералды ұнтақты еліміздің басқа өңірлерінен тасымалдауға мәжбүр болатын.

«Осы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша Лисаковта негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің бірқатарында оң динамика қалыптасқан. Қаңтар-шілде айларында қалада 61 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6 пайызға жоғары.

Қала экономикасындағы негізгі кәсіпорындардың бірі – Красный Октябрь боксит кен басқармасы. Оның өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі 70 пайыздан асады. Биыл боксит өндіру көлемінің төмендеуіне жоспарлы жөндеу жұмыстары мен Павлодар алюминий зауытының шикізатқа деген қажеттілігінің азаюы әсер еткен.

Сонымен қатар «Өркен» ЖШС-нің Лисаков филиалында темір рудасы концентратын өндіру көлемі 17,5 пайызға артып, 798 мың тоннаға жетті. Кәсіпорын жыл соңына дейін 1,35 миллион тоннаға жуық концентрат өндіруді жоспарлап отыр.

Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру аясында биыл Лисаков қаласында 1700 ағаш отырғызылды, 300 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Волонтерлердің қатысуымен өткен экологиялық акция барысында 76 мың шаршы метр жағалау аумағы тазартылды. Абаттандыру, инфрақұрылым, сәулеттік келбет, жарықтандыру, жол жөндеу мен төсеу жұмыстары тиісті деңгейде атқарылуда. Қазіргі таңда жағалау аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аймақ басшысы қала халқымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баяндады. Тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

Лисаков қаласында биыл тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған бірқатар ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр. Қала инфрақұрылымын жаңғырту, аулаларды абаттандыру, балалар және спорт алаңдарын салу, көшелерді жарықтандыру мен жолдарды жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджетпен қатар, ERG компаниясы мен кәсіпкерлер де қолдау көрсетуде.

Лисаков қаласының әкімі Абай Ибраевтың айтуынша, биыл шаһардың келбетін жақсартуға ерекше көңіл бөлінген.

«Қаланы абаттандыру жұмыстары тек жергілікті бюджет есебінен емес, тұрғындардың бастамалары мен бизнестің белсенді қолдауы арқылы да жүзеге асырылып жатыр. Басты мақсатымыз – лисаковтықтарға жайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыру», – деді Абай Ибраев.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды