Мемлекеттік бағдарламалар бақылауда

17 сентября 2026 8:48 • 212 просмотров

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Әулиекөл ауданына барған жұмыс сапарында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында және әлеуметтік салада атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов аудан халқымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баяндады. Тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

Әулиекөл ауданында 2026 жылдың алғашқы жеті айында экономиканың негізгі салаларында оң динамика қалыптасты. Әсіресе өнеркәсіп, инвестиция және ауыл шаруашылығы бағыттарында нақты нәтижелер бар. Аудан экономикасының негізгі тірегі болып отырған аграрлық сектормен қатар, өнеркәсіп өндірісінің көлемі де артып келеді.

2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Әулиекөл ауданында өнеркәсіп өнімінің көлемі 6 млрд 43,6 млн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 4 млрд 832,3 млн теңгемен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі 125,4 пайызға жетті.

Аудан экономикасында ауыл шаруашылығы ерекше орын алады. Ресми мәлімет бойынша, экономиканың жалпы құрылымында ауыл шаруашылығының үлесі 90,6 пайыз, ал өнеркәсіптің үлесі 9,4 пайыз болып отыр. Бұл Әулиекөл үшін аграрлық өндірістің стратегиялық маңызын айқын көрсетеді.

Ауданның экономикалық белсенділігін көрсететін негізгі индикаторлардың бірі – инвестиция. 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында Әулиекөл ауданына негізгі капиталға 5 млрд 8 млн теңге инвестиция бағытталды.

Инвестиция көлемінің артуы өндірістік нысандарды жаңғыртуға, ауыл шаруашылығы техникасы мен инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлік белсенділіктің өсуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына әсер етеді.

Тұрғын үй құрылысы саласында да жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылдың алғашқы жеті айында ауданда 2 374 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Әулиекөл ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын іске асыру аясында абаттандыру, скверлерді көркейту, субұрқақтарды жөндеу, жаяу жүргіншілер жолдарын салу және шағын сәулет нысандарын орнату жұмыстары тиісті деңгейде қолға алынған.

Жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің көмегімен 38 апатты және тозығы жеткен үй сүрілді. 4 мыңнан астам көшет, 26 мыңнан астам гүл отырғызылды. Сенбіліктерге 7 мыңнан астам адам қатысты. 31 рұқсат етілмеген қоқыс алаңы жойылып, 3 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.

Кәсіпкерлікті дамыту шаралары аясында сауда және қызмет көрсету саласында жеке кәсіпкер «Литуновский В.А.» Әулиекөлдегі бос ғимаратты балалар ойын-сауық орталығы етіп салып жатыр. Жоба құны – 200 млн теңге. 20 адам жұмыспен қамтылады.

Ауданда биыл 2,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Әулиекөл ауылында ұзақ жылдар бойы бос тұрған бұрынғы оқу корпусы әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған 31 пәтерлі тұрғын үй ретінде қайта жаңғыртылуда. Осы санаттағы азаматтарға арналып тағы екі пәтерлі 6 тұрғын үй салынып жатыр.

Биыл аудандағы егіс алқабының көлемі 253,4 мың га құрады. 200 мың га егістік орылып, 208,3 мың тонна астық бастырылды. Ауыл шаруашылығы саласына 2,3 млрд теңгеге 42 техника сатып алынды.

Әулиекөл ауданының 2026 жылғы көрсеткіштері экономиканың бірқатар бағытында өсім бар екенін көрсетеді. Дегенмен аудан үшін алдағы кезеңдегі негізгі міндеттердің бірі – экономиканы әртараптандыру. Ауыл шаруашылығымен қатар өңдеу өнеркәсібін, шағын және орта бизнесті, инвестициялық жобаларды дамыту маңызды.

Аудан экономикасының тұрақты өсуі жаңа өндірістердің ашылуына, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге, инфрақұрылымның жаңаруына және жұмыспен қамтудың артуына жол ашады.

Жалпы алғанда, 2026 жылдың алғашқы жеті айындағы көрсеткіштер Әулиекөл ауданында экономикалық белсенділіктің сақталғанын аңғартады. Өнеркәсіп өндірісінің өсуі, инвестицияның тартылуы, ауыл шаруашылығындағы мал басының артуы және бюджет кірістерінің орындалуы ауданның экономикалық әлеуетін одан әрі дамытуға негіз болып отыр.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды