_17_сентября_2026-web-resources/image/IMG_9780.jpg)
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Денисов ауданына барған жұмыс сапарында ауыл шаруашылығы, тұрғын үй, денсаулық сақтау салаларындағы және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Аймақ басшысы аудан халқымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баяндады. Тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
Денисов ауданында биыл дәнді және бұршақты дақылдардың егіс алқабы 233 мың гектарға жетті. Күзгі орақ науқанында 178,1 мың га немесе 76,2% өнім жиналды. Майлы дақылдар алқабы 46%-ке артты. 2023 жылмен салыстырғанда мал азығы дақылдары 8 мың га ұлғайып, 3 есеге, картоп пен көкөніс 436 га жетіп, 2,7 есеге өсті.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, агроөнеркәсіптік кешенге цифрландыру мен жасанды интеллект технологиялары енгізілуде. «Eurasia Farm Innovations› ЖШС 11 мың га аумақта смарт-егіншілік, топырақты жедел талдау және тыңайтқыштарды саралап енгізу технологияларын қолдануда. Жұмысшыларға жағдай жасау үшін жалпы құны 150 млн теңге болатын 7 заманауи капсулалық үй салынды.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов егістік басында заманауи комбайнды тізгіндеп, жаңа технологиялардың мүмкіндігін өз көзімен көріп қайтты.
— Мен ауыл шаруашылығының инженер-механигі маманымын. Жас кезімде студенттік құрылыс отрядымен егістікке келіп, СК-5 «Нива» комбайнының тізгінінде отырып, астық жинау науқанына қатыстым. Кейін екі кеңшарда бас инженер болып жұмыс істеген кезімде де «Енисей» комбайндарының құрылымын, олардың техникалық мүмкіндіктерін жақсы білетінмін. Заманауи John Deere комбайнының артықшылықтарын көптен бері білгім келіп жүретін. Бұған дейін оны тізгіндеудің реті келмеді. Денисов ауданына жұмыс сапарымен барғанымда, осындай мүмкіндік туды. Комбайнға отырдым, жүргіздім, зерделеп көрдім. Бұған дейінгі техникалармен салыстырғанда артықшылықтары бірден байқалады. Тіпті, қазір комбайншы оператор деп аталатын болды. Өйткені олардың жұмысы едәуір жеңілдеген. Барлығы дерлік автоматтандырылған. Бұған өзім көз жеткіздім.
Ауыл шаруашылығы саласының болашағы осындай цифрлық технологиялармен жабдықталған заманауи комбайндар мен тракторларға да байланысты. Сондықтан осы жаңа технологиялар мен бағдарламалардың барлығын үйреніп, меңгеріп алуымыз керек, – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Ауданда соңғы 3 жылда 4,7 мың шаршы метр 70 пәтер – 5 көпқабатты және 1 екі пәтерлі тұрғын үй салынып, қайта жөнделді. Биыл 27 пәтер сатып алу жоспарлануда.
Аудан орталығындағы 667,5 шаршы метрлік 21 пәтерден тұратын тұрғын үй кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтарға беріледі.
Перелески ауылында ашылған жаңа дәрігерлік амбулатория заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. 2,4 мың тұрғын аудан мен қалаларға бармай-ақ, медициналық көмек ала алады.
Денисов ауданының әкімі Руслан Қатпаевтың айтуынша, есепті кезеңде аудан экономикасында тұрақты өсім сақталды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 4 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 106,3%-ға жетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 3,7 млрд теңгені құрады, оның басым бөлігі жеке инвестициялар.
— Биыл аудан бойынша 233 мың гектардан астам алқапқа дәнді және бұршақ тұқымдас дақылдар егілді. Мал шаруашылығында да оң көрсеткіштер тіркеліп, сүт өндірісі 24,4%-ға артты. Өнеркәсіп саласында минералды ұнтақ өндіретін жаңа кәсіпорын іске қосылып, асфальт-бетон зауытының құрылысы аяқталу сатысына жетті. Сонымен қатар суармалы егіншілікті дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары аясында тұрғын үй құрылысы, жолдарды жөндеу, байланыс және интернет сапасын жақсарту, газдандыру жобалары кезең-кезеңімен іске асуда. Бүгінде аудан халқының 92 пайызы табиғи газбен қамтылған. Әлеуметтік салада білім беру мен денсаулық сақтау нысандары жаңартылып, жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Жұмыспен қамту шаралары нәтижесінде жүздеген тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты, – дейді Денисов ауданының әкімі Руслан Катпаев.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аудан тұрғындарының қатысуымен мыңдаған көшет отырғызылып, саябақтар абаттандырылып, заңсыз қоқыс орындары жойылды.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында 2,1 мыңнан астам көшет пен ағаш отырғызылды, 25 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды, 43 саябақ пен сквер абаттандырылды. 800 мың шаршы метр аумақ тазартылды, 26 ескі ғимарат сүріліп, 32 заңсыз қоқыс орны жойылды.
Руслан Қатпаевтың айтуынша, екінші жартыжылдықта өнеркәсіп өндірісін ұлғайту, егін жинау науқанын сапалы өткізу, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын уақытылы аяқтау негізгі басымдықтардың қатарында болады.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды