Әділетті қоғамға – шыншыл сөз

24 сентября 2026 8:59 • 188 просмотров

Қостанайда Мемлекет басшысының «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабы жөнінде пікір алмасу отырысы өтті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабы арқау болған дөңгелек үстел өтті. Басқосуға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, қоғамдық пікір көшбасшылары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, қоғамдық ұйымдар және жастар қатысты. Сонымен қатар Алматыдан келген қаламгерлер – белгілі жазушы Нұрғали Ораз, «Мұқағали» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов және ақын Кәдірбек Құныпияұлы да жиынға қатысты. Сараптамалық кездесуді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов жүргізді. Жиынды ашқан ол Мемлекет басшысының еңбегіне тоқталып, кітапта ел дамуының маңызды бағыттары мен қоғам алдында тұрған өзекті мәселелер кеңінен қамтылғанын атап өтті.

Бақытжан Нарымбетовтің айтуынша, Президенттің ішкі және сыртқы саясаттағы мол тәжірибесі еңбекте көрініс тауып, онда мемлекеттік басқару, қоғамдық даму және реформаларды жүзеге асыруға қатысты маңызды ой-тұжырымдар берілген.

«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» – мемлекет пен қоғам, билік пен азамат арасындағы қарым-қатынас, әр адамның елдің бүгіні мен болашағы алдындағы жауапкершілігі туралы ой қозғайтын еңбек. Сондықтан бүгінгі талқылау кітаптың мазмұнына үңіліп қана қоймай, қазіргі қоғамымыздың даму деңгейін бағамдап, Қазақстанды болашақта қандай ел ретінде көргіміз келетіні туралы ой бөлісуге мүмкіндік береді. Кітапта қамтылған рухани құндылықтар мен ел дамуына қатысты ойлар қоғам үшін маңызды танымдық әрі рухани құрал бола алады», – деді Бақытжан Нарымбетов.

Бұдан кейін кітаптың мазмұны мен маңызы жөнінде Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев сөз алды.

— Кітапта Мемлекет басшысының әр жылдардағы ой-тұжырымдары, ел дамуының сан алуан бағыттарына қатысты пікірлері жинақталған. Онда тәуелсіздік, ұлттық мүдде, еңбекқорлық, білім мен ғылым, мәдениет пен өнер, жастар тәрбиесі, заң мен тәртіп, тарихи сана және қоғамның рухани жаңғыруы секілді маңызды тақырыптар қамтылған. Мемлекеттілікті нығайту, тәуелсіздікті сақтау, халықтың әл-ауқатын арттыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, әділетті қоғам қалыптастыру, ұлттық бірлікті сақтау – бүгінгі күннің маңызды міндеттері. Ең бастысы, ел жаңа тарихи кезеңге бейімделе отырып, өзінің ұлттық болмысын жоғалтпауы керек», – деді Мәлік Отарбаев.

Іс-шара соңында «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабының даналары Қостанай облысының белсенді әрі талантты жастарына табысталды.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды