Қостанай облысында республикалық маңызы бар KZ10–04 «Рудный қаласының батыс айналма жолы» автомобиль жолының 0–6,9 шақырым аралығындағы учаскесіне жүргізілген орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Жөнделген жолдың жалпы ұзындығы – 6,225 шақырым. Жұмыстарды «ВАН» ЖШС мердігер ұйымы атқарды.
18 қыркүйекте аталған жол учаскесін пайдалануға беру шарасы өтті. Қабылдау комиссиясының құрамында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қостанай облыстық филиалының, жергілікті атқарушы органдардың, «ҚАЖ сервис» ЖШС Қостанай облыстық филиалының, Сапа орталығының, «Tender Consulting Company» ЖШС техникалық қадағалау қызметінің және мердігер ұйымның өкілдері болды.
Аталған жол учаскесі Рудный қаласының аумағы арқылы өтеді. Ол қаланы айналып өтетін маңызды көлік дәлізі ретінде батыс бағыттағы транзиттік және жергілікті көлік қозғалысын қамтамасыз етеді.
Бұл учаскеде соңғы рет жөндеу жұмыстары 1980 жылы жүргізілген. Ал жолдың өзі 1960 жылы салынған. Содан бері жекелеген шұңқырларды жамау жұмыстары жүргізілгенімен, жол жабыны айтарлықтай тозып, қанағаттанарлықсыз жағдайға түскен. Кей жерлерде асфальт-бетон жабыны бұзылып, шұңқырлар, жарықтар мен ойықтар пайда болған. Сонымен қатар жолдың кейбір бөліктерінде асфальт-бетон жабынының болмауы және көлік доңғалағынан пайда болған ойықтар байқалған.
Орташа жөндеу аясында бірқатар кешенді жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, қолданыстағы асфальт-бетон жабыны фрезерленіп, жаңа материал қосу арқылы ресайклинг жұмыстары жүргізілді. Жолдың төменгі қабатына қалыңдығы 6 сантиметр, ал жоғарғы қабатына 5 сантиметр болатын асфальт-бетон төселді. Сондай-ақ жол жиектері нығайтылып, ұзындығы 6,2 шақырым болатын жол таңбалары жаңартылды. Бұдан бөлек, 110 дана жаңа жол белгісі мен 54 дана сигналдық бағана орнатылды. Жалпы, жоба құны – 971 млн теңге.
«Бұл жолдың жағдайы өте күрделі еді. Соның салдарынан жүк көліктері кейбір учаскелерде қалаға кіріп, жергілікті тұрғындарға қолайсыздық туғызатын. Жол жабынын қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесінде бүгінде барлық жүк көлігі Рудный қаласын айналып өтетін жолмен қатынай алады», – деді Дархан Иманашев.
Қостанай облысы транзиттік әрі шекара маңындағы өңір болғандықтан, ерекше бақылауда тұр. Сондықтан жол инфрақұрылымын дамыту, жол жабынын жаңарту және автомобиль өткізу пункттерін жетілдіру бағытындағы барлық қажетті шаралар осы өңірге басымдықпен бағытталып отыр.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды