Қостанайда жаңа веложол салынады

24 сентября 2026 8:58 • 193 просмотров

Жалпы ұзындығы 38 шақырым болатын веложолдың жаңа жобасын қала әкімі Марат Жүндібаев бүгінгі аппарат кеңесінде таныстырды. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шаһар басшысының айтуынша, оның бағыты қаланың әр бөлігін қамтып, негізгі қоғамдық орындардың арасын байланыстырады. Мақсат – велосипедпен жүруге қауіпсіз және қолайлы жағдай жасау. Бастама «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында жүзеге аспақ.

Бүгінде жоба сараптамадан өткен. Болашақ веложол Қонай шағын ауданынан басталып, Ұлы дала және ҚӨУ саябағынан өтеді. Әрі қарай Абай даңғылы арқылы Триатлон паркке шығады. Қаланың орталығымен жылжып, Юбилейный және Әуежай шағын ауданына барады. Болашақта осы сызба бойынша қаланың барлық жерін веложолдар қамтымақ. Жоба бойынша веложол екі жолақты, ені бір жарым метр болып салынады. Асфальтбетон жабындысымен қапталады. Барлығы 554 жол белгі, 28 қоқыс жәшігі 14 орындық қойылады. Сондай-ақ жеті тұрағы жасақталмақ.

«10 қыркүйекте жоба мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Қазір жобаны қаржыландыру көзі анықталуда. Республикалық бюджет есебінен салынады деп үміттенеміз. Егер олай болмаса қалалық бюджет есебінен бастаймыз. Қаржыландыру көзі анықталған соң құрылысына кірісеміз. Келер жылы жобаның көпшілік бөлігін атқаруға тырысамыз», – деді қала әкімі Марат Қонысбаев.

Қостанай қаласында соңғы бес жылда көлік саны 30 пайызға көбейген. Орташа есеппен әр үйде 2,3 көліктен бар деген сөз. Сондықтан қазір қаланың қай бұрышына барсаңыз да тұрақ мәселесі күйіп тұр. Халық саны да артуда.

Қазіргі күні қаланың әр аймағында жалпы ұзындығы 7,5 шақырымды құрайтын велосипед жолы бар. Олар Қонайда, ҚӨУ саябағының аумағында, Триатлон паркінде, Юбилейный шағын ауданында, Қостанай-2 және Әуежай шағын аудандары жолының жиегінде орналасқан.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды