Құрылыс – экономиканың қозғаушы күші деп бекер айтылмайды. Саладағы жұмыстардың көлемі ұлғайған сайын экономикалық белсенділік артып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға оң ықпал етеді.
Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов Қостанайдағы «Астана», «Қонай», «Береке» шағын аудандарын аралап, құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Мемлекет басшысы «Қолжетімді баспана – бұл арман емес, біздің азаматтарымыздың алдындағы міндетіміз» деп атап өтті.
«Жыл сайын аймағымызда құрылыс жұмыстарының қарқыны өскені байқалады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, биылғы 7 айдағы өсім – 22%. Өңірде баспанамен қамту оң жолға қойылған. Соңғы 3 жылда облыста шамамен 1,8 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. 20 мыңнан астам отбасы өз жағдайын жақсартты. Биылғы жоспарымыз – 520 мың шаршы метр немесе 7 мың пәтер», – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Соңғы он жылдық төңірегінде Тобыл жағасында құрылыс қызғаны рас. Нәтижесінде Әуежай, Юбилейный, Жаңа қала, Береке, Қонай мөлтек аудандары қалыптасты. Көршілес Тобыл қаласы да қалысар емес. Бәйтерек, Астана деп аталатын жаңа шағын аудандардың негізін қалады. Бүгінде өңір тұрғындары аталған аумақтардың бірінен үй алып, қоныстануда.
Соңғы бес жылда Қостанай қаласы халқының саны 20 мыңнан астам адамға артып, 280 мыңға жақындады. 2026 жылы облыс орталығында 337 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланған.
Баспана қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де салынып жатыр. 3 жыл ішінде ауылдарда 246,5 мың шаршы метр болатын 1,2 мың үй пайдалануға берілді.
Соңғы 3 жылда облыста 1,7 мың әлеуметтік пәтер сатып алынды. Биыл 1218 пәтер сатып алынып, оның 634-і ауылдық жерлердегі әлеуметтік осал топтағы азаматтарға беріледі.
«Қонайда сегіз көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақындады. Бұл дегеніңіз 420 пәтер. 15-қазанға дейін жеті үйдің және қараша айына дейін тағы бір үйдің құрылысын бітіреміз. Сонымен қатар он көпқабатты үйдің айналасы абаттандырылып жатыр. Жер үйлер салу жұмысы да жалғасуда», – деп түсіндірді қала әкімі.
Бүгінде Қонай тұрғын алабы мен Береке шағын ауданында баспана құрылысымен қатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асуда. Жолдар салынып, жарықтандыру жүйелері орнатылуда. Аулалар абаттандырылып, балаларға ойын алаңдары мен ересектер үшін спорт алаңқайлары жасақталуда.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды